Тың игеру жылдарындағы теперіш

1954-1965 жылдар аралығында Қазақстан КСРО-дағы ең ірі астықты аймаққа айналды. 1954 жылы 2 наурызда КОКП-ның кезекті пленумы болып өтті. Онда «Елде астық өндіруді ұлғайту мен тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданды. Ұлы Отан соғысынан кейін халық шаруашылығын қалпына келтірудің қиындықтары аз болмады.
7 жылда (1954-1960) Қазақстанда 25,5 млн. гектар тың және тыңайған жерлер игерілді. Бұл жұмыс Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Торғай, Целиноград облыстарында орасан зор қарқынмен жүргізілді.
1954 жылы Кеңес Одағы бойынша 13,4 млн. гектар жер жыртылса, оның ішінде Қазақстанда 6,5 млн. гектар жер жыртылды. Бұл КСРО-дағы барлық жыртылған жердің 50%-ы еді. Оңтүстік өңірде де тың игеруге үлкен мән беріліп, көптеген өзге мамандық иелері де осы іске жұмылдырылды.
1954 жылы тамызда КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесі қаулы қабылдап, астық өндіруді молайту үшін тың және тыңайған жерлердің техникалық базасын нығайту ісі қолға алынып, 169 мың трактор, 98 мың комбайн, 73 мың жүк машинасын және көптеген ауыл шаруашылығы техникасын іске қосты.
Облысымызда кеңшарлар, ұжымшарлар көбейді. Статистикаға сүйенсек, авто-транспорттар, астық комбайндары 1000-нан 1900-ге, ал, тракторлар саны 3400-ден 7500-ге жеткен. Тың игерудің сол заманғы идеологияға сәйкес жақсы жетістіктері ғана айтылып келді.
Ал, шын мәнінде тың игерудің қасіреті де аз болмады. Билік басындағылар ғалымдардың пікірімен санаспады. Экология мәселесінің, жергілікті халықтың ерекшеліктерін ескермеуі елге үлкен зиян әкелді. Қазақстанның тың өлкелерінде алпысыншы жылдарға қарай 9 млн. гектар жер жел эрозиясына ұшырады. Топырақтың құнарлы қабатын сәл көтерілген желдің өзі ұшырып әкетіп жатты. Жел мен химиялық топырақ эрозиясының салдарынан пайда болған шаңды дауылдар экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкеліп, нағыз экологиялық апаттың көрінісіне айналды.1956-1958 жылдары егістіктердегі 10 миллион гектардан астам құнарлы топырақ желмен ұшып кетті.
Тек ғалымдардың, соның ішінде академик Александр Бараевтың тікелей араласып, топырақты қорғау және жерді тиімді пайдалану тәсілдерін шұғыл енгізуінің арқасында ғана жағдай қалпына келді.
Тың игерудің рухани және демографиялық зардаптары да орасан болды. Қазақ-станға 1954-1962 жылдары тың игеруге КСРО-ның еуропалық бөлігінен 2 млн. адам қоныстандырылды. Сол себепті қазақ халқы өз жерінде азшылыққа ұшырады. 1959 жылғы халық санағы бойынша республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 миллион 787 мың, яғни барлық халықтың 29%-ын ғана құрады. Тың игерілген облыстарда 700 қазақ мектебі жабылды. Қазақ балалары мектеп-интернаттарда оқытылды, басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Бұл, біріншіден, қазақ жастарының ұлттық тілі мен мәдениетінен қол үзуіне әкеп соқтырды. Екіншіден, жергілікті елді мекендер мен жер-су атаулары орысша атала бастады. Республикада қазақ халқының үлесі 30%-ға дейін төмендеді. Мәдениет, ұлттық руханият ескерілмеді. Қазақ мектептері, балабақшалар, қазақ тіліндегі газет-журналдар күрт азайды. Қазақ тілінің қолданылу аясы тарылды. Тың игеру жылдары келген 2 миллионға жуық басқа ұлт өкіліне берілген артықшылықтар қазақ халқының беделін аяқ асты етіп жіберді.
1962 жылы Н.Хрущевтің бастамасымен Ақмола қаласының атауы Целиноград деп өзгертілді. Тың игеру кезінде құрылған кеңшарларда жергілікті халықтың ерекшеліктері ескерілмей, кейбір қазақ ауылдарына да шошқа өсіруге нұсқау берілді. Қазақ ауылдарында шошқа фермалары ашылғанымен олардың біразы көп ұзамай жабылып қалды. Өйткені, қазақтар шошқа шаруашылығын жүргізуден үзілді-кесілді бас тартты. Шошқа шаруашылығын дамыту қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығына кері әсерін тигізді. Түйе мен жылқы шаруашылығы құлдырап кетті. Емдік қасиеттері мол қымыз бен шұбат өндіру ұмытыла бастады.
Тың игеру жұмыстарында экологиялық жағдай күрт өзгерді. Ұланғайыр алқаптар жыртылып, көп жер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Мал шаруашылығы саласы нашарлады. Миллиондаған гектар жер жыртылғандықтан мал жайылымы тарылды. Ет, сүт өнімдерінің көлемі де кеміді. Мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жайылымдардың басым бөлігі жойылып кетті. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері аяққа тапталды. Тың игерушілер арасында қазақ халқының ұлттық намысын қорлайтын теріс пікірлер де тарады. Сарапшылар мен тарихшылардың көбі: «тың жерлер асығыс игерілді, кейде ұтымды тәсілдер де ескерілмеді» деген пікірде болды.
Тың игеру 1964 жылға дейін жалғасты. Мұндай жойдасыз саясаттан қазақ халқын еліміздің тәуелсіздігі ғана құтқарды. Қазақстан астықты шет мемлекеттерге экспорттаушы елге айналды. Тың игерудің экологиялық және рухани зардаптары болғанымен бұл бастама XX ғасырдың ірі экономикалық жобаларының бірі еді.
Қазіргі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы, экономикасы дамыған тұста жоғарыда айтылған кемшіліктер жойылып, халықтың әлеуметтік жағдайы да көтеріліп келеді. Өнеркәсіп саласы да даму жолына түсті. Түркістан облысының мемлекеттік архивінде 2009 жылы «Мырзашөл – елдік пен ерліктің дастаны» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оның құжаттары және 1939 жылғы Шымкент қаласы, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті президиумының ауыл шаруашылығын суару туралы күнтізбелік жоспары, Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесі атқару комитеті мен КПК облыстық комитеті бюросының 1957 жылғы 25 наурыздағы қаулысы, мақта шаруашылығын дамыту үшін 100 гектар жер игеру және оны жүзеге асыру туралы 1957 жылғы No37-138 қаулысы архивте сақтаулы. «Мырзашөл – ерлік пен елдіктің дастаны» тақырыбында жасалған фотосуреттердің арнайы тізімі де бар. Фотосуреттерде сарқырамалық құрылыс, канал жұмысшылары, каналдағы жұмыстар, яғни кеңейту, канал қазу сияқты көріністер бейнеленген. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне тағайындалған медальдар жөніндегі құжаттар мен 1954 жылдан 1960 жылдарға дейінгі қабылданған КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулылары, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлықтары да облыстық архивте сақталған.
Тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстары бойынша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне марапаттар тағайындау туралы қаулылар мен өзге де тарихи құжаттар да архив сөрелерінен орын алған.
Ақнұр НАЗАРОВА,
«Түркістан облысының мемлекеттік архиві»
КММ-нің архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің ғылыми қызметкері.
КММ-нің архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің ғылыми қызметкері.