«Әрбір кішкентай нәрсенің өзіне қуана біліңіздер»

Бір үйдің тұңғышы Әсемай Әшірбек – ерекше жандардың бірі. Жастайынан БЦП диагнозымен ауыратынына қарамастан, ол бүгінде бір отбасының арқасүйер тірегі. Соңынан ерген інілері мен сіңлілеріне қамқорлық танытып жүрген Әсемайдың өмірге құштарлығы мен қайсар мінезі кім-кімді де қанаттандырады. Елгезек қыз жақындарына қолдау көрсетіп қана қоймай,  қоғамға да пайдасын тигізуге құштар. Анасының айтуынша, Әсемай бала кезінен-ақ пайымдылығымен, кішіпейілдігімен айналасының құрметіне бөленген. Өмір жолында кездескен сынақтарға төзе білуге, жақындарына жігер беруге асығады. Таяуда біз Әсемай Әшірбекпен сұхбаттасып, оның өмірлік қағидасы мен арман-мақсатымен таныстық.

 – Әсемайдың балалық шағы қалай өткенін білгіміз келеді...
– Отбасыда 7 адамбыз. Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келдім. Екі інім және екі сіңлім бар. Қазір Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжде оқимын. ... Мектепке бірден барып, оқып кеттім деп айта алмаймын. 4-сыныпқа дейін үйде оқыдым. Себебі, мектепке баруға қорықтым. Адамдардың маған деген көзқарасы қандай болады, мені қабылдай ала ма деген сан түрлі сауалдар мазалай берді. Сондықтан мектепке баруды қаламадым. Арнайы мектепте істейтін туысқан әпкем бар еді, сол кісі жаз мезгілінде маған келіп, «Әсемай, мектепке жүрсеңші, сені қызық та керемет жандар күтуде. Достарың көп болады. Мұғалімдерден тәлім-тәрбие аласың, жарыстарға барасың» деп мені үгіттей бастады. Мен тартыншақтап «жоқ», бармаймын. Мектеп керек емес маған. Бәрін өз бетімше үйренемін» деуден танбадым. Дегенмен, әпкем дегеніне жетті. Оның сөзін тыңдап, мектепке баруға келістім. Сөйтіп, 5-сыныптан бастап Жамбыл облысы, Қаратау қаласындағы «Үміт» арнайы мектеп-интернатында оқыдым. Қазір сол шешімді қабылдағаныма  қуанамын. Мектебімнің, ұстаздарымның, достарымның арқасында өзімді басқа қырымнан тани бастадым. Мұғалімдердің арқасында білім алып, көкірек көзім ашылды. Әсіресе, Роза Қуанышбекқызына айтар алғысым шексіз. Сынып жетекшімнің мені қолдауы ерекше еді. Мені өз қызындай жақсы көрді. 
– Үлкен өмірге қадам басқанда қандай сезімде болдың? 
– Иә, өзімді жайсыз сезінуден, «басқалар мені қабылдай алмаса ше?!» деген күмәнді ойлардан толық арылдым. Әрбір жетістігім осы білім ордасындағы педагогтардың арқасында келді деп білемін. Ұстаздардың мейірімді көзқарастары мені ерекше сезімге бөлейді. Менің табысыма қуанатын жандар биіктен көріне берсін деп түрлі жобаларға, білім сайыстарына қатыстырып келеді. Жеңістерімнің бәрі ұстаздарымның маған деген  сенімі мен берген білімінің, төккен терінің жемісі. 
– Өзіңді қоршаған жандар жайында не  айтасың? 
– Ең әуелі он екі мүшесі сау адамдарға айтарым, денсаулықтың  қадірін  біліңіздер. Алланың  берген әрбір  нығметіне шүкіршілік етуді ұмытпаңыздаршы! Қандай қиындық кездессе де тайсалмаңыздар. Қандай арманыңыз болса да күні ертең міндетті түрде орындалатынына иланыңыздар! Өздеріңізге, өз білімдеріңізге сеніңіздер. Өмірді менше сүйіңіздер! Әрбір кішкентай нәрсенің өзіне қуана біліңіздер. Өйткені, тұтас өмір кішкентай, үзік-үзік бөліктерден, сәттерден құралады. Соны бағалай білейік! 
             
Әңгімелескен Дана ҚҰРМАНБЕК, 
Қожа Ахмет Ясауи атындағы 
халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика 
мамандығының 4-курс студенті.

Пікір қалдырыңыз