Соңғы қоңырау – өмірге алғашқы қадам

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мамыр айының соңы – мыңдаған түлектің жүрегін лүпілдететін ерекше мезгіл. Бұл – бозбалалық пен балалық шақтың шекарасынан аттап, үлкен өмірге қадам басар кезең. «Соңғы қоңырау» – жай ғана дәстүрлі іс-шара емес, жас ұрпақтың болашаққа бет алған салтанатты сәті. Бұл күн – мектеп қабырғасымен қоштасу ғана емес, жас буын үшін үлкен жауапкершіліктің басталар тұсы.

Әр түлек үшін «соңғы қоңырау» – жаңа өмірдің бастауын білдіреді. Осы сәттен бастап олар енді тек ата- анасының ғана үміті емес, тұтас елдің ертеңіне жауапты азаматқа айналады. Өйткені бүгінгі жас түлек – ертеңгі дәрігер, мұғалім, инженер, өнер иесі, еңбек адамы, саясаткер, ел тізгінін ұстайтын азамат. 
«Соңғы қоңырау» әр жас буынның алдына бірнеше маңызды міндет қояды. Ол енді «еңбек адамына» айналады, оған мемлекет болашақ мамандығыңды таңда, қоғамға пайдалы азамат бол дейді. Білім алып, өзін дамытқан түлек қана ел дамуына үлес қоса алады. Демек бұл – тек жеке мақсат емес, ұлттық мұрат.
Соңғы қоңырау – өткенге шолу жасап, болашаққа жол ашатын алтын көпір іспетті. Он бір жыл бойы инемен құдық қазғандай бейнетпен жинаған білім мен ұстаз берген тәлім енді сынаққа түседі. Ал, бұл сынақ – тек ҰБТ ғана емес, өмірдің әр саласында кездесетін шынайы күрестер мен шешімдер. 
Соңғы қоңырау енді түлекке Отаныңды қорғауға дайын бол дейді. Әскери өмірге жолдама береді. 
Бұл күн – ата-ана үшін де ерекше. Олар балаларының көз алдарында есейіп, өз жолын таңдайтын сәтіне куә болады. Ал, ұстаздар үшін бұл – еңбегінің жемісін көрер шақ. Себебі ұстаз шәкіртін биікке шығарып салғанда ғана өз миссиясын толық атқарғандай сезінеді.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қазақ қоғамында қалыптасып қалған бір қате түсінік бар. Көптеген ата-ана баласын жоғары оқу орнына түсіруді ғана басты мақсат көреді. «Оқуға түссе болды, диплом алып, бір мекемеге жұмысқа орналасып кетеді» деген үстірт оймен шектеледі. Ал, ол қандай білім алып жатыр, оның білімі болашақта өмірде қаншалықты қажет болады, осы мәселеге мән берілмейді. Мұндай көзқарас, яғни тек диплом үшін оқу – жастардың білімге деген ынтасын әлсіретіп, шынайы қабілетін ашуға кедергі келтіреді. Көп жағдайда жастар мамандығын сүйіп емес, ата-ананың қалауымен таңдайды. Соның салдарынан жүрегі қаламаған мамандықты оқып, кейін өмірде өз орнын таба алмай қиналады. Бұл – қоғам үшін де, жеке тұлға үшін де үлкен өкініш.
Білім – тек оқу орнының қабырғасында алынатын формалды құжат емес, ол адамның өмір бойғы капиталы. Бүгінгі буын елдің ертеңін жасайды десек, олардың шынайы білім алуына барлық жағдай жасауымыз керек. Бұл – ата-ананың, мектептің, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Білім – тек диплом үшін емес, тұлғаның саналы азамат болып қалыптасуы үшін қажет. Қазіргі заман – терең білімді, жан-жақты дамыған, өз ісінің шебері бола алатын мамандарды талап етеді. Сондықтан ата-ана баласының тек жоғары оқу орнына түсуіне емес, оның қалай білім алып жатқанына, өмірге дайындығына көңіл бөлуі тиіс.
Соңғы қоңырау – қоштасу емес, бұл – бастау. Бұл – жаңа өмірге есік ашу, үлкен үміттер мен армандарға қарай бет бұру. Бұл – әр жас жүректің еліне, туған жеріне қызмет етемін деп серт берер сәті.

Пікір қалдырыңыз