Тылдың өзі бір майдан емес пе еді?!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын жоғары деңгейде атап өткелі отырмыз. Өкініштісі сол, кешегідей құттықтап барып, кеудесіне медаль қадап, қолына гүл ұстатып, сұрапыл жылдардағы ерліктерін өз ауыздарынан тыңдап қайтатын майдангерлеріміз  сиреп қалды. Қос қолдың саусағына жетер жетпес Жеңіс жауынгерінің қалғанына қиналасыз. Бірақ, желмая жылдар ешкімді де аямайды.

Біздің ендігі іздейтініміз, әңгімелеріне қанық болғымыз келетіндер сапында тыл ардагерлері ғана қалды. Олардың өзі бүгінде берісі – тоқсан, арысы  – жүз  жастан асып кетті. Осындайда  екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы ауыр жұмыстардың бел ортасында жүргендердің қазіргі әлеуметтік жағдайлары қандай екен деген сауал  көкейге ұялайды.  
1941 жылдың 22 маусымы күні фашистер елімізге басып кіргенде олардың алды жеті-сегіз жаста болса, соғыс аяқталғанда 13-14 жаста ғана екен. Олардың балалық шақтарын сұм соғыс ұрлады. Ерте есейіп, еңбекке ерте араласқан олар тылда иықтары қайысып, белдері майысып ауыр жұмыс істесе де мемлекеттен ештеңе талап ете қойған жоқ. Жеңісті жақындатқандар өздерін соғыс ардагерлері алдында борышты сезінді. Рас, Жеңістің айтулы күндері тыл ардагерлерінің кеуделеріне де медаль тағылып қалатын. Бірлі-жарымы Құрмет грамоталарына, Алғыс хаттарға ие болды. Соның өзін місе тұтқан тыл ардагерлері барға шүкіршілік жасады, қанағат тұтты. 
Бәрі де майдан үшін, «бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұрандармен қаруланған КСРО еңбекшілері өз ауыздарындағыны жырып майдандағы, жауынгерлерге аттандырып жатты. Осы ретте Қазақстанның да майданға қосқан үлесі Алатаудай   еді. Өйткені, Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК (б) П ОК-нің 1941 жылғы 16 тамыздағы Қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арнаған әскери – шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс  үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, тағы басқа да майданға керектілерді шикізаттарды өндіру ісі жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс  құралдарын шығаратын зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп орындары мен көлікті көмірмен қамтамасыз етті.  Орал-Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есеге өсті.  1941-1945 жылдары 460 жаңа өндіріс орны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 жылы республикада мал басы 2 миллионға жетіп, егіс көлемі 8 миллион гектарға жуық артады. Республика соғыс жылдары 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа да азық-түлік берді. Бұдан тыс қазақстандықтар майданға киім-кешек,  азық-түлік жөнелтіп тұрды. Жеке азаматтар қаржысына танк, ұшақ , сүңгуір қайықтар жасалды. Республика жұртшылығының  майдан қажетіне ерікті түрде жинаған қаржысы 4700 миллион сом болды. Майдан қажетіне қаржы аударғандар қатарында оңтүстікқазақстандықтар да аз емес еді. Айталық, Қажымұқан атамыз ел аралап өнер көрсетіп жинаған қаржысына ұшақ жасатқанын жақсы білеміз. Сондай-ақ Қаратас (қазіргі Қазығұрт) ауданы «Күйік» мал кеңшарының ферма меңгерушісі Қыдыр Мамбетов 500 сом аударған. Осы үлесі үшін оның Сталиннен алған жеделхаты әлі сақтаулы тұр. Мұндай мысалдарды мыңдап табуға болады.
Ал, осынша қыруар тірлікті атқаруда буыны қатпаған жасөспірімдер де, тіпті ана сүті ауыздарынан кетпеген балақайлар да жүрді. Солардың бірі Төлеби ауданы, Алғабас ауылындағы 101 жастағы Күләтір Жұмабаева әже. Ол соғыс басталғанда 17 жастағы желкілдеп тұрған қыз болатын.  Бес жыл бойы колхоздың бітіп болмайтын жұмысына жегілді. Басшылар қайда жұмсаса  да бас тартпайтын. Сиыр да сауды, кетпен де шапты масақ та терді. Ұршық иіріп, майдангерлерге шұлық, қолғап тоқыды.  Қолы күс-күс бола жүріп, мақта да терді. Соғыстан бір аяғынан айырылып келген Әмзе Түзелбайұлына тұрмысқа шыққаннан соң да ұжымшар жұмысынан сырт қалған жоқ. Күләтір әженің төрт мерекелік медалі бар.
Түркістандық Сұлтан Сүлейменов он екі жасынан шаруашылыққа араласыпты. Сұлтан ата да балалық шағының ауыр бейнетпен өткенін алға тартады.  Ол тылда еткен еңбегінің жемісін  2005 жылдан соң ғана көре бастапты. Яғни осы жылы «Ұлы Жеңіске 60 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Осыдан соң 2010 жылы және 2020 жылы Ұлы Жеңістің 65 және 75 жылдығына орай мерекелік медальдарды кеудесіне таққан. 
Ал, Созақ ауданының құрметті азаматы,  «Құмкент» ауылының тұрғыны  Әнипа Қашқынбекова соғыс басталғанда сегіз-тоғыз жастағы балғын қыз болатын. Әнипа апай сол жылдары еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін колхоздың жұмысына жегілгенін, үй бетін көрмей, қысы-жазы далада жүргендерін әлі де күйзеле отырып әңгімелейді. Ұзақ жыл дәрігер болып қызмет еткен Әнипа апа бүгінде 93 жаста. Жеңіс күні мерекесіне орай 2005 жылдан бері қарай мерекелік медальдар алып келген. Аталған үш тыл ардагері де бұдан басқа айтарлықтай сый-сияпат көрмегендерін айтады. 
Елімізде 2020 жылдың 6 мамыры күні «Ардагерлер туралы» Заң күшіне енді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Заңда: «тылдағы еңбегі үшін КСРО-ның орден-медальдарымен марапатталған еңбек ардагерлерінің санатына жатады» делінетін жолдар бар. Осыны неге «тыл ардагері» деп нақты атамағанына қайран қаласыз. Өйткені, бүгінде екінің бірі еңбек ардагері ғой.  Сондықтан Жеңісті жемісті еңбегімен жақындатқандарды айрықша-- тыл ардагері деп  атап, оларға  артықшылықтар берілуі керек еді.   Еліміздегі бірқатар тыл ардагерлері Заңға түзетулер енгізіп, «1941-1945  жылдары еңбек еткен тыл ардагерлері» деген арнайы санат енгізу қажет деп жоғарыға жазған. Бұл хат сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың қолына тиеді. Оның қайтарған жауабына хат жолдаушылардың көңілдері тола қоймағанынан да хабардармыз. Министрдің ардагерлерге жазған он алты беттік жауабында «тыл ардагері» немесе «тыл еңбеккері» деген бір ауыз сөз жазылмаған. Иә, «Ардагерлер туралы» Заңнан  «тыл ардагерлері» деген сөз кезіктіре алмадық.
Республикалық бюджеттен бөлінетін ай сайынғы арнайы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлердің барлық санатына, өзге де әлеуметтік төлемдерді алуына қарамастан мынадай мөлшерде бөлінеді екен. Айталық, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ай сайын 62912 теңге (16 АЕК), Ауған соғысындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға  24339 теңге (6,19 АЕК), тәжік-ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы  этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметкерлерге 18874 теңге (4,8 АЕК), жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларға теңестірілген тұлғаларға 24339 теңге (6,19 АЕК) беріледі. Ал, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл ардагерлеріне 8376 теңге (2,13 АЕК) ғана тиесілі. Мұны қалай түсінуге болады?
Иә, соғыс жылдарындағы қарасирақ балалар да бүгінде сиреп қалған.  Осыдан екі жыл бұрын облысымызда  5000-нан астам тыл ардагері бар болатын.  Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Балзия Тәжібаеваның айтуынша, қазір тыл ардагерлері 2000-нан сәл ғана асады. Ауыр еңбектің азабын тартқан сол кездегі 6 мен 18 жас аралығындағы  балалар мен жасөспірімдерге неге «тыл ардагері» деген мәртебе бермеске?! Тіптен оларға «соғыс жылдарының балалары» деген мәртебе белгілеу де керек сияқты. Егер осы бетімізбен соғыс ардагерлерін ғана түгелдеп отыра берсек, бүгінде жастары  95-тен асып қалған тыл ардагерлерінің де орындарын сипалап қалуымыз бек мүмкін. Арқаны кеңге сала бермей, біздің болашағымыз үшін балалық шақтарын ұрлатқан ардақтыларымызға лайықты сый-сияпат көрсеткеніміз абзал. Сіз бұған не дейсіз?
Пікір қалдырыңыз