Егістік алқаптар ағын сумен тұрақты қамтылуда

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі вегетациялық кезеңнің барысы туралы арнайы мәжіліс өткізіп, өзекті мәселелерді саралады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәлімдеуінше, егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес жеткізіліп, вегетациялық маусым ойдағыдай басталды. Облысымызға тиесілі жылдық су пайдалану лимитінің 63%-ы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Үкіметаралық бекітілген лимиттің көлемі – 1,1 млрд. текше метр. Трансшекаралық «Достық» магистральды каналы арқылы Жетісай, Мақтаарал аудандары ағын сумен қамтамасыз етіледі. Суармалы жер көлемі – 140 мың. гектар. Қазіргі таңда вегетацияға ағын су босатылуда.
«Зах», «Ханым», «Үлкен Келес» магистральды каналдары арқылы ағын сумен Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандары қамтамасыз етіледі. Суармалы жер көлемі – 67,8 мың гектар.
«Қазсушар» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Қазыбек Бедебаев мекеме тарапынан атқарылған жұмыстар мен жоспарларды баяндады.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев күрделі жөндеу жоспарланған су арналарына тоқталып, қаржыландыруға ұсынылған жобалау-сметалық құжаттардың жайын қозғады.
Аудан әкімдерінің орынбасарларына су үнемдеу технологиясын ендіру бойынша бекітілген межені уақтылы орындау жағы ескертілді.
– Шаруалар ағын суға тең қол жеткізуі тиіс. Су тапшылығы орын алмау үшін барлық ықтималдар мен тәуекелдер сараланып, өзектілігіне қарай ұсыныстар әзірлеңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мәжіліс барысында бірқатар тапсырмалар нақтыланып, жауаптылар бекітілді.