Болашақтың қалалары

Цифрлық дәуірде қалалардың дамуы жаңа бағытқа бет алуда. «Смарт-сити» – яғни ақылды қала – бұл тек технология ғана емес, бұл өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жүйе. Бүгінде әлемдегі көптеген мегаполистер тұрғындар үшін қауіпсіз, ыңғайлы әрі экологиялық таза орта құруда.

Смарт-сити – бұл ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы қаланың инфрақұрылымын тиімді басқаратын жүйе. Онда көлік, жарық, қауіпсіздік, энергия және қоршаған орта сынды негізгі салалар толық цифрландырылған. 
Мысалы, қаладағы көлік қозғалысы арнайы сенсорлар мен камералар арқылы бақыланып, кептеліс азайтылады. Жолдарда жасанды интеллект бағдаршамдарды реттейді, ал, тұрғындар мобильді қосымша арқылы қоғамдық көлік қозғалысын бақылап отырады.
«Ақылды қалаларда» жарықтандыру автоматты түрде реттеледі. Күн батқанда қосылып, таң атқанда сөнеді. Ғимараттарда энергия тиімділігін арттыратын технологиялар қолданылады. Ол электр қуатын үнемдеуге және шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Бейнебақылау жүйелері мен жедел әрекет ету орталықтары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Камералардан алынған ақпарат жасанды интеллект арқылы өңделіп, күдікті жағдайлар автоматты түрде анықталады.
Смарт-сити қалаларында су тұтыну деңгейі бақыланып, ақаулар автоматты түрде анықталады. Қоқыс жәшіктері толуына қарай арнайы жүйе арқылы тазарту қызметіне белгі береді.
Азаматтар қаладағы кез келген мәселені (жарықтың өшіп қалуы, жолдағы шұңқыр, қоғамдық көліктегі ақау) арнайы мобильді қосымша арқылы хабарлай алады. Бұл әкімдікке тез арада әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сингапур, Сеул, Копенгаген, Торонто және Барселона – әлемдегі озық смарт-қалалардың қатарында. Олар технологияны тек тиімділік үшін ғана емес, адам өмірін жақсарту құралы ретінде қолдануда.
Біздің елімізде де смарт-қала концепциясы енгізілуде. Астана мен Алматыда ақылды бағдаршамдар, бейнебақылау, ақылды көлік жүйелері мен цифрлық қызметтер кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Смарт-сити – бұл жай ғана инновация емес, бұл адам мен технологияның үйлесімді өмір сүруіне бағытталған болашақтың бейнесі. Мұндай қалаларда өмір сүру қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық таза болмақ. Ал, бізге мұндай болашаққа бүгіннен бастап дайындалу керек.

Әйгерім Әмір,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.
Пікір қалдырыңыз