Әже аманатын орындаған ұл

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Ұлы Отан соғысы жылдарында талай боздақ хабар- ошарсыз кетті. Олардың жолын тосып, бір хабарын білгісі келіп, арманда қалған ана мен балада, аяулы жарда есеп жоқ. Кейіпкеріміз Төлеш Жүнісбеков те майданға кетіп, оралмаған туысының дерегін ұзақ іздепті. Сөйтіп, 7 жыл бұрын, 73 жылдан кейін табылған майдангердің дерегін тауып, әже аманатын орындады.
Төлеш Жүнісбеков қазір Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян ауылында тұрады. Ол осы ауданға қарасты Жүзімдік ауылында 1952 жылы 19 мамырда туған. Бүгінде жасы жетпістен асқан Төкеңнің өмірде көргені, көкейге түйгені көп екенін сөзінен айқын аңғарасыз. Ол кісі әңгімесін әріден бастады.
– Әкем Жүнісбек пен анам Гүлзада бұрынғы Төрткүл селолық Кеңесіндегі МТС-те трактор айдапты (Кезінде осы аймақтағы МТС-ке 36 ұжымшар қараған). Екеуі бірін-бірі ұнатып, отау тіккен екен. Ерлі-зайыпты механизаторлар 10 ұл-қыз сүйіпті. Алдымдағы әпкем Ағайша мен ағам Қуан жастай шетінеп кетіпті. 1948 жылы туған әпкем Орынша ҚазМУ-де оқытушы болып қызмет атқарып, 1983 жылы дүниеден озды. Одан кейінгі ұлдың үлкені – өзім. Қазір төрт қарындасым, екі інім бар. Олардың көпшілігі атам Ысқақтың тегімен жазылады. Ал, мен әкемнің атындамын. Бәріміз нағашы әжем Бөбежанның тәрбиесінде өстік. Әжем соғыс кезінде жалғыз ұлы, анам Гүлзаданың ағасы Ырысалыны майданға шығарып салады. 1943 жылы өз еркімен майданға сұранып кеткен ұлынан сол бойы хабар-ошар болмапты. Көп ұзамай ері Досыбайдан да айырылып қалады. Сөйтіп, қарашаңырақта жалғыз қалған әжемді әкем өз қолына алған екен, – дейді ол.
Ешқандай ана өз баласын өлімге қимайды ғой. Нағашы әжесі Бөбежан да бас көтерер ұлдың үлкеніне «айналайын Төлеш! Менің балам Ырысалы тірі. Бар үмітім – сенде! Соғысқа кеткен жалғызымнан бір дерек тауып берші» деп өтінген екен. Қаршадайынан әжесінің осы бір аманатын естіп өскен Төлеш аға есейген соң жан-жаққа іздеу хат жолдайды. Алайда, үміті ұзақ жылдар бойы ақталмайды.
– Ең өкініштісі, әжем өмір бойы кішкентай чемоданына салып, асыл мұрасындай, көзінің қарашығындай сақтап келген жалғыз фотосуретін жоғалтып алғаным-ай! – деп Төлеш аға кешегі күнді еске алғанда, еріксіз жанарына жас іркілді. – Әжеме не айтарымды білмей, жерге кіріп кете жаздадым. Ырысалы Досыбаев туралы тым болмағанда бір дерек білмек болып, аудандық әскери комиссариаттың есігін талай тоздырдым. Түрлі мекемелерге жолданған хаттармен бірге суреттің қай үстелдің тартпасына түскенін, әлде архивке кеткенін бір Алла біледі. Сурет жоғалғанда әжем ұлының қазасы туралы хабар естігендей қатты қайғырды.
Төлеш Жүнісбеков нағашысы Ырысалы Досыбаев туралы әрбір деректі мұқият жинайды. Көнекөздерден оның білімге құштар, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болғанын, соғысқа дейін аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарғанын біледі. Белсенді жастың өз еркімен әскерге сұранғанын, Ташкенттегі оқу-жаттығу курсын ойдағыдай тәмамдағанын, сосын майданға аттанғанын анықтады. Әжесінің айтуынша, 1945 жылы үйіне қарулас жолдасынан келген хатта Ырысалының ауыр жараланып, госпитальде жатқаны жазылған екен. Ресейдің Подольск қаласындағы әскери архивтен тағы бір дерек табылады. Марапат қағазында былай деп жазылыпты: «Досбаев Рсалы лейтенант командир стр. взвода 674 стр. полка 150 стр. дивизии Идрицкой им. ордена Кутузова 2 степени, год рож.1925, член ВЛКСМ, казах. Ранен 17.04.1945. В Красной Армии с марта месяца 1943 г. Призван Чаянским РВК, ЮКО. Представляется ордену Отечественной войны 2-ой степени». Әрі қарай командир Ырысалы Досыбаевтың Германиядағы Одер өзенінің батыс жағалауы, Гросс-Нойендорф ауданы маңындағы ұрыста алғашқылардың бірі болып жаудың бекінісіне басып кіргенін, соның арқасында ол бастаған сарбаздар 20 фашисті мерт қылып, 28-ін тұтқынға алған ерлігін баяндайды.
Подольскіден табылған дерек Төлеш ағаны одан әрі жігерлендіріп, нағашысының жерленген жерін табуға деген талабын ұштай түседі. Түсіне әжесі кіріп, «Төлеш! Ырыс-алы тірі ғой. Іздеуді тоқтатпа» деп аян бергендей болады. Ол кезде байланыс дәл бүгінгідей сапалы емес. Интернет салтанат құрғанның өзінде Еуропа мемлекеттеріне сапарлау, виза алу қиын еді. Осындай қиындықтарға қарамастан Төлеш аға нағашысы Ырысалы Досыбаевтың Польшаның Дембно қаласындағы бауырластар зиратына жерленгенін білген соң сол жаққа баруды көздеді. Қалайда әже аманатын орындауға асықты. Оның сәті арада 73 жыл өткен соң, 2018 жылдың желтоқсан айында ғана түсті. Інісінің ұлын ертіп, екеуі Польшаға аттанды. Зираттағы тізімде нағашысының есімі 13-ші болып жазулы тұрғанын көріп, жан-жүйесі босады. Бейіт басында толқып тұрып, «әже, аманатыңды орындадым. Жалғызыңның дерегін таптым. Риза болғайсыз. Қолымнан келгені осы болды...» деп іштей егілді. Қыршын кеткен боздақтардың әруақтарына арнап Құран бағыштады. Жүзімдік ауылынан беторамалға түйіп алған топырақты ескерткіштің іргесіндегі шыршаның түбіне төкті. Ол жерден алған топырақты кейін ауылына, әжесінің бейітінің басына апарып салды.
Осылайша Төлеш Жүнісбекұлы әже алдындағы аманатын орындап, перзенттік парызын өтеді...