Қазақ тілі – қазақтың ғана тілі емес, Қазақстан халқының тілі!

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Бұл мереке –  бірлік пен бейбітшіліктің, татулық пен түсіністіктің мерекесі. Әр ұлт өз ерекшелігін сақтай отырып, ортақ Отанның дамуына үлес қосып жатқан Қазақстан секілді мемлекет үшін бұл күннің мәні мен мазмұны айрықша. Еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыстың өзара үйлесімде өмір сүруі, бір мақсатқа жұмылуы – көпшілікке үлгі. Ал, осы көпұлтты қоғамды біріктіріп отырған маңызды факторлардың бірі – мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі. Бүгінгі таңда қазақ тілі сан алуан этностардың басын қосатын, оларды бір-біріне жақындастыратын ортақ көпірге айналып келеді.

Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, көпэтносты елдерде ұлтаралық татулық пен тұрақтылыққа қол жеткізудің бірден-бір жолы – ортақ тілде сөйлесу. Тіл – этносаралық қатынастың құралы ғана емес, қоғамдық бірегейлікті қалыптастырудың да өзегі.
Біздің жағдайымызда мұндай рөлді қазақ тілі атқарады. Себебі, қазақ тілі – бұл елдің тарихы мен мәдениетінің көрінісі, Тәуелсіздіктің тілі, мемлекет құраушы ұлттың рухани өзегі. Мемлекеттік тіл мәртебесін иеленген бұл тілді бүкіл халықтың ортақ мұрасына айналдыру – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Бүгінде еліміздегі көптеген өзге ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеріп, оны күнделікті өмірде қолдана бастады. Бұл – зор үміттің белгісі. Себебі мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесі тек, заңмен емес, күнделікті тәжірибемен өлшенеді.
Балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік және жекеменшік мекемелерде қазақ тілін үйрету мен қолдану кең қанат жайып келеді. Әсіресе, жастар арасында қазақ тіліне деген қызығушылық артып, оны заманауи өмірде еркін қолдануға деген ұмтылыс байқалады. Көптеген этнос өкілдерінің балалары қазақша сөйлеп, қазақ әдебиетін оқып, қазақша армандай бастады. Бұл – болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін жақсы нышан.
Этномәдени орталықтардың жанынан ашылған қазақ тілі курстары, түрлі тілдік жобалар мен байқаулар, қазақша сөйлейтін блогерлер мен қоғам белсенділері – мұның бәрі мемлекеттік тілді дамытуға қосылып жатқан шынайы үлес. Тілді тек оқып қана қоймай, жүрекпен қабылдаған кезде ғана ол шынайы байланыс құралына айналады.
Көп жағдайда қазақ тілі жайлы сөз қозғалғанда мәселе тек тіл үйренуде емес, оған деген ішкі көзқараста екенін байқаймыз. Қазақ тіліне қатысты көзқарас өзгерсе елдегі ұлтар-алық қатынас та өзгереді. Қазақ тілі тек қазақтың тілі емес, Қазақстан халқының ортақ тілі ретінде қабылдануы тиіс.
Тіл мәртебесін тек заңмен ғана емес, қоғамдық сана арқылы да көтеру қажет. Әр азамат, мейлі ол қазақ болсын, басқа ұлт болсын – осы елдің перзенті ретінде мемлекеттік тілді білуге, құрметтеуге міндетті. Бұл – біреудің тіліне бағыну емес, бұл – ортақ үйде тату тұрудың жолы.
Тіл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі де. Қоғамда бір тілді меңгеріп, бір бағытқа ұмтылғанда ғана ел ішіндегі алауыздықтың алдын алуға болады. Бір тілде сөйлеген халық – бір оймен өмір сүреді, бір мүдде жолында бірігеді. Сондықтан қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту – ел болашағына салынған инвестиция.
1 мамыр – бұл тек мерекелік дата ғана емес, бұл – бізге өзара түсіністік, төзімділік, сенім деген ұғымдарды қайта еске салатын сәт. Бұл күні біз бірліктің қадірін, ынтымақтың құнын сезінеміз. Ал, тіл – сол бірліктің, сол татулықтың басты тірегі. Тіл – ұлттық ерекшелікті сақтау құралы ғана емес, көпұлтты ұжымда тұтастықты сақтау тетігі.
Қазақ тілі – Қазақстан халқы үшін тек қатынас тілі емес, біртұтас ел болудың нышанына айналуы тиіс. Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілі – бұл біздің қоғамға сіңісудің, азаматтық бірегейлікті қабылдаудың жарқын үлгісі. Қазақ тілі арқылы біз бір-бірімізді жақынырақ танимыз, бір-бірімізге сенеміз, бір-бірімізге тірек боламыз.
Пікір қалдырыңыз