«Біртұтас тәрбиенің» берері көп

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында  «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы туралы айтқан болатын. Аталмыш бағдарлама биылғы оқу жылында қайта жаңартылып, бірқатар өзгерістер енгізіліп, барлық мектептерде жүзеге асырылуда. 

Жалпы, былтырғы бағдарламада үш құндылық болса, биыл ол алты құндылыққа негізделіп отыр. Біз жаңа буынды ұлттық тұрғыда және рухани құндылықтарды дәріптей отырып тәрбиелеу арқылы дұрыс бағытқа қалыптастыруымыз керек. Мысалы, мектептерде ойналатын күй бала санасына әсер етіп, ұлттық болмысты бойына сіңіруіне сеп болары анық. Сондай-ақ, балаға ысырапшылық туралы айту арқылы қоғамдағы кейбір жағымсыз әдеттерден алшақ болуға тәрбиелеуге болады. Мәселен, бүгінде әлем елдері су тапшылығын бастан кешуде. Елімізде де ауызсу мәселесі өте өзекті. Сондықтан оқушыларға су көздерін ластамауды, суды тиімді пайдалануды сынып сағаттарында жиі айтып отырамыз. 
Жуырда өткен ата-аналар жиналысында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын таныстырып, бірқатар ұсыныс тастадық. Мұның бәрі өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын сіңіру үшін маңызды. Отбасында әке мәртебесі қашанда биік. Әке – балаға үлгі. Қазір көп жерлерде әкелер клубы бар, Мектептегі «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары жас ұрпақтың бойына жақсы тәрбиені сіңіріп, олардың тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын білім ордалары тек орындау үшін деп қабылдамауы керек, оның мақсаты – қазіргі әлемнің сын-қатерлеріне дайын болып, өз елінің дамуына елеулі үлес қоса алатын азаматтардың жаңа буынын қалыптастыру.  

Гүлнар ДӘУРЕНБЕКОВА,
А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі, 
Созақ ауданы.
Пікір қалдырыңыз