Ұлт көшбасшылары — Түркістан төрінде

Апта басында елімізге жұмыс сапарымен Түркіменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы  Бердімұхамедов келді. Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан әуежайынан қарсы алды.

Екі күнге созылған жұмыс сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов алдымен түркі тілдес елдерге ортақ ең көрнекті рухани және тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі, ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды. Мәртебелі меймандар әйгілі ойшылдың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Сондай-ақ, кесенеде жүргізіліп жатқан реставрациялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. 
Қазақстан Президенті мен Түркіменстанның Ұлт көшбасшысы одан кейін «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағында орналасқан ұлттық-мәдени кешенге ат басын бұрды. Онда олар «Шығыс базарын» аралап, дәнді дақылдардың сұрыптарымен танысты. Көшбасшыларға ұлттық тағам түрлері, ағаштан түйін түю, кілем тоқу, киіз басу, қыш және зергерлік бұйымдар жасау сияқты халық қолөнері шеберлерінің туындылары көрсетілді, салт-дәстүрімізді паш ететін театрландырылған қойылым ұсынылды. Сонымен қатар олар тазы ит пен қыран құстарды тамашалады.
Мәртебелі меймандар бұдан кейін Turkistan визит орталығында болып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі бірегей тарихи жәдігерлермен танысты. Меймандарға көне «Күлтөбе» қалашығының тарихи келбетін сақтау және абаттандыру жобасы туралы мәлімет берілді. 
Сондай-ақ, таяуда ашылатын «Қолөнершілер қалашығының» тұжырымдамасы таныстырылды. 
Сейсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесу өткізді. Онда Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, еліміздің рухани астанасы, түркі халықтарына ортақ қасиетті мекен саналатын Түркістан қаласына келгені үшін ризашылығын жеткізді.
– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені, оның нәтижесі қазақ-түркімен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді, – деді Президент.
Сондай-ақ, бұл күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов өнеркәсіп көрмесін аралап көрді. Қазақстан Президенті мен Түркіменстан Халк Маслахатының Төрағасы SPK Turkistan индустриалды паркіне барды.
Өндіріс паркін дамытудың келесі кезеңінде 70 гектар аумаққа 112 ғимарат салу, сондай-ақ жалпы сомасы 39,7 миллиард теңге болатын 13 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов ғарыш саласында, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібінде қызмет ететін қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты.
Экспозицияға отандық кәсіпорындар шығаратын автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникалары, тұрмыстық техника, медициналық құрылғылар, өндірістік аккумуляторлар, жиһаздар, текстиль, киім және тағы да басқа тауар түрлері қойылған.
Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовті Түркістан әуежайынан шығарып салды.
Пікір қалдырыңыз