Фолькленд үшін соғыс

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».
Бүгінгі әңгімеміз жердің бір қиырында орналасқан, ешкімге керек емес, бақыр тиын экономикалық пайда әкелмейтін арал жөнінде болмақ. Иә, иә, Фолькленд аралында адам түгілі аңдар да өмір сүрмейді. Пайдалы қазба деген атымен жоқ. Бірақ, осы бір арал үшін қанқұйлы соғыстар болғанын тарихтан білеміз.
Оңтүстік Америкаға жақын орналасқан бұл аралға алғаш болып осыдан бірнеше ғасыр бұрын британиялықтар аяқ басқан. Сол кездегі премьер-министрдің құрметіне бұл жерді Фолькленд аралы деп атайды. Кейіннен бұл аралға француздар табан тірейді, артынша мұнда Испанияның туы желбірейді. Кейіннен корольдік әлсіреген уақытта Оңтүстік Американың елдері бірінен соң бірі тәуелсіздіктерін жариялай бастайды. Испанияның осы аумақтағы ең басты мұрагері Аргентина мемлекеті Фолькленд аралын «альбиселестаның» меншігі деп жариялап, аралға Мальвин деген атау береді. Бірақ, аралда ешқандай тіршілік пайда болмағандықтан, оған ешкімнің назары да түспейді. Тек 1833 жылы Британия Фолькленд аралына қайта оралып, бұл жерлерді корольдіктің меншігі деп жариялайды. Мұнда британиялықтар қоныс аударып, балық аулау, қой өсіру ісімен айналыса бастайды.
Аргентинаның бұл аралмен жұмысы да жоқ еді. Себебі, ол кезде аргентиналықтардың ең басты серіктесі Ұлыбритания болатын. Британия басшылығы Аргентинаға өздерінің колонияларынан да артық көңіл бөлетін. Тіпті, «Аргентина Британияның бейресми колониясы» деген әңгіме де желдей есіп тұрған. Айтса айтқандай-ақ, Аргентина британиялықтардың арқасында аяққа тұрды. Мұндағы алғашқы теміржол, метро, трамвай, кәріз жүйесі секілді маңызды нысандарды ағылшындар салып берді. Аргентина астанасы Буэнос-Айрестің Британия астанасына ұқсайтыны соншалық, ол қаланы жұртшылық «екінші Лондон» деп атап кетті. Екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас «Достық» келісімімен де бекітілді. Ол келісімге сәйкес екі ел арасындағы даулы жерлер бейбіт, бітімгершілік жолмен шешілді. Бірақ, сол даулы жерлердің тізімінде Фолькленд аралы жоқ-тын. Себебі, келісім жасалған уақытта ол жер екі елге де қызық емес еді.
Бәрін бүлдірген – Хуан Перон. Аргентиналық диктатор ел тізгінін ең бір қиын кезеңде қолына алды. Бұл уақытта Аргентина қалың қарыздың астында еді. Елдегі өндіріс саласы тоқырап, мемлекет дефолт артынан дефолт жариялап, Аргентинаның халықаралық беделі тым төмендеп кеткен-ді.
Хуан Перон мұндай сәтте Аргентинаны біріктіретін нәрсе дұшпанға қарсы соғыс деп бағамдады. Елдегі дағдарыстың бәріне британиялықтарды кінәлап, оларға қарсы соғыс ашуды көздеді. Осылайша ел арасында өзінің саяси пиғылын насихаттап, елдің №1 жауы деп Ұлыбританияны көрсетті. Билікке қарсы митингілерді қолдан ұйымдастырды. Шерушілердің қолдарында «Британия! Біздің жерлерді қайтар!» деген лозунгілер болды. Хуан Перон өзінің саяси амбициясын мемлекеттік идеологияға айналдыра алды. Мальвин аралдарын қайтару – Аргентинаны ұлы мемлекет атандыруға жол ашады деп даурықты. Шын мәнінде, бұл соғыс – таздың тараққа таласқанымен бірдей нәрсе еді.
Бұл уақытта Британиядағы да жағдай мәз емес-тін. Корольдік әлсіреп, елде экономикалық дағдарыс шарықтау шегіне жеткен. Осындай ең бір қиын кезеңде билік басына алғаш рет әйел адам, Маргарет Тэтчер келеді. Біз қазір «темір ханшайым» деп атап жүрген Тэтчерді ол кезде ешкім танымайтын. Ол келе сала экономиканы тұрақтандыруға ұмтылды. Тэтчердің кеңесшілері теңіздегі әскерді қысқартуға ұсыныс жасады. Себебі, «қырғиқабақ соғыс» қайнап тұрған шақта қауіп теңізден емес, құрлықтан (КСРО) төніп тұрған еді. Сол себепті де Тэтчер Фолькленд аралын күзетіп жүрген әскери кемені Лондонға алдыртуға бұйрық береді.
Аргентиналық генерал Анайидің Фолькленд аралына шабуыл туралы құрған жоспары мінсіз еді. Жоспар бойынша шабуыл жаз айларында басталуы керек, себебі, бұл уақытта оңтүстік жарты шарда ауа райы өте суық болады. Екіншіден, аралды күзетіп жүрген әскери кеме Лондонға қайтып үлгереді. Үшіншіден, жаңадан сайланған әйел премьер-министр тосыннан келген дұшпанға жауап беріп үлгермейді. Бірақ, бәрін аргентиналық бизнесмен Константино Давидоф бүлдірді. Ол 1982 жылдың наурыз айында (осы жылдың жазында Фолькленд аралына шабуыл жоспарланған) Оңтүстік Георгия аралына ауыл шаруашылығы өнімдерін жинап алуға барады. Бір қызығы, бизнесмен Британияның меншігіндегі аралға Аргентинаның әскери кемесімен, оған қоса аргентиналық сарбаздармен бірге кіріп барады. Сол аралда мекен ететін британиялықтар мұны дереу Лондонға жеткізеді. Давидофтың бұл әрекетін саясаткерлер де, тарихшылар да дұрыстап түсіндіре алмайды. Британияның аралына жасырын шабуыл жасамақ болып отырған Аргентинаның неліктен бұл әрекетке барғаны ешкімнің қауашағына сыймайды. Бұл дүкеннің иесіне айтып, оған ұрлыққа түскенмен бірдей нәрсе ғой.
Осылайша Аргентина Фолькленд аралына адмирал Анайидің жоспары бойынша жазда емес, Оңтүстік Георгиядағы оқиғадан бірнеше күн өткен соң әскер жіберуге мәжбүр болады. Бұл стратегиялық тұрғыда да үлкен қателік еді. Себебі, аралға аттанғандардың жартысы әскерге енді алынған сарбаздар болса, жартысы үйге қайтуға күн санап жүрген сарбаздар еді. Олардың қолдарына қару беріп, алып империя әскеріне қарсы соғысқа жіберу – үлкен қателік емей немене?!
Аргентина әскері бірнеше сағат ішінде аралды басып алады. Ал, елде бұл оқиға «ұлттық мереке» ретінде қабылданып, халық тойлауды бастап кетеді. Адмирал Анайидің жоспарында қиын жағдайдағы Британия бұл операцияға жауап бере алмайды, жауап бере қалған күннің өзінде де АҚШ және басқа елдер Аргентинаны қолдайды деген үміт бар еді. Алайда, олай болмай шықты. Маргарет Тэтчер Фолькленд аралына 127 әскери кемесін аттандырды. Ал, АҚШ президенті Рейган «темір ханшайыммен» жақсы қарым-қатынаста еді. Бұл соғыста осы мәселе маңызды рөл ойнап кетті.
Әскери қуаты басым британиялықтар бірнеше күн ішінде Фолькленд аралын қайтарып алды. Қазір қарап тұрсаңыз, екі мың ғана адам тұратын, ешқандай қазба байлығы жоқ айдаладағы арал үшін қос алып мемлекеттің соғысуы ақылға сыймайтындай көрінеді. Сол 2 мың тұрғынды Лондонға көшіріп алса да болады, Буэнос-Айрестен 5000 шақырым алыста жатқан аралға Аргентина көз тікпесе де көштен қалмайды. Бірақ, империялық амбициялардың өзі соғысқа құрылған саяси ойын екені бесенеден белгілі емес пе...