Балаларға бақылау күшейтілді

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық – бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының бірі. Осыған орай ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқаулығына сәйкес, ел көлемінде «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. 10 сәуірде бастау алған ауқымды іс-шара 6 мамырға дейін жалғасады. Бұл жайында облыстық полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Мұхтар Туғанбаев баспасөз жиынында айтып, бір жұма бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. 

Спикердің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға 450-ге тарта полиция қызметкері, 100-ден аса білім саласының қызметкері мен 40-тан астам қоғам белсенділері мен еріктілер жұмылдырылған. Республикалық іс-шараны өткізудегі мақсат – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, қоғамдық орындар мен көшедегі бұзақылықтың, сонымен қатар балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу.
– Білім беру мекемелерінде мектеп мұғалімдері мен прокуратура өкілдері әлімжеттікке қатысты анонимді сауалнама алып, жасөспірімдердің құқықтық сауатын көтеру мақсатында лекциялар оқылып жатыр. Оқу орындарына іргелес аумақтарда жол қауіпсіздігі бойынша зерттеулер жүргізіліп, 9 ұсыныс берілді. Іс-шара басталғалы бері ішкі істер органдарына 424 жасөспірім жеткізіліп, кәмелетке толмағандар саласына қатысты 415 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері анықталды, – деді Мұхтар Беркімбайұлы.
Атап айтқанда, балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған ата-аналарға қатысты 29 құқық бұзушылық фактісі анықталып, әр ата- анаға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Сонымен қатар, түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында жасөспірімдердің болуына жол берген 18 нысан анықталып, олар да 10 АЕК көлемінде айыппұл арқалаған. Одан бөлек, кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық бойынша 2 дерек анықталса, қоғамдық орында мас күйінде ұсталған 2 жасөспірімге айыппұл салынып, есепке алынған. Жалпы, бірнеше күннің ішінде отызға жуық жасөспірім мен жиырмадан аса ата-ана ішкі істер органдарының есебіне тіркеліпті. Оған қоса, ата-анасының бақылауынсыз жүрген және панасыз қалған 12 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. 
– Тәрбиенің осалдығы, отбасындағы қолайсыз жағдайлар, мектеп пен мұғалімнің назарынан тыс қалу, интернет пен әлеуметтік желілердің теріс әсерлері бүгінгі жасөспірімдерді қылмысқа итермелейтін негізгі себептер болып саналады. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу – кешенді және жүйелі тәсілді қажет ететін маңызды мәселе. Бұл бағытта ата-ана, мектеп, қоғам және мемлекет бірлесіп жұмыс істеу керек. Ата-аналардан кәмелетке толмаған ұл-қыздарының түнгі уақытта бей-берекет жүрмеуін қадағалауды сұраймыз. Себебі, беймезгіл уақытта жүрген жасөспірімдер қылмыстық құқық бұзушылықтарға баруы немесе қылмыстың құрбаны болуы ықтимал, – деді полиция департаментінің өкілі.
Сондай-ақ, Мұхтар Туғанбаев сөз соңында өткен 3 айда жасөспірімдердің қатысуымен болған қылмыс 27,8 пайызға азайғанын атап өтті.

Пікір қалдырыңыз