Бұл не деген ынтымағы зор аудан!

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Осыдан бір жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2024 жылы 6 шілдеде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің №75 санында «Бір үйдегі бес мұңлық» атты мақала жарияланған болатын. Онда Ордабасы ауданының Бадам ауылдық округіне қарасты Ордабасы ауылында тұратын бір үйдегі бес бірдей мүмкіндігі шектеулі жанның аянышты жағдайлары сөз болған еді.

Бұл туралы бізге Мұрат Күзенбаев есімді тұрақты оқырманымыз айтып келген болатын. Оған жәрдемге мұқтаж отбасының тұрмыстағы қызы Дариға көмек сұрай барған екен. «Балтамұрат атаның қызы маған төркініндегі жағдайды айтып келгенде қалай көмектесудің жолын таппай қиналдым. Өйткені, біздің орталыққа адамдар көбіне заңгерлік кеңес сұрап келеді. Бұл мәселені ескерусіз қалдырмау үшін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына бардым. Содан аталған отбасының жағдайымен танысқан газет тілшісімен аудан әкімінің қабылдауында болып, мән-жайды түсіндірдік. Алладан жақсылық көргір аудан басшысы Азат Оралбаев бұл жағдайды естігенде-ақ көмектесетінін жеткізді, – деген қоғам белсендісі одан кейінгі шаруалардың да оңай болмағанын айтып берді. – Алғашқыда қиын жағдайдағы отбасыға өздері тұрған жерден баспана салып беру туралы ұсыныс айтылды. Бірақ, «Жедел жәрдем» қызметіне жиі жүгінетін оларға орталыққа жақын жерден үй салып беру керек екендігін айттық. Осылайша бұл ұсынысымыз да аудан басшылары тарапынан қолдау тауып, Азат Әбдіғалиұлының өзі бастап, жанашыр азаматтар қолдап, сауапты іске үлес қосу жұмыстары сол сәтте-ақ басталып кетті. Сол бастама жемісін беріп, бес бірдей мүмкіндігі шектеулі азаматы бар отбасы заманауи баспанаға қол жеткізіп отыр».
Темірланнан Түркістанға қарай шыға берістегі жаңа ша-ғынауданнан салынған үй табиғи газға қосылған, көшелері де толық асфальтталған. Бес бөлмеден тұратын кең де жайлы үйге жайғасқан отбасының қуанышына аудан басшыларымен бірге ауылдастары да ортақтаса келді. «Бұл әулет 1984 жылы Түркіменстаннан көшіп келгенде төрт түлігі сай жандар еді. Бұл кісілердің, әсіресе, түйелері көп еді. Марқұм Құдайберген ағаның көзі кеткен соң балалары бірінен соң бірі ауырып, бұл отбасы ауыр жағдайға душар болды. Біз үнемі қол ұшын беріп қарайласып тұрдық. Бүгін кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен Балтамұрат ауылдасымыздың жаңа қонысына тарту ретінде теледидар мен кір жуғыш машина алып келдік» деді ауыл биі Қалдыбек Қынашаев. 
Ордабасы уданының әкімі Азат Оралбаев өз кезегінде осындай игі істің жүзеге асуына ұйытқы болған «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының басшылығы мен шығармашылық ұжымына және оған атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтты. Мұндай сауапты істің алдағы уақытта да жалғасын табуы үшін жерлестерін белсенді болуға шақырса, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын еске салып, осындай игі бастаманы жүзеге асыру үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген көпшілікке алғысын білдірді. 
Біз де өз тарапымыздан газет бетінде көтерілген мәселеге едел-жедел үн қатып, оңтайлы шешілуіне ықпал еткен Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевқа, ауданның ынтымағы ұйысқан белсенді азаматтарына  алғысымызды айтамыз.    
Пікір қалдырыңыз