ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ АРТТЫРАДЫ

Президент меңзегендей, жүргізуші жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, қолға алынған шаралардың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді.

        Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетіне берген сұхбатын өте ыждағаттылықпен оқып шықтым. Президент бұл жолғы берген сұхбатында алдағы жылдардың бағыт-бағдары, қолға алынған реформалардың тиімділігі жайлы сөз қозғап, қоғамды алаңдатып отырған өзекті проблемалардың шешілу жолдарына айрықша назар аударыпты. Соның ішінде көкейіме қонғаны, жол-көлік оқиғаларының көбейіп бара жатқандығына алаңдаушылығы. Бұл мәселе мені де көптен бері мазалап жүрген-тін.

Президент айтқандай, қара жолдағы қайғылы жағдайлардың жиі орын алуына автокөліктердің көбеюі басты себептің бірі болып отыр. Мәселен, еліміздегі көлік саны былтыр 300 мыңға, соңғы бес жылда 1,7 миллионға көбейіпті. Оның үстіне, ел аумағынан 3 миллионнан аса транзиттік көлік өтеді екен. Мұның барлығы жол-көлік оқиғаларына әсер ететіні анық.

Дегенмен, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің жауапкершілігіне байланысты. Президент меңзегендей, жүргізуші жол ережесін сақтауға немқұрайлы қараса, қолға алынған шаралардың ешқайсысы тиісті нәтиже бермейді.

-Түптеп келгенде, жүргізушілер қарапайым, бірақ, өте маңызды талаптарды сақтамағандықтан, жан түршігерлік апаттар болып жатады. Бұл жағдай көлік жүргізушілерінің жол ережесін білмеуінің немесе оны біле тұра елемеуінің кесірінен орын алады. Дәл осындай жауапсыз жүргізушілер адам өліміне әкеп соқтыратын апаттарға себепкер болады. Әр адам полиция қызметкеріне ұсталып қалудан қорыққандықтан емес, өзінің және басқа адамдардың қауіпсіздігін ойлағандықтан жол ережесін сақтауға тиіс, - деген Мемлекет басшының бұл тұрғыдағы сөзімен келіспеске амалымыз жоқ.

Әрине, Президент мұны шешудің жолы ретінде жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажеттігін алға тартып отыр. Меніңше, бастама өте орынды. Салаға цифрландыру жүйесін тиімді енгізе білсек, көп өтпей нәтижесін көрер едік. 

Аманбек МҰСАБЕКОВ,

Созақ ауданының құрметті азаматы.

Пікір қалдырыңыз