Түркістанда 57 адам сушиден уланған

Түркістанда суши жеп 57 адам уланып қалған. Оның 17-сі балалар. Уланғандардың 22-сі Түркістан қалалық ауруханасына жатқызылды. Әзірге анықталғаны, олардың барлығы жергілікті бір мейрамханада осы тағамға тапсырыс берген. Сушиді тұтынғандардың барлығы дерлік денсаулықтарының нашарлағанына байланысты шағым айтып, дәрігер көмегіне жүгінген.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары барлығында «Тағамдық токсикоинфекция» диагнозы анықталғанын хабарлаған. 

Қазір осы мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Улану дерегіне қатысты бірқатар сараптамалар тағайындалған. 
«Түркістан қалалық орталық ауруханасына 22 науқас жатқызылды. Оларға «тағамдық токсикоинфекция, болжамды жағдай» диагнозы қойылған. Ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы қалыпты. Барлығы жұқпалы аурулар бөлімшесінің оқшауланған палаталарына жатқызылып, ем тағайындалған, дәрі-дәрмек жеткілікті» деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз