Кентау қайта түлеу үстінде

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Кездесуде қаланы дамыту жолдары сараланып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды. Өңір басшысы Кентауды өндірісі мен кәсіпкерлік саласы дамыған қалаға айналдыру міндет екенін жеткізді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта Кентау қаласында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қысқаша тоқталсам, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы 3 елді мекенде 6 жоба іске асырылды. Нəтижесінде 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарнақ ауылында Мәдениет үйінің құрылысына 107 млн. теңге бөлініп, жұмыс басталып кетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 25 млн. теңгеге 4 жоба қаржыландырылды. Биыл 477 млн. теңгеге 97 жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Былтыр шаһарда жалпы өңірлік өнім көлемі 13,5 пайызға өсті. Шағын және орта бизнес нысандарының саны 6600-ге жетті. Олар өндірген өнім көлемі 8 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7 пайызға, өнеркəсіп өнімінің көлемі 20 пайызға артқан. Өңдеу өнеркəсібі өнімінің көлемі 21 пайызға ұлғайған. Кентаудың өндірістік әлеуеті өте жоғары, – деді Нұралхан Көшеров.
Биыл Кентауда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 жоба іске асырылады. Қарнақ, Құсшы ата, Байылдыр жəне Хантағы ауылдарында 27 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Кентау қаласындағы жылу жүйелерінің ішкі орамдарына қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Аталған ауылдар табиғи газбен қамтылады. Сонымен қатар 8 аулаға спорт жəне ойын алаңшалары салынады.
Кездесуде Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов атқарылған жұмыс бойынша есеп берді. Одан соң тұрғындардың өтініштері мен сұрақтары тыңдалды. Кентаулықтар газбен қамту, инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік нысанды жөндеу, жұмыспен қамту, кәріз жүйесін реттеу, тұрғын үй салуға жер бөлу сияқты мәселелерді көтерді.
Осы күні Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Кейбір мәселелер сол сәтте жауабын тапса, қалғандары хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.
Назерке ТАСБОЛАТОВА,
М.Әуезов атындағы
ОҚУ-дың 4-курс студенті.