Жүрек жұтқан журналист

Жадыраған мамыр айында дүние есігін ашқан Қуандық Оразбекұлы құрдасымыздың инемен құдық қазғандай қиын кәсіп – журналистік, жазушылық жолындағы шеберлік қасиеттерімен қоса білім, ғылым саласындағы еңбегі мен қол жеткен табыстарын қоя тұрып,  ең алдымен адамшылық асыл қасиеттеріне тоқтап өтер болсақ,  ол өз мінезінің құтысын сабырға толтырып, соның өзін тұндырып қойған ба деп таң қаламын. Көп сөйлемейді, бірақ көп іс тындырады. Сәл нәрсеге шақ ете қалатын шалдуар әрі шақар шалдардың шарт мінезі оның табиғатына жат, сабырлы да салмақты. Ешкімге дауыс көтере ұрсып-зекігенін естімеппіз, қашанда сыпайы да мінәйі қалпынан бір айныған емес.
Ол тек еңбек үшін жаралғандай және сол бейнетінің зейнетін көріп отырған рухы биік азамат. Қалекең халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» деген нақыл сөзін өмірінің ұраны етіп алғандай. Содан да шығар, қашанда биік шыңдарды бағындырып келе жатқан Қуандық Оразбекұлының шығармашылық және ғылым мен білім жолындағы еңбегін паш етіп, өнеге етуге болатынын ерекше атап өтсек жарасады. Ол алдымен журналистикадағы шығармашылық жолы мен қоғамдағы өзгерістерге жұрттан өзгеше және жаңашыл көзқарастарымен көзге түсті. Бұл саладағы толыққанды еңбегі биыл баспадан шыға бастады. Оның төрт томы оқырмандар қолына тиіп үлгерді. Қалекеңнің жеті томдық кітабында жаңашыл көзқарастары жан-жақты баяндалады.
Қуандықтың қаламы өткір. Тілі мірдің оғындай. Тәуелсіздігіміздің алғашқы қайта қалыптасу кезеңіндегі өткір сын мақалалары нысанаға дөп тиіп жатты. Талай басшы лауазымындағы шенеуніктерді шыңғыртып сынағанда, олар қызметінен қуылатын. Тіпті, Қалекеңнің өткір сынынан кейін қызметін тастап өздері «қашып» кеткен жағдайларын да білеміз. 
Әлі есімізде, Қуандықтың «Жас Алаштың» Оңтүстік өңіріндегі тілшісі болып жүрген кезінде газетте біздің облыстың айтулы басшысы жайлы өткір сын мақаласы жарияланды. Мақаланы оқып отырып қорқып кеттім. Қазақстанда сол кезге дейін ешкімнің облыстың мұндай дәрежедегі үлкен басшысын осыншалықты өткір сынағанын оқып көрмеппіз. «Мына Қуандыққа не болған, енді құритын шығар. Бұдан кейін мұнда жұмыс істеуі де екіталай болды-ау» деген ой келді. Сол мақаладан кейін Қуандықпен сөйлесіп тұрғанымызды көрсе «біреу-міреу ана кісіге жеткізіп қояды» деп қорқатын да болдық. Сақтық жасап, оңашада телефон соғып, «Жағдайың қалай, құрдас?» деп сұрап қоямыз. «Жақсы» дейді ол жайбарақат.
Кейін құрдасымның үстінен Президенттің аппаратына, БАҚ-тың жұмысын бақылап отыратын министрге, «Жас Алаштың» бас редакторына шағым жазылғанын естідік. Тіпті, құқық қорғау органдары журналист досымды түгін қалдырмай тексеріп жатқаны жөніндегі жайсыз хабарлар да дүңкілдеп жетіп жатты. Ал, Қуандығымыз түк болмағандай мақаласын жазып, аман-есен жүре берді. Бір күні көргенімде оңашада «Қорықпаңдар, Құдай сақтасын, ешнәрсе болмайды, мен ешкімнен ешнәрсе сұрап жүрген жоқпын. Сынасам жұмысын сынадым. Бізді ел журналист деп біледі» деді. 
Облыстағы дәу бастық әдепкіде тулады. Бірақ, уақыт өте келе оны республикалық газеттің қарапайым тілшісі әжептеуір «жуасытып» тастады. Тіпті, журналист десе зәре-құты қалмайтындай дәрежеге жеткізді. 
Әріптесім ретінде Қуандыққа бірнеше рет риза болған жағдайым бар. Бір күні ойламаған жерден ол республикалық «Жас Алаш» газетіне тілші болып ауысты. «Оңтүстік Қазақстанның» стилі бөлек. «Жас Алаштікі» басқа. «Қалай болады екен?» деп ойладық. Өзінің жазу стилін табан астында өзгертіп, мақаланы бұрқыратты дейсіз. Риза болып жүрдік. Содан «Жас Алашта» 51 жасқа келгенше тілші болып, кейін қайтадан өзіміздің «Оңтүстікке» оралды.
Содан бір күні: «Жігіттер, мен мынадай қорытындыға келдім. Алматы қаласына кетемін. Ғылыми орта ғой. Сол жақтан кандидаттық диссертациямды жазып біткен соң ораламын» деді. Сөйтсек, «Оңтүстікте» бөлім басқарып жүріп, біраз ізденіп, материал жинақтап қойған екен.
Қуандық құрдасым ақкөңіл, ақжарқын. Бірақ, қадалған жерінен қан алмай қоймайды. Табанды. Алдына қойған мақсатына жетпей тынбайды. Күндіз-түні тынбай жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ, қайтпайды. Не керек, 2009 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы үшін диссертациясын сәтті қорғап шықты. Мұнымен де тоқтаған жоқ. 2010 жылы педагогика бойынша доцент ғылыми дәрежесін алды. Бірақ, журналистиканың қайнаған ортасынан кеткен жоқ. 2008 жылдан бастап ғылым мен журналистиканы қатар алып жүрді.
Қуандық Оразбекұлы ешқашан екі сөйлемейді. Кандидаттық диссертациясын қорғаудың сәл ғана алдында Шымкентке беделді республикалық басылым – «Айқын» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тілшісі болып оралды. Сол қызметін зейнетке шыққанша атқарды. Алматыда жүрген жылдарында өзі қызмет істеген «Дала мен Қала» газетінің меншікті тілшілігін қосып алып жүрді. 
Ол 13 жылдан аса уақыт бойы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика кафедрасында профессорлық етті. Болашақ журналистерге мақаланы қалай жазу керектігін, сөзді қолданудың тәсілдерін үйретті. Соңғы жылдары Шымкент университетінде, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне педагогиканың теориясы мен әдістемелерін оқытып жүр. Белгілі де беделді жоғары оқу орындарында студенттері сыйлайтын, ұжымы мойындайтын профессор, доцент ретінде танылды. Мұнысына әріптестері қызыға қарайды. 
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, журналист, композитор Бекжігіт Сердәлінің Қуандық жайлы пікіріне назар аударайық:
– Бүгінде журналистика саласында заманауи технология қатты дамып, жасанды робот-журналистер пайда болып жатыр. Интернет порталдарда таң атпай түрлі жаңалықтар мен ақпараттарды өңдеп, қанттай етіп жариялауға мүмкіндігі бар темір робот-журналистер жайлы естігенде, Қуандық ағамызды өз заманының роботы демеске лажың жоқ. Жоғары оқу орны оқытушыларының арасында Scopus базасына енетін ғылыми журналдарға мақала жариялау дейтін бір «қиын жұмыс» бар. Бұл қиындықтан Қуандық ағам ада. Соңғы бірер жылда он шақты мақала жариялап үлгерді. Қай уақытта үлгеріп жүр, қашан жазып тастады, бір Аллаға аян. Ғылым комитеті бекіткен журналдарда да мақалалары ай құрғатпай жарық көріп жатады. Бірнеше монографиялары мен оқу құралдары тағы бар. Еңбекқор. Талапшыл. Жауапты. Қалекең жайлы мұндай жылы ықыласқа толы лебізді көптеп келтіруге болады. Өйткені, ол еңбекқорлығының, білімділігінің арқасында үлкен абырой-беделге бөленіп жүрген азамат. 
Қуандық Оразбекұлы Қазақстанның құрметті журналисі. ҚР білім беру ісінің үздігі. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері. «ҚР Конституциясына – 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Өткен жылы Президенттің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. 
Ол үлгілі отбасының иесі. Екі ұлы мен екі қызы жоғары білімді мамандар. Үлкен ұлы Дәулет – дәрігер. Қазір Астанада. Денсаулық сақтау министрлігіндегі Ұлттық орталықта аға дәрігер-сарапшы болып қызмет атқарып жүр. Ал, кенже ұлы Еркебұлан – фармацевтика ғылымының докторы. Қазір ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық Экспертиза орталығында жауапты қызметте. Қыздары да Астана мен Алматы қалаларында жауапты қызмет атқарады. Құдай берген бір қора немересі бар. Үйіне бәрі жиналған күні Қалекең жас балаша қуанып жүреді. 
Жақында өзім мақтаныш тұтатын құрдасым Қуандық Оразбекұлын тағы да кездестірдім. Асығып бара жатыр екен. «Алыс сапарға барып қайтуым керек болды. Алла қаласа, 10 күннен соң ораламын» деді күлімсіреп.
Меккеге қажылық сапарға барып қайтқанын келген соң бір-ақ білдік. Мединаға да соғыпты. Құлшылыққа бас иген ұлағатты сөздер айтты. «Меккеде Аллаға құлшылық етесің. Ал, Мединада Мұхаммед пайғамбар жатыр» деді сөз арасында.
Шәкірттері қара ормандай қаламдасым, қаламы жүйрік әріптесім, шығар белесің қазіргіден де биіктей берсін! Сен сияқты әрі беделді, әрі «жүрек жұтқан журналист» болу кез-келген журналистің қолынан келе бермейтінін мен ғана емес, бәріміз мойындаймыз!

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Қазақстанның құрметті журналисі.
Пікір қалдырыңыз