Қауқарың қандай, Қазақстанның Қарулы Күштері?

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Әлемдегі геосаяси ахуал күн өткен сайын күрделіленіп барады. Бұл жағдайлар бізге бүгінгі геосаяси ахуалға жіті көз салып, кез келген қатерге дайын болуды талап етуде. Оның үстіне, бүгінгі заман білімге ғана емес, білекке де сенетін уақыттың келгендігін көрсетіп отыр. Білек деп отырғанымыз – елдің қарулы күштері. Сондықтан әскерің сақадай сай тұрмаса, әркімге жем болып кетуің ғажап емес. Осыны түсінген әлем елдері бүгінде жаппай қарулануға көше бастады. Қару-жарақтың көз көріп, құлақ естімеген небір түрлері пайда болып, олар дүниенің әр жерінде тұтанған соғыс алаңдарында сынақтан өтіп жатыр. Ал, біздің жауға төтеп берер қауқарымыз қандай? Әскеріміз әлеуетті ме? Ата-бабамыз ескертіп кеткен айбалтамыз қайраулы ма? Мереке қарсаңында Қазақстан Қарулы Күштерінің бүгінгі жай-күйіне тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бүгінде ел әскерін реформалау аясында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әскердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, жауынгерлік дайындықты жетілдіру, армияны заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, цифрландыру үрдісін одан әрі жалғастыру, әскери қызметтің беделін көтеру жөніндегі басым бағыттар айқындалып, бұл жөнінде тиісті шаралар қабылданып жатыр. Оның үстіне, әлемде орын алып жатқан оқиғалар бұл бағыттағы жұмыстарды мейлінше жедел әрі сапалы атқаруды талап етіп отыр.
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Ка-малетдиновтің айтуынша, елдің қорғаныс саласына ішкі жалпы өнімнің 1 пайызы көлемінде қаражат бөлінеді екен. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл – елдің Қарулы Күштерін ұстап тұру үшін жеткілікті көрсеткіш. Сұлтан Бүркітбайұлының айтуынша, қазіргі уақытта қару-жарақ пен техникаларымыздың 70 пайызы тәуелсіздік жылдарында жасалған және өзге елдерден сатып алынған жаңа үлгілермен жабдықталған. Оның ішінде өз елімізде шығарылған өнімдер де бар.
– Соңғы үлгідегі заманауи техникаларға келер болсақ, еліміздің құрлық әскерлері қазір қару-жарақ пен әскери техниканың, байланыс құралдарының, барлау және автоматтандырылған басқару жүйелерінің соңғы үлгілерімен толық жабдықталды деуге болады. Оның ішінде қазіргі заманғы электронды барлау және ату жүйелері, жауынгерлік броньды машиналар мен броньды транспортерлер, зымыранды-артиллериялық қару-жарағы, ауыр отшашу жүйелері, мобильді байланыс кешендері, отандық радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс машиналары, жанар-жағармай жеткізу құралдары, далалық госпитальдар және түрлі медициналық техникалар бар, – дейді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің авиациялық паркі де қазіргі заманғы жойғыш ұшақтармен, әскери-көлік ұшақтарымен, соққы беруші және көліктік-жауынгерлік тік-ұшақтармен жарақтанған. Қазіргі таңда әлем елдері қару-жарақтың шығыны аз, мүмкіндігі көп заманауи түрлерін дамытуға басымдық беріп жатыр. Мәселен, солардың бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттары. Ресей–Украина қақтығысында Түркияның «Bayraktar», Иранның «Shahed» секілді аппараттары өз тиімділіктерін көрсетті.
Осыдан бірер жыл бұрын Ұлттық қорғаныс университетінің мамандары құрастырған «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппаратының сынақтан өтіп жатқаны туралы хабарды естігеніміз бар. Бірақ, ол – тек барлау жұмыстарына арналған құрал. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, осы бағытты дамыту мақсатында Қарулы Күштердің Бас штабында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту департаменті құрылған. Бұл – сең қозғалды деген сөз. Алдағы уақытта ғалымдарымыз отандық шабуылдаушы аппараттардың заманауи үлгілерін жасайды деген үмітіміз бар.
Дегенмен, әскердің әлеуеті жайлы сөз қозғала қалса, әскерге барудан жалтаратын жастардың көбейіп бара жатқанын айналып өте алмаймыз. Бұрын сарбаз атанып, Отан қорғау ер-азамат үшін абыройлы міндет еді. Ал, қазір ше? Сананы тұрмыс билеп кетті ме, әлде жастардың бойында туған жерге, елге деген сүйіспеншілік сезімі әлсіреді ме, әйтеуір бүгінгі жастар әскерге барып, уақытын шығындағысы келмейді. Әрине, жастардың бәрі осындай деуге тағы болмайды. Әскерге баруға құлшыныс танытып, өз еріктерімен сұранып кетіп жатқан жастар да жоқ емес. Бірақ, әскери өмірді тосырқап, лажы болса бармай қалуды көздейтін жігіттердің әрекетіне көз жұма қарауға болмайды. Өйткені, оның астарында ұлттық идеология мен мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі жатыр. Бүгін әскери борышын өтеуден қашқан жігіт ертең ел басына күн туғанда қандай шешім қабылдарын ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан ұлттық тәрбиеге, отбасыдағы әкенің рөліне ерекше мән беруге тиіспіз. Жастардың әскерге барғысы келмеуінің бір себебі осында дер едік.
Ер баланың тәрбиесінде өтпелі кезеңнің маңызы зор. Дәл осы кезеңде бала ересектерге еліктейді. Солардай болуға тырысады. Кей азаматтардың жағымсыз әдеттерге үйір болуы да сол өтпелі кезеңдегі еліктеудің салдары. Сондықтан да мұндай кезеңде балаға үлгі боларлық тұлға керек. Өкінішке қарай, қазіргі жастарды теледидар мен интернет тәрбиелеп жатыр. Бүгінгі балалар шоумендер мен әншілерге қарап бой түзегісі келеді. Бала болмысының нәзік болып қалыптасуына мұның да ықпалы аз емес. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарында сарбаздарға жасалып жатқан жеңілдіктер, бозбалаларға үлгі боларлық тұлғаларды насихаттау жұмыстары қолға алынса құба-құп болар еді. Бізде өз өмірін қатерге тіге отырып, ел тыныштығын қорғап жүрген сарбаздар мен полиция қызметкерлері, еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда биікке көтеріп жүрген спортшылар, ғылым саласында табысты нәтиже көрсеткен ғалымдарымыз көп қой. Осы азаматтар БАҚ беттерінен жиі көрінсе, жастар тәрбиесі де бір ізге түсер еді деген ойдамыз.
Сөз басында айтылғандай, бүгінгі геосаяси ахуал бізден бес қаруымыздың сай болуын талап етіп отыр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», жау жағадан, бөрі етектен алатын заман туа қалса, әскеріміздің айбынды, қуатты болғаны қажет. Сондықтан әскери күштерімізді ең озық үлгідегі қару-жарақпен жабдықтап, айбынын асқақтату бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр.