Ақ үйдегі ұлықтау Еуропа елдеріне қалай әсер етпек?
Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі таққа отырған алғашқы күнінде өзінің сайлауалды уәделерін орындау мақсатында 100 жарлыққа қол қойды. Оның ішінде көпшілікті таң қалдырғаны АҚШ-тың барлық шет мемлекеттерге көмегін 90 күнге тоқтату туралы пәрмені болды. «Тексеріс жүргіземіз. АҚШ-тың кім-кімге болсын көмегі өз мүддемізге сай болмаса, біржола тоқтатылады» деді Трамп.
Президент Трамп бұрынғы басшылыққа қатысты соңғы сөздерінде «Америка Құрама Штаттары тәртіп пен демократияны ұмытып, шамадан тыс еркіндікке бой алдырды» деді. Елдегі бостандық гротесктік (күлкілі) формаларға ие бола бастағанын айтып, жағдай өзгеруі керек деген емеурін танытты. Осылайша елде тәртіптің күшейтілетінін ескертті. Қызметіне енді кіріскен Дональд Трамптың қарқыны күшті. Алғашқы екпінмен маңызды құжаттарға қол қойып та тастады. Бәрінен бұрын ол АҚШ пен Мексика шекарасында жалпыұлттық төтенше жағдай режимі енгізілетінін кесіп айтты. Тіпті, сайлаушыларына ол туралы уәде де берген.
Алдымен мексикалық есірткі картельдері террористік ұйымдар деп танылатынын айтқан. Енді елдің оңтүстік шекарасына әскер жіберілмек. Елде әділет министрлігі мен сот жүйесінің саясатшыл болып кеткендігінің зардабын ол өз басынан да өткерген. Енді онымен күресуге уәде беріп отыр.
Президент сөз бостандығын қайтарып, мемлекеттік цензураны тоқтататынын атап өтті. Бұл үшін арнайы Жарлық шығаратынын мәлімдеді. Трамп өзін бейбітшілік орнатушымын деп атады. Ол әлемдегі ең қуатты армияны жасақтайтынына уәде беріп, АҚШ-тың әскери жетістіктері «тек шайқастардағы жеңістермен ғана емес, сонымен қатар соғыстарды болдырмаумен» де өлшенетінін айтты. Былайша айтқанда, жаңа президент соғыстан гөрі бейбітшілікті жақсы көреді. Инаугурация болған күні осы ұстанымына орай, журналистер одан «Ресей мен Украина арасындағы соғыс тоқтайды ма, сіз Путинмен сөйлесесіз бе?» деген сауал тастады. Трамп «ол соғыс тоқтауы тиіс. Путинмен сөйлесемін» деп жауап қатты. Бірақ, нақты күнін айтпады.
Өз сөзінде Трамп Марсқа АҚШ туы тігілетінін, сондай-ақ, Панама каналын бақылауына қайта алатынын және Мексика шығанағы енді Америка шығанағы деп өзгертілетінін мәлімдеді. «Бізде ішкі дағдарыстардың ешқайсысын еңсере алмайтын үкімет болды. Бүгіннен бастап мұның бәрі өзгереді. Құдай менің өмірімді Америкаға қайтадан ұлылығын қайтару үшін сақтап қалды. Біздің алтын дәуір енді басталды» деді Дональд Трамп.
Америка Құрама Штаттарының барлық шет мемлекеттерге көмегі уақытша тоқтады. Енді елдің осы алтын дәуірінің әсері өзгелерге, оның ішінде дамыған Еуропа елдеріне қалай болмақ? АҚШ кіммен дос болып, кімге қырын қарамақ? Бұл тәсілдің Германияға ықпалы болады ма? Америка мен Қытайдан кейін экспорттаушы елдердің үшінші сатысында тұрған әрі жалпы ішкі өнімі 4,2 трлн. еуроны құрайтын, Еуроодақтың алпауыт мүшесі, сексен мыңнан астам халқы бар Германия канцлері Олаф Шольц инаугурацияға неге шақырылмай қалды? Бұл сауалдар бірқатар саясаткерлерді кәдімгідей ойландырып отыр. Алайда...
Алайда, Германия канцлері Олаф Шольц өзінің АҚШ президенті инаугурациясына шақырылмай қалғанын «қалыпты жағдай» деп бағалап, «ол жаққа көп елден елшілер ғана шақырылды. Біздің ел үшін де сондай шешім болған» деді. Алайда, АҚШ-қа бірқатар елден елші емес, тікелей президенттері шақырылғаны жайлы Шольц тіс жармады. Тек Трамп дәуірінде Еуропа елдері болашаққа сенімді қадам жасайды деп қорытты.
Германия канцлері лауазымына кандидат әрі христиан-демократиялық одағының жетекшісі Фридрих Мерц жуырда Еуропа халық партиясының мәжілісінде «Трамптың қайта келуінен Еуропаға келер қауіп жоқ» деп мәлімдеген еді.
«Дональд Трамп құбылмалы тұлға емес, позициясы тұрақты лидер, ойлағанын ірікпей айтады, айтқанын орындайды. Оның Ақ үйге оралуы АҚШ пен Еуропа арасында мейлінше ашықтық пен нақтылықты орнатады» деген Фридрих Мерц 23 ақпанға жоспарланған халықтық сайлау алдындағы сауалнама бәсекесінде көш бастап тұр. Ал, канцлер Шольц болса, Германия мен АҚШ-тың алдағы уақыттағы ара-қатынасы қалай өрбитінін нақты айта алмай отыр.
Ал, Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербок канцлер Олаф Шольцпен Украинаға берілетін 3 млрд. еуро көлеміндегі әскери көмекке қатысты айтысып қалды. Бұл туралы Ресей сенаторы Алексей Пушков өзінің Telegram-каналында жазды. Саясаткер Киевке көмек қаржыны беруді қолдайтын Бербок ханым қорғаныс министрі Борис Писториуспен оны егжей-
тегжейлі талқылап, мәселені әбден «пісіріп» алса да, Шольц тарапынан «жоқ» деген жауап естігенін
жазады.
Ал, инаугурациясы өткен АҚШ президенті Дональд Трамп мигранттарға қарсы рейдтер бастамақ. Алғашқы рейд Чикагода, одан соң Нью-Йоркте, Лос-Анджелесте, Денверде және Майамиде өтеді. Бұрын қылмыс жасаған адамдарға ерекше назар аударылмақ. Бұған АҚШ иммиграциялық және кедендік бақылауының барлығы 200-ге жуық қызметкері қатысады. Трамп сайлау науқаны кезінде мигранттарды жаппай депортациялауға уәде берген-ді. Бұған дейін елден заңсыз иммигранттарды шығарып жіберу үшін тіпті, әскери ұшақтар да іске қосылатыны хабарланған. Трамп бақылаусыз көші-қонмен күрестен өзге, сайлауалды бағдарламасында ұсынғанындай, экономика мен сыртқы саясат стратегиясын өзгертуге де кірісті деуге болады. Оның нақты қандай сипатта өрбитіні әзірге белгісіз.