ЖАСТАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Ата Заңымызда отбасы мен неке сияқты қастерлі ұғымдарды күшейту керек деп санаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Конституциялық комиссия отырыстарында құқықтық нормалардан бөлек, ел болашағына, оның ішінде отбасы құндылықтарын сақтау, ер мен әйелдің жауапкершілігіне қатысты ұтымды ұсыныстар айтылып жатыр. Бұл ретте Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың ұсынысы қолдауға тұрарлық.

Депутаттың пікірінше, Ата Заңда отбасын құру, ер мен әйелдің жауапкершілігін күшейту қағидалары арнайы баптармен бекітілуі тиіс.

-Ел боламыз десек, ең әуелі ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық сана мен рухани негізге айрықша мән беруіміз керек. Осы ретте, Ата Заңымызда отбасы мен неке сияқты қастерлі ұғымдарды күшейту керек деп санаймыз. Оған жауапты ер мен әйелдің рөлін, олардың жауапкершілігін, ара-қатынасын нақты шегелейтін уақыт келді. Көптеген елдердің Конституцияларында отбасы, ер мен әйелдің арасындағы неке ұғымдары нақты айқындалған. Кей елдерде отбасы құндылығы қоғамның іргетасы ретінде қарастырылады, – деді Елнұр Сабыржанұлы.

Сөз жоқ, отбасы жауапкершілігіне атүсті қарайтын жастарымыз көбейіп бара жатқан бүгінгідей кезеңде депутаттың бұл ұсынысын өте орынды дер едім. Осындай нормаларды енгізу арқылы біз адамға құрметімізді артырып, ата-бабаларымыздың ұмыт бола бастаған ең озық дәстүрлерін қайта жаңғырта аламыз.

Маруа ҚАЙЫРЖАНОВА,

Созақ аудандық әжелер алқасының төрайымы,

«Парасат» орденінің иегері.          

Пікір қалдырыңыз