Бәсекеге қабілетті мамандар даярлайды

Шымкенттегі Орталық Азия инновациялық университеті  - заманауи білім беру технологияларын біріктіретін еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университетті ілгерілету әдістерінің бірі – білім мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру. Бұл ретте заман талабына сай жабдықталған оқу орнында білім алуға, ғылыммен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Оқу орнының білім жолындағы жетістіктері де бір төбе. Университет түлектері бүгінде Қазақстанмен қатар шетелдерде де табысты еңбек етіп атқарып жүр. Олардың оқу ордасына деген алғыстары шексіз. 

Халқымыз «Ел ертеңі білімді, тәрбиелі жастардың қолында» екенін меңзеп, әрдайым жастарға көңіл бөліп отырған. Бүгінде жоғары оқу орындарының алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі – кейінгі буынның бойына рухани және адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, әлеуметтік әлеуетін дамытуға ерекше жағдай жасау. Бұл бағытта Орталық Азия инновациялық университетінде нақты жұмыстар қолға алынған. Соның ішінде «Химия, биология және экология» кафедрасының орны ерекше. Кафедраны ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ақмарал Бердалиева басқарады.
Кафедрада сапалы білім беретін және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлайтын білікті мамандар жұмыс істейді. Олардың қатарында профессор, химия ғылымдарының кандидаты  Р.Н.Жаналиева, биология ғылымдарының кандидаты Н.М.Есқараев, биология ғылымдарының кандидаты К.М.Муминова, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ж. И. Сапарова және ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Г.Б.Қылышбаева сияқты ұлағатты ұстаздар еңбек етеді.
Жалпы, кафедрада 6В01503 - «Биология», 6В01505 - «Химия-Биология», 6В05201 - «Экология», 7М01501 - «Химия» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Кафедра бүгінде ТМД және шет мемлекеттердің жетекші ғылыми білім беру орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста. Соның дәлелі ретінде, кафедрада озық мемлекеттердің тәжірибесін үйрену үрдісі жолға қойылғандығын айтуға болады. Атап айтар болсақ, Өзбекстан, Беларусь және Түркия сияқты елдердің жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, оқу үдерісіндегі жаңа технологияларды бірлесіп игеруде. Кафедра мүшелерінің көпшілігі халықаралық конференцияларға белсенді қатысады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері оқу процесімен қатар зертханалық-практикалық сабақтардың мазмұнына енгізіледі. Кафедрада бұдан өзге түрлі ғылыми-зерттеу және әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жүргізіледі.
Білім мен ғылымды ұштастырып отырған білім ордасы алдағы уақытта да сапалы білім мен тәрбие беру бағытындағы маңызды жобаларды жүзеге асыра береді.

Д.Тұрсынұлы.
Пікір қалдырыңыз