Бөрі, бөрісырғақ туралы не білеміз?

Жалпы, түркі әлемі, оның ішінде қазақтар да қасқырды әу бастан-ақ кие тұтқан. Халық ақыны Сүйінбай Аронұлының
Бөрілі байтақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.
Бөрі басы ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсем,
Қозып кетер қайдағым, – деп жырлауында үлкен астар жатыр.
Ал, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан «Қасқыр бейнеленген петроглифтер» атты еңбегінде «Қасқыр бейнесінің мол таралуы – ежелгі тайпалардың қайсарлықты үлгі етіп, қасқырды тотем еткендігінің айғағы» деп жазады.
Сонымен, бөрі дегеніміз қасқырдың арланы болып шықты. Қазақ қасқырды көкжал деп те сипаттайды. Бұл – қасқырдың арланы. Ал, қаншығы шулан делінеді.
Қасқырдың үйірін қазақтар «әуек» деп атаған. Бір әуекте шамамен жиырма-отыз қасқыр болады. Жері орманды орыстар әуекті «стая» деп атайды. Осы «стаяны» бастаған жетекшіні «вожак» дейді. Осы сөзден кешеге дейін айтып келген вожатый сөзі шығады. Демек, «вожак» – жетекші. Бастаушы. Көсем. Орыстың осы сөзін іліп әкетіп біз көшбасшы, көсем дегенді жиі қолданатын болдық. Бұрынғы қазақтар қасқырлардың басшысын «әуекбасы» деген. Бұл сөз кейінгі кезде айтылмайтын болды.
Қазақта «абадан» деген де сөз бар. Бұл да қасқыр үйірінің басшысы. Сонда әуекбасы мен абаданның айырмасы неде?
Тәжірибеге сүйенсек, қасқырлар аңға жиырма-отызы бірдей шықпайды. Неге? Өйткені, әуек арасында қартайғаны, жараланғаны, көшке ілесе алмайтыны болады. Бұлар күш жағынан әлсіз болғандықтан өзара бірігеді, топтасады. Әрине, әлсізге де тіршілік керек. Бұлар топтаса келе үлкен бір әуекке айналады. Осы топты басқаратын азулыны абадан деп атайды екен.
Табиғат заңымен қасқырлар да өсіп-өніп көбеюі тиіс. Сонда олар қалай көбеймек? Әрине, жұп құрады. Қасқырлар әуегінде бір ғана жұп болады екен. Сол жұпқа түсетін қасқырдың арланын бөрі деген. Демек, қасқырдың барлығы бөрі бола алмайды. Мұны енді жылқы үйірімен мысалға келтірсек, үйірде бір ғана айғыр болады емес пе?І Мұнда да сол сияқты. Яғни әуектегі шуланның барлығына бір ғана қасқыр ие. Оны бөрі дейміз.
Бөрі өзіне сенімді серік іздейді. Әуек ішінен оны жазбай таниды. Бөрінің ендігі серігі бөрте аталады. Бөрте дегенде есімізге түрлі жәйттер түседі. Шыңғыс қағанның жары Бөрте емес пе еді?І Бүгінде Бөрте есімді аналарымыз, әпкелеріміз, қарындастарымыз жетіп жатыр. Бөрте – киелі есім!
Қасқырлардың заңы да қатал. Мәселен, олардың аңға топтасып шығатынын бәріміз білеміз. Ортаға түскен олжа теңдей бөлінеді екен. Олар әуелі аңға жарамайтын қарақұлақтарын тамақтандырады. Мұнан соң аңға жарамайтын кәрілері мен жаралыларды азықтандырады. Осы қасқырға тән дәстүрдің өзі олардың текті екенін паш етпей ме?І
Тағы бір таңырқатарлық жәйт, «аңшылар» оралғанда азықты теңдей етіп бөлу бөртенің міндеті екен.
Жалпы, жыртқыш десек те бөрі мен бөрте ұрпақ өрбітудегі табиғи тірліктерін кез келген жерде, өз ортасында ашық жасамайды екен. Олар бұл шаруаларын ешкімнің көзіне түспейтін жерде жасырын жүзеге асырады. Әуелі олар әуектен бөлініп, оңаша кетеді. Тап осы кезде ақпанның ақырған бораны басталады. Табиғат осы боранды әлгі екеуінің оңашалығын жасыру үшін әдейі жібергендей ойға қалдырады. Міне, осы амалды бабаларымыз «бөрісырғақ» деп атаған. Бұл амал ақпан айының 17-25 аралығында өтеді.
Бөрте бөлтірігін 63 күн көтереді. Сәуір айының аяғында дүниеге қарақұлақтар (қасқырдың күшіктері) келеді. Бөрте кейде 9-ға дейін, кейде жалқы туады.
Бөрісырғақты білмейтіндер қыстың күні қардың желдің күшімен жол бойында сырғып бара жатқанымен түсіндіреді. Құйындай ойнап жер бетімен сырғып бара жатқан борасында сырғыма қар көрген адам оны бөрісырғақ деп қателеседі. Анығы – ол ақпан айындағы құбылыс.
С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ.