Тұтынушының құқығын кім қорғайды?

2024 жыл Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті үшін тиімді әрі нәтижелі болыпты. Себебі, департамент былтыр бірнеше маңызды көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізген және сауда саласындағы бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жұмыстары белсенді жүргізілген. Мәселен, өткен жылы департаментке 1624 өтініш түсіп, оның 1495-і қанағаттандырылған. Нәтижесінде өңірдегі тұтынушыларға 107 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылған. Бұл туралы департамент басшысы Асқар Әшімханов өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте айтты.
– Бұл – қарапайым қаржылық көмек қана емес, көптеген тұрғынның өз құқығы мен әділеттілікті іздеуге деген ұмтылысы. Мәселен, бір тұтынушы 13 миллион теңгеге сатып алған сапасыз пәтерінің қаржысын қайтарып алды. Тағы бір азамат құны 6 миллион теңге тұратын сапасыз қызмет үшін өтемақы алды. Департамент сонымен қатар көптеген шағымдар мен өтініштерді қарап, әрбір тұтынушының мүддесін қорғау жолында нақты шаралар қабылдады, – дейді ведомство басшысы.
Спикердің айтуынша, былтыр өтініштерді талдау нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 497 әкімшілік іс қозғалған. Оның 264-і әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін асыра белгілеу, 74-і баға айырмашылығы немесе баға белгілерінің болмауы, 6-уы сауда базарларының қызметі, 15-і тұтынушының наразылық хатына жазбаша жауап ұсынбау және 100-і тұтынушыға арналған бұрыштың жоқтығы мәселелеріне қатысты. Осы жұмыстар нәтижесінде ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңын бұзғандарға хаттамалар толтырылып, 264 кәсіпкер ескерту алса, 74 субъектіге 946 908 теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, 34 тұлғаға кемшілікті жою туралы нұсқама берілген. Бұл шаралар нарықтағы тәртіпті қамтамасыз етіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау ісінде ерекше маңызға ие екендігі белгілі.
Баспасөз жиынында Түркістан облысындағы азық-түліктің, нақтырақ айтсақ, 9 негізгі әлеуметтік тауардың бағасы республикалық орташа бағадан төмен екендігі айтылды. Мысалы, күнбағыс майының бағасы 11,5 пайызға, сиыр еті 2,6 пайызға, сүт өнімдерінің бағасы 2,5 пайызға арзандаған. Бұдан бөлек, жұмсақ қаптамадағы сүттің бағасы 1,4 пайызға, сүзбе бағасы 5-9 пайыз аралығында, сәбіз бағасы 10,6 пайызға және қырыққабат бағасы 17,1 пайызға төмендеген. Сонымен бірге, құмшекер 6,4 пайызға, қарақұмық 30 пайызға, күріш 3,8 пайызға арзандапты.
Баспасөз жиынында департамент басшысы мемлекеттік қолдау және нарықтарды модернизациялау жұмыстарына да тоқталды. Оның айтуынша, Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен өңірде сауда алаңдарын, жұмыс орындарын және тауар айналымын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жалғасын тапқан. Осы ретте 2024 жылы сауда саласына 101,4 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, қаржы сауда базарларын жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және сауда инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған.
Былтыр Түркістан облысындағы бірнеше базар тексеріліп, екеуі республикалық базарларды жаңғырту Жол картасына енгізілген. Жаңғырту жұмыстары өткен жылдың соңында аяқталыпты. Бұл іс-шаралар сауда нарығының сапасын көтеруге және халыққа қолжетімді әрі қауіпсіз сауда жағдайын қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Әсел КЕНЖЕБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 4-курс студенті.