Өзекті мәселелер талқыланды

Бауыржан ЕРМАН, «Оңтүстік Қазақстан».
Түркістан қаласындағы жаңадан ашылған «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Журналистер мен блогерлер клубының» мәжілісі өтті. Іс-шара аясында қоғамдық келісім мен этносаралық тұрақтылықты сақтау және толеранттылықты нығайту жолында БАҚ-тардың күш-жігерін біріктіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткізілетін іс-шараларды, өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылау, ақпараттық саланы жетілдіру жұмыстары талқыланды. Мәжіліске қатысушылар «Достық үйі» ғимаратын аралап, ҚХА құрылымдары және этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысты.
БАҚ өкілдерінің басын қосқан бұл жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, республикалық ҚХА Журналистер клубының төрағасы Әлішер Сатвалдиев, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшылары, мекеме қызметкерлері және Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Журналистер мен блогерлер клубының» мүшелері қатысты. Жиынды клуб төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізіп отырды.
Алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары өңірдегі қоғамдық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, БАҚ өкілдері елге ақпаратты жеткізіп қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік саясатты қабылдауына тікелей әсер ететінін жеткізді. Ал, Сенат депутаты Әлішер Гапиржанұлы этика қағидаларын сақтау және этносаралық мәселелерді хабарлау барысында журналистердің жауапкершілікті сезінуі қажет екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің атқарушы директоры Тельман Бейсен БАҚ пен әлеуметтік желінің этносаралық қатынастағы рөлі туралы сөз қозғап, ақпарат саласындағы кейбір кемшіліктерге тоқталды. Одан бөлек, «Қызмет» газетінің бас редакторы, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова этносаралық қатынастар туралы халыққа ақпарат таратудың ерекшеліктері мен жауапкершілігі бойынша ойларын ортаға салып, өз тәжірибесін бөлісті. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты жобалары жайында әңгімелеп, этносаралық татулықты нығайтуға септігі тиетін ұсыныстарын жеткізді. Өзге де БАҚ өкілдері өз пікірлерін айтты.
Іс-шара соңында «Қоғамдық келісім» КММ-ның қолдауымен, «Журналистер мен блогерлер клубының» ұйымдастыруымен жыл сайын әлеуметтік желі қолданушылары арасында өткізілетін «Шаңырақ» шығармашылық байқауы жарияланды. Жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын байқау ҚХА-ның 30 жылдығы аясында өткізілмек. Сондай-ақ, Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты биыл желі қолданушылары «Бауырлас» тақырыбы бойынша қалам сермейтін болады. Байқауға кез келген әлеуметтік желі қолданушысы, журналистер мен блогерлер, баспасөз қызметі мамандары қатыса алады. Материалдар 2025 жылдың 27 қаңтарынан 15 қазанға дейін қабылданады. Байқау «25 қазан – Республика күні» мерекесі қарсаңында қорытындыланады.
Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.