Үзеңгі

Үзеңгі – ат әбзелдерінің ішіндегі маңызды бөлігі. Археологиялық зерттеулерге қарағанда үзеңгі б.з.б. I мыңжылдықтан бастап қолданылып келеді. Ол атқа оңай мініп-түсу үшін және ат үстінде мығым отыру үшін қолданылады. Бұдан мәлім болғаны – ата-бабаларымыз жылқымен кеңістікті игерген. Үзеңгіні керемет өнертабыс ретінде ата-бабамыз ойлап тапқан. Жауынгер – шауып келе жатқан аттың үстінде үзеңгіге аяғын тіреп тұрып садақ атқанда, найзасын сілтегенде, оның күші екі есе көбейген.
Айтпақшы, қалай үзеңгі пайда болды, солай садақшылар дәуірі басталды. Үзеңгі жоқ кезде, бұрынғының атты әскері бір орында тұрып қана оқ жаудыра алатын. Енді аяқты тірейтін зат табылғалы, шауып бара жатып та жебені заулатуға мүмкіндік туды. Енді жауын қуып бара жатып та, қашып бара жатып та атысуды бір сәт те доғармайтын болды. Сонымен қатар, үзеңгі әскери тұрғыдан ғана артықшылық беріп қойған жоқ. Үзеңгі адам баласына алыс қашықтықтарды бағындыруға мүмкіндік берді, салт атты кісі бір тәулікте 200-дей шақырым жолды артқа тастай алатын болды. Жылқыға жайдақ мінгенде үстіндегі кісінің салмағынан адам да, ат та тез шаршап қалатын. Ал, үзеңгі пайда болғалы жорықта жүріп жол бойы ауық-ауық үзеңгіге көтеріліп отырғандықтан, аты да, өзі де тыным алып, ұзақ жолда көп қажи қоймайтын болды. Үзеңгіге көтерілгенде аттың да белі ауық-ауық дем алады. Бұл – бір. Екіншіден, майдан даласында үзеңгіге аяқ тіреген жауынгер 180 градусқа жалт бұрыла алатын болды.
Тарихшы Арман Жұмаділов: «...Қылышпен қидаласқан кезде, найзамен түйрескен кезде арт жағыңда тіреу боп тұру керек. Садақты шайқалмай ату үшін аяққа тіреу керек... Ол тіреу – үзеңгі еді. Үзеңгінің ойлап табылуы 7 кереметтен де керемет дүние еді. Бұл үзеңгіні біздің көк түріктер IV ғасырда ойлап тапты» деп жазады.
Әрине, бұл жаңалық аяқ астынан ойда-жоқта табылған жоқ. Алтайдағы көк түріктер осы үзеңгіні ойлап табардың алдында тұңғыш рет металлургия тарихында шойыннан жоғары сапалы болат алуды меңгерді. Бұл үрдісті көк түріктер жасаған шойын-болат революциясы десек, артық айтқандық емес. Ыстық-суыққа, табиғи факторларға, деформацияға шыдайтын темір үзеңгілер пайда болды.
Үзеңгіні еуропалықтар біздің заманымыздың 420 жылынан бастап қолданғаны жөнінде дерек бар. Ең алғаш бұл бұйыммен византиялықтар көшпенділердің батысқа ауған бөлігі –аварлар арқылы танысыпты. Қытай жұрты да үзеңгіні осы түріктерден үйренген. Ол туралы қытай археологы Лю Хань және басқа да ғалымдар жылқы үзеңгісімен қоса басқа да жабдықтар Қытайға солтүстіктегі көшпенді түріктерден (Түрік қағанатынан) тараған» деп жазады.
«Үзеңгі – кейде қару. Оны соғыста қару ретінде пайдаланған. Кейінге дейін біздің аталарымыз қылышы сынып, қарусыз қалса, үзеңгіні шешіп алып, қаруға айналдырып жіберген. Қолында ешқандай қару болмаса, үзеңгімен қасқыр соққандарды өзім көрдім» дейді археолог Әбдеш Төлеубаев.
Үзеңгі бір-біріне құйылып жалғасқан екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі құлақ деп аталады. Құлақ – үзеңгінің жоғарғы бөлігі яғни ерге былғары қайыс арқылы жалғанатын бөлігі. Үзеңгінің құлағы төртбұрыш пішінді болып, биіктігі 3,5 сантиметрдей, ұзындығы 5 сантиметрдей болып келеді. Үзеңгінің екінші бөлігі басқыш немесе табан тірегіш деп аталады. Үзеңгінің табан тірейтін жері жалпақ болып жасалған ұзындығы 12 сантиметрдей, ені 5 сантиметрдей, табан тірейтін жерінің астыңғы жағы иректеліп әсемделген. Үзеңгі ердің екі қапталына қайыс бау арқылы тағылады. Екі қабырғасының жоғарғы жағында таралғы өткізетін тесік болады, ал, аяқ киімнің табаны тұратын жері тұтас сопақша болып келеді. Ерге үзеңгі тақпаса адам атқа оңай мініп, оңай түсе алмайды. Тіпті, атқа мінген күннің өзінде де аяғын үзеңгіге салып отырмаса атқа орнықты отыра алмайды. Сондықтан үзеңгі ат әбзелдері ішіндегі ең маңызды бөліктерінің бірі болып саналады.
Жасұлан Исабаев,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының аға ғылыми қызметкері.