Қазақтың арқасына сыз, бойына аптап дарытпаған

Қойдың еті мен терісінен бөлек, жүні де айрықша маңызға ие. Бірақ, елімізде Шопан ата түлігі мыңдап саналғанымен, жүн мен терінің қадіріне жетіп жатқан ешкім жоқ. Қазақ халқы тұрмыс-тіршілігінде қойдың жүнін барынша кәдеге жарата білген. Одан киіз басып, түрлі жылы киімдер тоқыған. Бүгінде жүн түтіп, ұршық иіру, текемет басып, сырмақ сыру көзден бұл-бұл ұшты. Қазір облыс аумағында жүн өңдейтін шаруашылық жоқ. Шетелдік инвесторларды тарту бойынша мемлекет тарапынан ұсыныс болғанымен, бірақ, бұл кәсіпке ынта білдіріп жатқандар жоқтың қасы. Былайша айтқанда, қара қойдың жүні қотанда шіріп жатыр.
Қойдың жүні жыл мезгілі мен талшығының сапасына қарай жабағы, күзем, биязы және жартылай биязы болып бөлінеді. Жабағы жүннен шидем шапан тігіп, киіз байпақ басып, шәркей, шәлі тоқып, қалың көрпе тігу өткеннің еншісінде қалды. Елімізден шекара асып, өзімізге импорт болып келіп жатқан түріктің тоны мен қытайдың күртешесін удай ақшаға сатып алғанымызға мәзбіз. Фетр сияқты жасанды киізден қамзол киіп, төсеніш жасаймыз. Қазақтың тұрмыстық қажетін толық өтеген табиғи өнімді өңдеу ісіне ден қоймай, өңірімізде тоқыма өнеркәсібін дамыту мүмкін емес. Жеңіл өнеркәсіпке «жеңіл» көзқарас мыңдаған тонна қой жүнінің керексіз болып қалуына әкелді.
Өзім көп жылдардан бері қой шаруашылығымен айналыстым. Еңбек ететін адам болса, қой өте өсімтал түлік. Қазір шопан табу қиындап кетті. Сол себепті қой санын азайттық. Оның үстіне, қойдың жүні мен терісі құнсызданып қалды. Сондықтан бүгінде жылқы өсіруге ден қойдық. Себебі, «Жесе – тамақ, кисе – киім» деп қадір тұтқан Шопан ата түлігін көбейтуге жұмсаған қаражатым желге ұшты. Осындайда ұшқан түтінді де ысырап етпей, қажетіне жаратып жатқан қытай өнеркәсібінің қазақ өнеркәсібінен несі артық дегің келеді.
Бір жылдары қолға алынған «Алтын асық» бағдарламасы елімізде қой шаруашылығының дамуына оң ықпалын тигізді. Бағдарлама аясында аша тұяқтының саны көбейді. Алайда, жүні мен терісі сол күйі кәдеге жарамады. Қабылданған бағдарлама тек ет экспортын ұлғайтуға ғана бағытталған болып шықты. Ал, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы төрт түлікке берілетін жеңілдіктерден тағы да жүн мен тері сырт қалды. Асыл тұқымды саулық пен қошқар сатып алуға берілетін 15-150 мың (әр басына) теңге көлеміндегі субсидия жыртыққа жамау бола алмайды. Егер, мемлекет қой шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаға өзгерістер енгізіп, жүні мен терісін пайдаға жаратуды назарға алмаса, алдағы уақытта қой шаруашылықтарының саны тіптен кеміп кетуі мүмкін. «Қара қой, қара қи, қара жүн қазақты мәңгі асырайды» деген тәмсіл де ұмыт қалып барады. Қазір жүн мен қи қала түгілі, ауыл қазағының тұрмыс-тіршілігінен шеттеп қалды. Қазақтың арқасына сыз, бойына аптап дарытпай келген жүн және одан жасалған киізді керексіз қылып, жұртқа тастауға әлі ерте. Кезінде Кеңес әскерінің шинелі мен тоны, пимасы мен тұлыбы Қазақстан қойының жүні мен терісінен тігілген. Бүгінде біз мұны қаперге алмасақ та, киіздің ыстық пен суық өткізбейтін таза экологиялық қасиеті жоғары екендігін қытай мен түріктің бит терісінен биялай тігетін бизнесмендері жақсы біледі.
Облыста жер жетеді, жайылым да, шабындық та бар. Яғни сапалы жүнді қой тұқымын өсіріп, тоқыма өнеркәсібін жолға қоюға, сол арқылы мол табыс табуға мүмкіндіктің бәрі бар. Тек, осы бір ақсап қалған саланы көтеруге жүйелі жоспар, қомақты қаржы, жеткілікті көңіл бөлінсе, кезінде дүрілдеп тұрған, бүгінде тоқырап қалған саланы дамытуға мүмкіндік туар еді.
Әбдіғаппар МАМИЛАЕВ,
«Әмірхан» шаруа қожалығының төрағасы.
Созақ ауданы.