«Америка, саған айтам, Адамзат, сен де тыңда!»
Абай БАЛАЖАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қазір бүкіл әлем назары осы аптаның басында Америкада өткен елдің 47-ші президенті Дональд Трамптың инаугурациясына ауған десек, шындықтан соншалықты алшақ кетпеспіз. Адамзат патшаларды ұлықтау рәсімін бұрын-соңды көрмегендей, неге Трамптың осы жолғы инаугурациясына телміре қалды? Себебі...
Адамзатты ақыл-парасаттан гөрі жын көбірек иектеп тұрған қазіргі шақта әлем елдерінің көпшілігі Батыс елдерінен келетін импорт идеологиямен өмір сүруде. Бұрын мектепте бейғам отырған бейкүнә бүлдіршіндерге тек Америкада ғана бір есалаң кіріп келіп, суық қарудан оқ жаудыратын. Содан тамырын Америкадан тартқан бұл дерт көп кешікпей Еуропаға да жетті. Еуропаға бір жетіп алған соң арғы жағы белгілі емес пе, олардың иегінің астында отырған Ресейде де мектеп оқушыларын қырып салудың бірнеше фактісі тіркелді. Ресейдің көршісі өзің екеніңді ойлағанда маңдайдан суық тер бұрқ ете қалады. Тек «Алла сақтасын!» дейсің. Тағы да қайталап айтуға тура келеді, бұл рухани обырдың ошағы – Америкада.
Қазір әлемнің көптеген елдері сияқты Қазақстанда да гендерлік саясат үстемдік құрып тұр. Егер бұл саясат үстемдік құрмаса бүкіл әлемнің әйелдері қор болғандай екен. Оларды қорлықтан тура Батыс әлемі құтқарғандай түсінік қалыптасып үлгерді. Әйелді құрметтеуді әлем қызын ешқашан босағаға отырғызбай, төрге отырғызатын, сөйте тұра «қызға – қырық үйден тыйым, қала берді, қара құлдан да тыйым» деп бетімен жібермейтін, «Анаңды үш рет Меккеге жаяу арқалап апарсаң да оның ақ сүтінің қарызын өтей алмайсың», «Жұмақтың кілті анаңның табанының астында» деген түсінік қалыптастырған қазақтан үйренсе ғой дейсің. Жоқ, біз үшін де, басқалар үшін де Батыс әлемінің осы гендерлік саясат үлгісі өміршең болып шықты. Соның салдарынан үлкен қызметтерге негізінен халқының қамын жеген қыз-келіншектерімізді емес, әйтеуір жоғарыға берілетін есеп үшін кездейсоқ жандарды да ұсына беретін болдық. Нәтижесі не болды дейсіз бе? Нәтижесі – сәбиін еркелетіп, ерінің жағдайын жасап, үйді шуаққа толтырып отыруға тиіс қарындастарымызды, келіндерімізді сақтай алмадық. Гендерлік саясатпен мемлекеттік қызметке тартылған олардың біразы бүгінде коррупцияның құрығына ілініп, түрмеде отыр, біразы тергеуде жүр, алды шығып келді. «Гендерлік саясат» деп науқан қумай, әркім өз шаруасымен айналысқанда, бәлкім мұндай өкінішті жағдайлар азырақ орын алар ма еді... Іздеген адам бұл гендерлік саясаттың да төркінін Батыс әлемінен табады.
Иә, әлем азып бітті. Азып біткендігі соншалық, еркек еркекке, әйел әйелге үйленетін болды. Батыс бір жынысты неке деген сұмдықты ойлап тапты. Бүгінде бір жынысты некенің фабрикасы – Американың Аризона штаты. Жаңылыспасам, былтыр әлде арғы жылы Францияның премьер-министрі мен бір министрі – екеуі де еркек, бір-бірімен ерлі-зайыпты болып шықты. Батыста «көгілдір» болып жүрген еркекке ешкім жиіркенішпен қарамайды, қайта олар айналасына мақтанышпен қарайды. Ондайларды Қазақстанда жоқ деп ешкім айта алмайды. Қай бір жылы Қазақстан билігі қылмыс істеп сотталған сондай «бақытты жандардың» бірін не еркектердің түрмесіне, не әйелдердің колониясына отырғызарын білмей, біраз уақыт бастары қатып еді ғой. Мұндай сұмдықтан есін тез жиған Ресей болды. Олар Ресей мемлекетінде қос жынысты некенің жолын кесетін арнайы заң шығарды. Владимир Путинге ерегісіп, АҚШ-тың сол кездегі президенті Джо Байден қос жынысты некені арнайы жарлықпен Америкада заңдастырып берді. Міне, Сізге Америка!
Әлемге әмірін жүргізіп тұрған АҚШ мұнымен де тоқтамады. Олар ату жазасын өздері ғана алып тастамай, мұны бүкіл мемлекеттерден талап етті. Соның салдарынан қазір әлемнің біраз мемлекеті мойнына адам қанын есепсіз жүктеген қанішерлерін, бейкүнә қыздарды зорлаған, зорлап қана қоймай, артынан өлтіріп тастаған екі аяқты айуандарын салықшылардың есебінен асырап отыр.
Хош, сонымен осы дүйсенбіде АҚШ-тың 47-ші президенті Дональд Трампты ұлықтау рәсімі өтті. АҚШ-тың бұл инаугурацияға Ресей президентін де, Зеленскийді де шақырмайтыны о бастан белгілі болған, қызығы ұлықтау рәсіміне Германия канцлері Шольц те шақырылмады. Әрине, олар шақырылмады екен деп уақыт бір сәтке тоқтап қалмайды, қайта саясаттың қазаны бұрынғысынан да қатты қайнағандай әсер қалдырды. Инаугурация барысында Трамптың әр сөзінен «Америка, саған айтам, әлем, сен тыңда!» деген ой аңғарылып тұрды.
Сонымен, төрт жыл мерзімге сайланған Трамп не дейді? Сөзін «Американың «алтын ғасыры» дәл қазір басталды» деп сабақтаған ескі де жаңа президент заң мен тәртіпті қалпына келтіріп, америкалықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді. Демек, ол Америка мектептерінде жиі қайталанатын трагедиялардың да жолын түпкілікті кесуге жұмыс істейді деп байлам жасауға болады.
Дональд Трамп осы салтанатта Америка ендігі жерде екі жынысты ғана мойындайтынын жеткізді. Бұл нені білдіреді? Бұл Америка о баста өзі ойлап тапқан қарудан өзі оңбай зардап шегіп отырғанын білдіреді. Бұл әрі-беріден соң адамзаттың есін жия бастағанын көрсетеді.
Айтқандай, Трамп гендерлік саясатқа ендігі жерде мемлекеттік саясатта орын жоқ екендігін де қатаң ескертті. Гендерлік идеологияға тыйым салатын жарлыққа қол қоятынын ашық мәлімдеді.
Америкада өлім жазасы федералдық деңгейде қайта қалпына келтірілетінін ескертуді де ұмытпады.
Ресей – Украина жанжалын, Таяу Шығыс дағдарысын реттеуге де уәде берді. Қалай реттейді, жалпы реттей ала ма, бұлардың жауабы алдағы күндердің еншісінде.
Жаңа президент Мексика бұғазының атауын Америка бұғазы деп өзгертуге бел байлап отыр.
Мигранттарды еліне қайтару да күн тәртібінде тұр. Америка өз елінде мұнайды молынан өндіріп, газды да көптеп өндіруді қолға алмақ.
Өзінің алдындағы президент Байденнің ақылға қонымсыз шешімдері мен жарлықтарының бәрінің де күшін жоймақ.
Мұның бәрін неге санамалап отырмыз? Себебі, бұл саясаттар бүкіл әлем елдері сияқты Қазақстанға да белгілі бір деңгейде әсер етпей қоймайды. Америка мұнайды молынан өндіруді қолға алса, мұнай бағасы арзандамай тұрмайды. Ал, ол экономикасы шикі мұнайға тәуелді Қазақстанға неге әсер етпесін?! Әсер етеді. Сол сияқты елден мигранттар шығарылса, күн көру үшін мұхиттың арғы бетіне аттанған біраз отандасымызға да оңай тимейді деген сөз. Демек, біздің Үкіметке мемлекеттің экономикалық саясатын тағы бір пысықтап алмаса болмайды.
Ал, Трамптың бір жынысты некенің, гендерлік саясаттың жолын кеспек ниетінен, ату жазасын қайта ендірмекке ұмтылысынан соншалықты өрескелдік көріп тұрмағандаймыз. Қалай болғанда да алдағыны Алла біледі. Біздің міндет – туған Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істеу. Сіздің де, біздің де қастерлі міндетіміз осы.