Тегісбаевты түгел танып болдық па?

Есболған ағайымды 1980 жылдан бері білемін. Мен ол кезде Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент филиалының дайындық курсына оқуға түскен едім. 1980 жылы 2 желтоқсанда жан-жақтан келген дайындық курсының тыңдаушыларын институттың ректоры Есболған Тегісбайұлы Тегісбаев оқуға түсуімізбен құттықтап, ақ жол тіледі. Сол кезде институтта 1-курста 250 студент, 2-курста 250 студент, дайындық курсында 40 шақты тыңдаушы оқыдық. Институттың ашылғанына 2 жыл болған. Сол кездің өзінде Есболған ағайымыздың тыңғылықты басқаруының арқасында институт күннен-күнге көз алдымызда көркейіп жатты. Оқу орнының ғимараттары салына бастады. Атап айтқанда, кітапхана, оқу залы, жатақхана, оқу бөліміндегі зертхана, асхана пайдалануға беріліп, студенттерге барлық жағдай жасалды. 

Ол – фармацевтика ғылымдарының кандидаты, доцент, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының құрметті профессоры, Қазақстан-Ресей медицина университетінің фармацевтика кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы, профессор. Оның балалық және жасөспірім шағы еліміздегі ашаршылық, қазақ зиялыларын қуғын-сүргінге түсірген репрессия, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Жастығын соғыс өрті жалмаған Есболған аға 1941-1944 жылдары мектептегі оқуын тоқтатып, колхоздың жұмысына араласты. Орта мектепті 1952 жылы 20 жасында тәмамдады. Есболған Тегісбайұлы бала кезінен алғыр, іскер екенін көрсете білді. Мектептен кейін ол Қазақ мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнының қабырғасында да көшбасшылық қабілетімен танылып, кәсіподақ комиетінің төрағасы қызметіне сайланады. Сөйтіп соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерде студенттердің тұрмысын жақсартуға қомақты үлес қосады.
Университетті 1957 жылы бітіргеннен кейін Талдықорған қаласында абыройлы қызмет атқарып, 1959 жылы өзі бітірген институтқа жұмысқа оралады. Фармацевтикалық химия кафедрасында оқытушы болып жүріп, Қазақстанның дәрілік өсімдіктерін зерттеу бойынша 1967 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. Е.Тегісбаев институтта 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, фармацевтикалық, бейорганикалық, аналитикалық және токсикологиялық химия кафедраларының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1979 жылы  Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент филиалы құрылады. Фармацевттер даярлайтын филиалды басқаруға Есболған Тегісбаев жіберіледі. Ол қысқа мерзімде бұл оқу орнының сол кездегі талаптарға сай материалдық-техникалық базасын жасақтап үлгереді. Онда фармацевтикалық және түбегейлі пәндер бойынша жаңа оқу-әдістемелік нұсқаулықтар мен оқу құралдары, бағдарламалар жинақталады. Оңтүстік Қазақстанда үлкен фармацевтикалық кітапхана ашылды, шипалы шөптердің питомнигі, студенттерге арналған 150 орынды спорттық-сауықтыру кешені салынды. Мұның барлығын жүзеге асыру  айтуға ғана оңай еді. Ал, іс жүзінде бұл үлкен қажыр мен қайратты талап ететін жұмыстар еді. 
Есболған ағайдың аталмыш филиалдың жұмысын ұйымдастыруда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен, И. Сеченов атындағы 1-медицина институтымен, Пятигорскінің фармацевтика институтымен, Киев, Ташкент қалаларындағы мединституттармен тығыз байланыста болып, олардан көрнекті фармацевт ғалымдар шақырып, бізге дәріс оқығанын айта кетуді жөн көріп отырмын. Фармацевтикалық химиядан Мельентева, фармакогнозиядан Арзамасцев, дәрілік заттар технологиясынан Крамаренко секілді есімдері Одаққа белгілі ғалымдар дәріс берді. Осының барлығы Есболған ағайымыздың үлкен ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігінің арқасында жүзеге асты. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде бұл ұжым 10 жылда фармацевт мамандарын даярлауда үлкен жетістіктерге жетіп, соның арқасында филиал Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина институты болып құрылды. Ал, Есболған Тегісбайұлы Оңтүстік Қазақстан облысын медициналық мамандармен қамтамасыз етуге көп үлес қосты. Оның бастамасымен 1000-нан астам мектеп түлегі медициналық жоғары оқу орындарына арнайы бағдарламамен оқуға түсті.
 1990-1994 жылдары Есболған Тегісбайұлы Алматы мемлекеттік медицина институтының проректоры қызметін атқарды. Бұл кезеңде де жоғары оқу орындарының ірі ұйымдастырушысы, оқу-әдістемелік жұмыстардың білгірі ретінде көріне білді. 20 жылдан астам уақыт институттың студенттерді қабылдау комиссиясын басқарды. 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан медицина университетіне ауысып, ректордың кеңесшісі, фармацевтика мен стоматология факультеттерінің деканы қызметтерін атқарды. Ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы мейірімділік және денсаулық қорының төрағасы, «Новое в медицине и фармации» журналының және «Қазақстан. Кто есть кто в медицине» кітабының  редакциялық кеңесі төрағасының орынбасары, «Фармация» журналының редакция мүшесі, т.с.с. қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Сөйте жүріп ғылымдағы ізденісін де тоқтатпай, 100-ден астам ғылыми еңбек жариялаған, фармация бойынша өткізіліп  тұратын әртүрлі деңгейдегі конференциялар мен съездерге ұдайы қатысып тұрады. Оның басқаруы кезінде Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент  филиалында 26-дан астам қызметкер диссертация қорғап, ғылым кандидаты атанған. Олар қазіргі Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясында, отанымыздың ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында және шетелдерде жемісті қызмет атқаруда.
Есболған ағайымыздың іскерлігімен қатар адамгершілік қасиеті де ерекше еді. Соның бір көрінісі ретінде үлкен ғалымның өзінің ұстаз тұтатын адамдарын құрметтеп, оқушыларға үнемі үлгі етіп  жүруін айтсақ болады. Марқұм өзіне ұстаздық еткен Сибағатулла Қарынбаевты, Қожахмет Шуақовты, Тихон Федорович Ильинскийді, Михаил Дмитриевич Исаевты үлкен құрметпен, әрдайым жақсы лебізбен есіне алып отыратын. 
Осындай ұстаздардан тәрбие алған Есболған ағайымыздың ізгі ниеті, қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі және парасаттылығы, айналасындағылармен жақсы қарым-қатынасы қиын өмірді оңайлатып жіберетін. Ол осы қасиеттерімен, қарамағындағыларға ұрыспай, дауыс көтермей-ақ айтқанын істете алатын. Бұл кісінің жүріп өткен өнегелі жолы мен таңғажайып өмірі баршамызға үлгі боларлықтай.
Есболған ағайымыз кезінде отбасындағы жағдайы өте ауыр, жетім-жесір, мүгедек студенттерге әкесіндей қамқор болып, киім-кешек, оқу құралдарын әперіп, ақшалай да көмек көрсетіп, каникул кезінде «Сарыағаш» шипажайларына тегін жолдама бергізгенін шәкірттері әлі күнге дейін айтып отырады. Осындай тәлім-тәрбие көріп өскен шәкірттерінің бірі – институттың 1984 жылғы түлегі, Ордабасы аудандық мәслихатының бірнеше дүркін депутаты болған азамат, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі Әлжігіт Тұйғынбектің бастамасымен Есболған Тегісбаев атындағы қор ашылып, сол академиядағы өздері жақсы оқитын, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан студенттерге қор атынан бір жолғы стипендия тағайындалған.     
Фармацевтика факультетінде ботаника, фармакогнозия деген пәндер өтіледі. Әр семестрден кейін оқу-тәжірбие жұмыстары басталып, студенттер бұрынғы Леңгір ауданы, Қасқасу елді мекенінің Керегетас деген жеріне барып, дәрілік өсімдіктермен танысып, гербарий жинайтын. Студенттер тек қана біздің институттан емес, басқа да фармацевтикалық жоғары оқу орындарынан, атап айтқанда, Харьков, Ташкент, Бішкектен де келетін. Осының барлығын Есболған ағайымыз өзі ұйымдастыратын. Керегетастың табиғаты керемет, ауасы таза, дәрілік өсімдіктерге бай, таулы-тасты, ағып жатқан мөлдір бұлақтары адам жанын еріксіз өзіне  баурап алады.
Ол кісінің шәкірттері бүгінде елімізден бөлек, Америка Құрама Штаттарында, Англияда, Франция, Израиль, Германияда еңбек етіп жүр.    

Қайрат ЖОЛДЫБАЕВ, 
Алматы қаласындағы Қазақстан-Ресей медицина университетінің  
аға оқытушысы.
Пікір қалдырыңыз