Әкеге құрмет – ұрпаққа міндет

Әтіргүл ТӘШІМ, «Оңтүстік Қазақстан».
Өткен аптада Түркістан қаласында облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа мәжілісі өтті. «Достық» үйіндегі маңызды басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының өкілдері, аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің, әкелер мектебінің және аудандық әжелер алқасының мүшелері мен жастар қатысты.
Алқа мәжілісін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов ашты:
– Өмірден алынған бір тәмсілді баяндап берейін. Бір көп балалы қазақ әйелі ерінен аяқ астынан айрылыпты. Сол әйел «балаларымды қайтіп асыраймын деп емес, бұларды әкесіз қалай тәрбиелеймін?» деп қамығыпты. Дана әйел оның да ұтымды жолын тауыпты. Ол марқұм күйеуінің кәстөмін төрге іліп қойып, бар тапқан ақшасын соның қалтасына салыпты. Балалар күнделікті қажеттіліктеріне ақша сұраса, «әкелеріңнен сұраңдар» деп төргі бөлмеге нұсқайды екен. Осылай әлгі ақылды әйел өмірден өтіп кеткен әкелерінің отбасыдағы орнын, қадір-қасиетін перзенттерінің бойына сіңіре біліпті. Есейгенде әлгі әйелдің балалары отбасы құндылықтарын бағалай білетін, тәрбиелі азаматтар болып қалыптасыпты, – деді Ж.Мәуленқұлов. Иә, расында әрбіріміздің аналарымыз бізді «әкең келе жатыр, әкеңе айтамын, әкеңнен сұран» деп тәрбиелеп келді. Ерін пірім деп әуелі өзі сыйлай білген олар отбасыда әкенің абыройын асырып, шаңырақта тәртіп, береке-бірлікті қалыптастыра білді. Ал, бүгінгі қазақ қоғамында, отбасыда әкенің орны, беделі қандай? Бұл басқосуда «Ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл болар, құлша тәрбиелесең – құл болар» деп дана бабаларымыз айтқандай, ұрпақ тәрбиесінде әкенің, әкелер мектебінің мән-маңызы сараланбақ, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев облыстық ардагерлер кеңесі ауқымды жұмыстар атқарып жатқанын айтып, бұл бастамалардың ел бірлігін нығайтудағы рөліне тоқталды.
– Облысымызда елге үлгі болар абзал әкелер, өнегелі азаматтар аз емес. Сіздер өздеріңіздің өмірлік тәжірибелеріңізбен, парасаттылықтарыңызбен, ерен еңбектеріңізбен өңіріміздің дамуына зор үлес қосып келесіздер. Осы орайда, облыстық ардагерлер кеңесінің қоғам өміріндегі белсенді рөлі мен жастарға берген тәлім-тәрбиесі үшін зор алғыс білдіреміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұрпақ тәрбиесін ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе деп атап өткен болатын. Осы бағытта біз бірлесе еңбек етуіміз керек. Әсіресе, жас ұрпақтың бойында патриотизмді, еңбекқорлықты, отбасылық жауапкершілікті қалыптастыруда әкелер институтының маңызы ерекше, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Әкелер күніне орай өткен мәжілісте жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, отбасылық құндылықтарды сақтау және дамыту бағыттары талқыланды. Аталған жиын отбасыдағы әкенің рөлін нығайту, олардың қоғамдағы, отбасыдағы рөлін тану және қолдау арқылы жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Алқа мәжілісінде облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің басшысы Қайрат Анарбаев, осы университеттің педагогика кафедрасының меңгерушісі, ғалым Әсия Оразова, аға оқытушы Гүлсара Махмұтова отбасы құндылығы, әкелер институтының мән-маңызы тақырыбында баяндамалар жасады.
Жиын барысында отаншыл, тәрбиелі, білімді ұрпақ тәрбиелеу бағытында келелі ойлар, ұсыныстар, пікірлер айтылды. Ел ағалары, ардагерлер, ғалымдар сөз алып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, отбасы институтын нығайту мәселелері туралы ойларын ортаға салды. Отбасы тірегі – әкеге деген құрмет – ұрпаққа міндет екені, ананы қадірлеу – парыз екені баяндалды.
Іс-шара соңында отбасы тәрбиесінде, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген белсенді, отаншыл азаматтар облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан арнайы марапатталды. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысындағы 922 жалпы білім беру ұйымдарында «Ата-аналар кеңесі», «Әкелер мектебі» жұмыс істейді.