Әділ қоғам құру – бүкіл әлеуметтің міндеті

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «әділдік жолы – ең қиын жол» екенін ұмытпауымыз керек. Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді. Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құруымыз керек. Сол үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе» деген болатын.
«Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы» қабылданғаны белгілі. Төлеби ауданында осы бағыттағы нақты шаралар қолға алынып, жұмыс күшейтілді.
Менің негізгі ұстанымым — ашықтық пен қоғамдық бақылау. Азаматтар үшін ашықтық қағидасын ұстануды аудан әкімдігінен үнемі талап етіп отырамын. Сондықтан қоғамдық кеңестерде және тұрғындармен кездесу барысында халықтың ұсыныстарын тыңдап, оларды қандай да бір шешім қабылдау кезінде ескеріп отырамын. Бүгінде аудан әкімдігі осындай талаппен жұмыс істеп келеді.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссия жүйелі жұмыс істейді. Комиссия отырысы тоқсан сайын өткізіліп, жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша тиісті шешімдер қабылданып, нақты тапсырмалар беріліп келеді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған құқықтық оқу жоспары бекітіліп, соған сәйкес аппарат қызметкерлері арасында жыл басынан бүгінгі күнге дейін 4 рет құқықтық оқыту сабағы өткізіліп, хаттамалары түзілді.
Әр аптаның сейсенбісінде тұрғындарды жеке қабылдаймын. Қаңтар-мамыр айларында 30 жеке қабылдау өткізіліп, 161 тұрғын 223 мәселе көтерді. Қазіргі таңға 16 мәселе шешімін тапса, 151-і бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Қалған 56 мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Аудан бойынша I тоқсанда 5 915 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес 4 мемлекеттік ішкі бақылау жүргізіліп, нәтижесінде 10 ұсыным беріліп, оның барлығы орындалды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және халыққа насихаттау мақсатында ресми сайтта, әлеуметтік желілерде ақпараттар жарияланып, тікелей эфирде «цифрлық форматтағы ашық есік күні» жүргізіліп, қоғамдық бақылау, қоғамдық қабылдау өткізілді, тұрғындарға брошюра таратылып, түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
«Ашық әкімдік» жобасы аясында аудан әкімдігі ғимаратында халықтық кеңсе (фронт-офис), азаматтарды қабылдау орталығы жұмыс істейді.
Халықтық кеңседе аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары азаматтарға өз салалары бойынша қызмет көрсетіп, кеңестер береді. Сондай-ақ, халықтық кеңседегі «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында» кез келген азамат кедергісіз ақпарат ала алады.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудағы маңызды шараның бірі. Азаматтар электронды порталдар арқылы мемлекеттік органдармен тікелей байланысқа түспей-ақ, қажетті мәселелерін шеше алады. Электронды формат тұрғындар үшін ыңғайлы және әкімдікпен тұрақты кері байланыста болады. Бұл – бюрократиялық кедергілерді мүмкіндігінше азайтады, сонымен қатар, парақорлықтың алдын алудың тиімді жолы.
Сыбайлас жемқорлық жағдайлары жиі орын алатын саланың бірі – жер қатынастары саласы. Себебі бұл салада жер телімдерін беру, рәсімдеу және пайдалану процестерінде ашықтықтың жетіспеуі мен бақылаудың әлсіздігі заңсыз шешімдер қабылдауға және жеке мүдделерді көздеуге мүмкіндік тудырады. Осыған орай, 2024 жылы аудан аумағында орналасқан 113 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде Біркөлік елді мекені мен «Ақмешіт» шатқалындағы 85 демалыс орнының (нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмай жатқан демалыс орындары – 44, нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмай және су қорғау белдеуінде орналасқан демалыс орындары – 27, нысаналы мақсаты демалыс орындары ретінде заңдастырылған, алайда, су қорғау белдеуінде орналасқандар – 14) жер телімдерін Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, пайдаланып жатқандары анықталды.
Аталған демалыс орындарының жер телімдерін заңнама талаптарына сәйкестендіру және жер иелеріне тиісті шаралар көру мақсатында Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне ұсыныс хат жолданып, департамент тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілетіндігі туралы 15 жер пайдаланушыға хабарлама табысталды,
4 демалыс аймағының иесіне 461,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Ленгер жаршысы», «Төлеби туы», «Төлеби таңы» газеттерінде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамыздың міндетіміз!», «Сыбайлас жемқорлық – бұл қоғам дерті», «Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» және т.б. тақырыптарда жыл басынан бері 30 мақала, әлеуметтік желілерде (фейсбук) 12 пост жарияланды.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» акциясы аясында жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу, оның алдын алу бойынша 500-ден астам брошюра, 200 дана ақпараттық парақшалар таратылып, адам көп шоғырланатын орындарда жарнама тақтайшалары ілінді.
Леңгір қаласы және Қаратөбе, Кемеқалған, Зертас, Алатау, Жоғарғы Ақсу ауылдық округтерінің орталық көшелерінде орналасқан сыртқы жарнама құралдарына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» деген тақырыпта 14 баннер орналастырылып, «Өкініш» және «Пара» тақырыптарында 2 бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерде жарияланды.
Ауданда сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның тәуекелдерін азайту бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында мемлекет тарапынан барлық қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданып жатыр. Ендігі жерде барлық азаматтар, мемлекеттік қызметшілер, жастар адалдық пен заңдылық қағидаттарын ұстанып, әділ қоғам құруға өз үлестерін қосуы тиіс.
Еркеғали ӘЛІМҚҰЛОВ,
Төлеби ауданының әкімі.