КӨРШІҢ ЖАҚСЫ БОЛСА – ТЫНЫСЫҢ
Мемлекет басшысы саммит жұмысына белсене атсалысып, аймақтық ынтымақтастыққа үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Орталық Азия елдерінің басшыларына ризашылығын білдірді.
Астанада Қытай
басшысының Қазақстанға жасаған жұмыс сапарына орай «Орталық Азия – Қытай»
саммиті табысты өтті. Мемлекет басшысы саммит жұмысына белсене атсалысып,
аймақтық ынтымақтастыққа үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Орталық Азия
елдерінің басшыларына ризашылығын білдірді.
–Жиынға қатысып
отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ортақ күш-жігерінің
нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген
ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған үлгісі қалыптасты. Осы ретте Си Цзиньпин
басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өткеніміз дұрыс. Сексен
миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір
халықаралық қатынастардың, сондай-ақ, сауда-экономикалық, инвестициялық және
гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын
бірте-бірте нығайтып келеді, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Саммитте ел
Президенті Қытайдан кең көлемде инвестиция тарту жұмыстарының жалғасатынын
тілге тиек етті. Сол арқылы технологиялық кәсіпорындар ашуға ниетті екенін
білдірді. Әсіресе, ауыл шарушылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен су
үнемдеу технологиясын қолдану бағытындағы ынтымақтастықтың өте маңызды екенін алға
тартты.
Айта кетейік, «Орталық
Азия – Қытай» саммитінің алғашқы отырысы 2023 жылдың 19 мамырында Қытайдың
Сиань қаласында өткен еді. Сол жиында Қазақстан басшысы екінші саммитті
Қазақстан өткізуге әзір екенін жеткізген болатын.
Бегімбет БАЙҒАРАЕВ,
облыстық мәслихат депутаты.