ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАЙҚАЛАДЫ

Қазақстанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 5,7%-ға артты.
2025 жылдың
қаңтар-мамырында елімізде 6 021,3 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы
сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Көппәтерлі үйлердің көлемі 7,5%-ға (3
854,7 мың м²), жеке тұрғын үйлер 2,1%-ға өсті (2 126,7 мың м²).
Тұрғын үй
құрылысы, әсіресе, Түркістан облысында (+25,5%), жоғары қарқында жүргізілуде.
Осы ретте айта кетейік, Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, бүгінде
заманауи даму жолына түскен шаһар ретінде де танылып келеді. Облыс
орталығы мәртебесін алғаннан бері қалада тұрғын үй көптеп салынып, көшіп
келушілердің саны жылдан-жылға артып жатыр. Мысалы, 2018 жылы Түркістан қаласы
халқының саны 165 400 болса, 2023 жылы 219 550 болып отыр. Тұрғындар саны өскен
сайын тұрмыстық тіршілікке қатысты көптеген сұрақтың туындауы заңдылық, яғни
өсім бар жерде өзекті мәселелер де болып жатады. Сондықтан аталған мәселелерді
дер кезінде шешу – облыс, қала әкімдерінің басты міндеті.
Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік
нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы
аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын айта кетелік. Оның ішінде 2
мың орынды 3 мектеп
бар.
Былтыр Түркістанда
тұрғын үй кезегі бойынша 190 пәтер кілті тапсырылды. Жергілікті
тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров халықты тұрғын үймен қамтамсыз ету, тұрғын үй
қоры мәселелері, көппәтерлі тұрғын үйлердің жай-күйін, тұрғындарды баспанамен
қамтамасыз ету механизмін жетілдіруді, баспана кезегіндегі заңсыздықтарға жол
бермеуді үнемі назарда ұстайды.
– Басты мақсат – қаржы мүмкіндігіне қарай халықты
тұрғын үймен қамтамасыз ету. Аудан, қала әкімдеріне тұрғындарды баспанамен
қамту бойынша жаңа механизм қарастыруды, өңірлік бағдарлама аясында ұсыныстар
енгізуді тапсырамын. Баспана шын мұқтаж отбасыларға берілу керек. Мемлекет
қаржысын тиімді жұмсау – басты міндет. Сондықтан мониторинг жұмыстарын күшейту
қажет. Тиімсіз жобаларды қаржыландырмай, қаржыны тұрғындар үшін қажетті
жобаларға бағыттаған жөн. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін реттеу, жөндеу
жұмыстарын жүйелеңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық энергетика және тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың
баяндауынша, бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 67 400-ден астам адам
тұр. Одан бөлек, кезекте тұрған азаматтарға түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 17
062 адам үй кезегінен шығарылды.
Өңірде қарқынды жүргізілген
құрылыс жұмыстарының нәтижесінде, 2018-2024 жылдар аралығында үй кезегінде
тұрған 7766 азамат коммуналдық тұрғын үйлермен қамтылды. Одан бөлек, 11 500-ге
жуық азамат ипотекалық тұрғын үй алған. Ал, өткен жылы 1 млн. 153 800 шаршы
метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылды.
Жергілікті әкімдіктер тарапынан
тұрғын үй алуға басқа да мүмкіндіктер қарастырылған. Былтыр тұрғын үй
сертификаттарына жергілікті бюджеттен 40,5 млн. теңге қаржы қаралды. Атап
айтқанда, Түркістан қаласында 20 млн теңге, Отырар және Төлеби аудандарында 5
млн. теңгеден, Сайрам ауданында 7,5 млн. теңге, Сауранда 3 млн. теңге
жергілікті бюджеттен тұрғын үй алуға бөлінген. Бұл сертификат ипотекалық
баспана алу үшін 10 % алғашқы жарнасын мемлекет тарапынан төлеуді көздейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен
тұрғын үйді жалдау ақысының 50 %-ын субсидиялау тетіктері енгізілген.
Белгіленген шарттарға сәйкес, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, жетім балаларға,
мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар мен көпбалалы отбасылар тұрғын үй
субсидиясын ала алады. Бүгінгі таңда субсидия алушылардың саны 2 407 отбасыны
құрайды. Қаржыны мақсатты пайдалану бойынша жүргізілген мониторинг жұмыстарының
нәтижесінде, субсидия алушылардың деңгейі 61 %-ға төмендеді. Бұл жұмыстар
жүйелі түрде жалғасады.
Айта кетейік, биыл жалпы көлемі 1
млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.