Жасындай ағып өткен жарқын ғұмыр

Әлімсақтан адамның табиғаты мың сан қатпарлы әрі құпия ғой. Сондықтан Жаратушының кейбір пендесінің мүмкіндігі де шексіз. Бір адамның бойында өнер мен спорттың қабысып, үйлесім табуы және осы екі салада да жетістікке жетуі өте сирек құбылыс! Жер жәннаты саналатын Төлеби ауданындағы асқаралы Алатаудың баурайындағы Сайрамсу мен Қасқасу өзендерінің қосылар тұсындағы Қасқасу елді мекенінде 1955 жылы 22 қаңтарда кіндік қаны тамған бала Бексейіт мектепті ойдағыдай тәмамдайды. Ал, 1981 жылы Мәскеудегі Строганов атындағы сурет және қолданбалы өнер училищесіне оқуға түседі. Студент кезінен шығыс жекпе-жегімен тұрақты түрде шұғылданады. Спорттың осы түрін өмір бойы жанына серік етті. Бастапқыда каратэ, кейін у-шу, бертінде таэквондо спортында ерекше табыстарға қол жеткізді. Ал, 1991-1998 жылдар аралығында Бексейіт Әбдезұлы Түлкиев ҚР таэквондо федерациясының тұңғыш президенті қызметін атқарды. 
Мамандардың айтуынша, таэквондо адамды сегіз қырлы, бір сырлы етіп тәрбиелейді. Ежелгі Шығыс елдерінде шығыс жекпе-жегінің шеберлері әрі дәрігер, әрі философ болған екен. Демек, сурет өнері де терең философиялық иірімдерді қажет етеді. Бұл мамандықты тек оқып-үйренумен ғана меңгеру мүмкін емес, ол үшін Жаратушыдан адамға берілетін ерекше қасиет болуы керек. Талантты суретші әрі таэквондо спортының тарланы туралы кезінде баспасөз беттерінде көп жазылды, телеарналардан да талай хабар көрсетілді!
Марқұм Бексейіт өзінің көзі тірісінде журналистерге берген сұхбатында бойындағы осы екі қасиеті туралы: «Суретшілік қаныммен қосып, жаныма біткен туды-бітті қасиетім. Мен одан өмірде ажырамаймын, ал, «спорт деген – бір сиқыр». Бала жасымнан оған да әуес едім» деген екен. «Екеуінің қайсысын қалайсыз?» деген сұраққа: «Әрине, суретті таңдаймын. Сурет – менің жаным, қаным, ғұмырым. Ал, спорт бар болғаны – ермегім» деп жауап қайтарған. 
Кезінде Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің көркем бейнелеу факультетінің деканы болып қызмет атқарған, бүгінде академик Ғарифолла Есім өзінің қылқалам шебері туралы мақаласында былай деп жазғаны бар: «... Менің байқағаным, Бексейіт суретші ретінде, жоғарыда айтылғандай, күннен келген ақ сәуленің жер бетінде сансыз түрге айналып, мың сан құбылысқа бастап кететін жағдайларды жинақтап, олардан табиғаттың мен көрмеген құбылыстарын бейнелегеніне таң қалушы ем. Сонымен бірге Бексейіт шығармаларының тынысы кең болатын, оның көркемдік ой-санасы еліміздің кең даласындай шексіздікті меңзейтін. Бексейіт кең құлашты әрі нәзік сезімтал суретші еді».
Бексейіт отбасыдағы екінші перзент еді. Ал, оның туған ағасы, қазақтың белгілі қаламгері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт әкесінің тегімен жазылса, Бексейіт Түлкиев бабасының ныспысымен жазылған. Қансейіт Әбдезұлының қапыда ажырап қалған інісіне деген шексіз сағынышы басылған емес, басылмайтын да шығар... Ол кісі аяулы інісі туралы естеліктерді жинап, бірнеше кітап шығарды. 
Әрине, Бексейіттің суретші болып қалыптасуына табиғи дарынымен қатар, туған жерінің тұмса табиғаты да әсер еткені сөзсіз. Ұшар басын ақ қар, көк мұз көмкерген биік таулар, етек-жеңі жасыл желек жиектеген алаптар, баурайында қыздың қос бұрымындай күндіз-түні сарқырап ағып, салқын самал желпіп отыратын қос өзен – Қасқасу мен Сайрамсу, көздің жауын алатын осынау керемет көріністердің барлығын Бексейіт бала кезден жадына тоқып, жүрегімен түйсініп өскені анық. Осындай ғажап сұлу табиғаттың ортасында өскен өреннің қолына қылқалам алып, бояу іздеп, ақ қағаздың бетіне сурет салуға талпынуы заңдылық еді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, суретшінің ішкі жан дүниесі осы туған жер табиғатымен тамырлас екенін айқын аңғарасыз.
Жалпы, қасиетті Қасқасудағы бұрын өткен тарихи оқиғалар зерделі жандарға әлі де рухани азық сыйлап келеді. Сол оқиғалар Бексейіттің де санасында сақталып, кейін ол айтулы шығармаларының арқауына айналды. Мәселен, ел аузында жиі айтылатын  «Қырық қыз» аңызын алайықшы. Ертедегі жаугершілік заманда аталмыш елді мекеннің тау жағындағы Жоңғар Алатауының баурайында сұмдық оқиға орын алған. Жау қолынан сол елдің барлық қару ұстарлық азаматтары қырғынға ұшырайды. Қорғаусыз қалған ауылға дұшпандар лап қояды. Елде қалғаны – қырық қыз. Бейкүнә бойжеткендер жауға күң болғанша, Жаратушыдан осы ауылды және өздерін мәңгілік тасқа айналдыруды жалбарынып сұрайды. Тілектері қабыл болып, олар қып-қызыл тастарға айналады. Осы аңызды шығармашылығына арқау еткен Бексейіт көлемі 2х3 метрлік «Қырық қыз» атты полотносын дүниеге әкелген. Бұл картина суретшіні «Жігер» фестивалінің лауреаты атандырды. Зады, өзінің ойына негізінен өшпес, өлмес, жойылмас, ескірмес идеяларды арқау еткен қылқалам шеберінің интеллектуалдық қуаты мол болғанын аңғарамыз. 
Бексейіттің «Ер бала», «Әкені шығарып салу», «Иірім», «Суық хабар», «Дала шежіресі», «1941 жылдың маусымы», «Теңізге саяхат», «Суретшінің түсі», «Замандастар», «Ата-баба жері», «Әже», «Түсіру алаңы» атты туындылары білікті мамандар мен бейнелеу өнерінің жанкүйерлері тарапынан жоғары бағасын алған. Шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі «Ұлы көш» картинасы екені даусыз. Ақиқатын айтсақ, көлемі 6х6 метрлік үлкен картинаға қазақ халқының бүкіл тарихы сыйып кеткендей. Бір айта кететін жәйт, аталмыш картинаны салуды суретші туған жері — Қасқасу ауылындағы мектепте бастаған. Бұл жәйттен хабардар болған мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов ағамыз Жамбыл облысының әкімі болып тұрған кезде Тараз қаласына шақырып, оған тиісті жағдай жасапты. Кең ауқымды полотнода Қожа Ахмет Ясауиден бастап, сол кездегі ел Президентіне дейін 89 тарихи тұлға сомдалған екен. Суретші өз дүниетанымына орай әрбір тұлғаны рет-ретімен орналастырған. Жасампаз идея қылқалам иесінің философиясынан туындағаны хақ. Әрине, бұл полотноны салу үшін көп ізденді. Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін оқыды, ислам ілімінің шамшырағының жан дүниесін, рухани әлемін осы образ арқылы жеткізді. Киелі өнер туындысы бір көрген жанның жанарын арбап, еріксіз «тұтқындап» қана қоймай, айрықша әсерге бөлейді. Картинаның осындай құдіреті бар.
Бексейіттің Мұстафа Өзтүрікпен және Джеки Чанмен достығы да өз алдына бөлек әңгіме. Әлемге әйгілі қазақ спортшысымен ол 1989 жылы танысады. Сол жылы режиссер Талғат Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірік» фильмі жүлде алып, Бексейіт екеуі Германияның Франкфурт қаласына барады. Осында Мұстафаны ұшыратады. Түркиядағы үйінде де қонақта болады. Мұстафаның мектебіне де соғады, мұнда таэквондоны терең меңгереді.  Осылайша қос спортшының достығы жыл өткен сайын нығая түседі. Сөйтіп, Бексейіт алтыншы данның талаптарын түгел орындап, «Қара белбеуге» лайық деп саналады. Кейін Мұстафаны мемлекет атынан Қазақстанға шақырады. 1990 жылы елге келген ұланды Иманғали Тасмағамбетов бастаған зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары күтіп алады. Ол екінші рет шәкірттерін ертіп әкеліп, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өнер көрсетеді. Тәуелсіз елімізде таэквондо федерациясы құрылып, оның тұңғыш президенті болып Бексейіт Түлкиев сайланады. Республиканың өзге өңірлерінде де осындай мектептер құрылады.
Мұстафа Өзтүрікті 1993 жылы Бексейіт Қасқасуға алып келеді. Табиғаты тамаша, ауасы таза, бұлағы мөлдір ауылда аунап-қунаған белгілі спортшы қазақтардың бауырмалдығы мен қонақжайлылығына тәнті болып, бір сергіп қалады. Талай жылдан бері жат елде жүріп, Отанын сағынған бауырымыз қатты толқып, жанарына жас алған екен. Мұстафаның ұлы да Бексейіт ағасына еліктеп, кескіндемеші болуға талпынғанын екінің бірі біле бермес. Бексейіт Түлкиев 1998 жылы Гонконгте өткен әлем чемпионаты кезінде бет-әлпеті өзіне ұқсайтын әйгілі Джеки Чанмен де танысып, достасады. Келесі жылы атақты актерді елге шақырады. Алайда, қазақтың марғасқасы бұл мақсатына жете алмады. Маңдайымызға біткен жарық жұлдыз жасындай жарқырап барып сөнді. Елімізге белгілі суретші әрі таэквондошы Бексейіт Түлкиев осылайша 1998 жылы 15 сәуірде 43 жасында қаскүнемдердің қолынан мерт болды. Сөйтіп, қапияда аяулы азаматымыздан айырылып қалдық. 
Көзі тірі болғанда биыл Бексейіт Түлкиев 70 жасқа толар еді. Елі үшін туған ердің есімі мәңгі өшпейді. Қасқасу елді мекеніндегі мектепке аяулы азаматтың есімі берілген. Жас ұрпақ оның рухына әрдайым тағзым етіп, атын ұлықтап жүр. 

 Мұхитхан ҮМБЕТҰЛЫ,
тарихшы-этнолог.

Серікқали МӘТҚАЛИҰЛЫ,
 журналист.

Абаданы қазақтың

(Толғау)

(Атақты суретші, шығыс жекпе-жек өнерінің хас шебері Бексейіт Әбдезұлының рухына тағзым)

Қансейіт пен Бексейіт екі арлан бөрілер,
Бөрілердің тағдыры қия жолда өрілер.
Артта қалған қайқаңдар, кейде қатал көрінер,
Жаңа жауған ақ қардай, жарқырап бір жалғанда,
Кейінгіге өмірің аңыз болып көрінер.

Ер қазақтың ұрпағы мәңгі аттан түспеңдер,
Диханкөлім сапырып қариям қымыз ішкен жер.
Қайнарбұлақ Әбдездер күйеу болып барған жұрт,
Кеңесарық көзге ыстық, күні кеше  дариға-ай,
Гүлперизат анамыз келін болып түскен жер.

Сайрамсу мен Қасқасу Алатаудан басталған,
Алдымыздан түлкідей қызыл, жасыл қашты арман.
Сурет сала бастаған сыр аңғарып тастардан,
Тарам-тарам жолдардай ауылдарға тараған,
Бексейіттен айырылып жанарлардан жас тамған.

Қамал алған қырық үш – қабіріне апарған,
Шырмауықтай тағдырға шырматылып шаталған.
Бексейіт, ол – батырым қайтпай қалған сапардан,
Шуақ шашқан сол сәтте батар күн мен атар таң,
Қасқасудан кетерде қариялардан бата алған.

Жан жағынан қапыда шибөрілер қамаған,
Қымыз тасып төгілді піскен ескі  сабадан.
Айға қарап ұлыды текті туған Абадан,
Сайрамдағы сансыз баб, Түркістандағы түмен баб, 
Ғайып ерен қырық шілтен,
Ауыл иті неліктен ызалы, һәм қабаған.

Түлкіжайлау, Әбдез бау, Саздыбұлақ...сүйегім.
Қарасора қайқаңы, Керегетас киелім,
Қара шалдың айтқанын көкірегіме түйемін.
Бала болып беу, дүние-ай, Бексейіттер ойнаған, 
Ана жазық белеңді есім кетіп сүйемін.

Мың сарбаздың тағдыры...қыршын кеткен шейіттер,
Қаза болған намазда мыңға жуық сейіттер.
Ессіз күннен қалған бір мүлгиді үнсіз бейіттер,
Қан-ағамның кітабы бүкіл елге тараған,
Ал, Бексейіт, қайран ер – бүгін мұңлы кейіпкер.

Он қарақшы артынан қанжар салған кекті түн,
Таң атқанда мейірімін шуақ шашып төкті күн.
Тобыр түбі топталған көрсетеді көптігін,
Ұсталған жоқ сол түнгі он қарақшы қандықол,
Бейғам келе жатқанда... түнге сіңіп кетті кім?

Қайталанбас талант, суретші еді ғажайып,
Ғажайыбы қазақтың бара жатыр азайып.
Айлы аспандай арманға қолымызды созайық,
Батырлардың жалғасы, асқақ рух, есіл ер,
Бексейіт пен жан досы Мұстафаны жазайық.

Стамбұлға барғанда Мұстафаның басына,
Құран оқып кеткенмін сипап сырлы тасына.
Айналайын, жас өркен, сен жылама, жасыма,
Абаданы қазақтың үнсіз жатыр зиратта,
Қан-ағаммен кеп тұрмын берілетін асына.

Қасымхан БЕГМАНОВ, 
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.



Пікір қалдырыңыз