Алақандай Кипр

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Жаңа айдарға орыстың ұлы ойшылы Лев Толстойдың шығармасының атауын қоюымыздың өзіндік себебі бар. Адамзат тарихындағы ең көне әрі ең өзекті проблеманың бірі – жер дауы. Әсіресе, ірі империялардың мүддесін қорғау мақсатында туындаған жерге қатысты қақтығыстар адамзат тарихында терең із қалдырды. Бұл даулардың себептері көбінесе саяси, экономикалық және стратегиялық мүдделерге байланысты болды. Империялар үшін жаңа жерлерді иемдену – билікті, байлықты және геосаяси ықпалды арттырудың басты құралы саналды. Жаңа айдар аясында әлемнің әр бұрышында жер дауы бойынша «ыстық нүктелер» туралы әңгіме қозғаймыз. Алғашқы мақала алақандай арал – Кипр төңірегінде болмақ.
Біз Кипр аралына «алақандай» деп айдар тағуымызға оның жер көлемі себеп болып отыр. Оның аумағы небәрі 9250 шаршы шақырымды құрайды. Бұл біздің өңірдегі Бәйдібек ауданының территориясынан сәл-ақ үлкен дегенді білдіреді. Ал, Отырар ауданынан екі еседей кіші. Десе де, бізге алақандай көрінгенімен, үлкен саясат үшін бұл аралдың алар орны ерекше. Сол үшін де Кипр аралына деген талас-тартыс ғасырлар бойы толастаған емес.
Үш жүз жылдай Осман империясының отары болған Кипр аралы 1878 жылы Британия королдігінің қолына көшті. Осы кезден бастап кипрліктердің Грекия құрамына өтеміз деген арманы қайта оянған. Десек те, британиялықтар Кипр аралын уысында мықтап ұстады. Соның салдарынан мұнда қан төгілген жоқ. 1960 жылы Кипр мемлекеті тәуелсіздігін алып, арада үш жыл өткенде азаматтық соғыс басталды. Азаматтық соғыстың шығуына гректер мен түріктердің арасындағы қақтығыс себеп болды. Аралдағы гректер Грекияға қосылуға ұмтылса, түріктер өздері тұратын аумаққа Түркия иелік еткенін қалады. 1963 жылдың алғашқы 10 күнінде қақтығыстың салдарынан 364 түрік, 146 грек азаматы өлім құшты. Аралдағы түріктердің төрттен бірі үй-жайларын тастап, көшіп кетуге мәжбүр болды.
Түркия бұған байланысты «Таксим» жоспарын құрып, аралды 35-ші паралелльде екіге бөлу туралы ойластырды. Бірақ, Кипр аралындағы түріктердің гректерден аз болуына және олардың әр аймақта шашырап қоныстануына байланысты бұл жоспардың іске асуы мүмкін емес еді.
Осы уақытта Грекия аралдағы қандастарына көмектесу үшін 20 мың сарбазын жіберді. Бұл әскер аралдағы соғыс қимылдары үшін тым көп еді. Ал, Түркия тарапы АҚШ президенті Линдон Джонсонның хатынан кейін ұстамдылық танытқан. Джонсон «қырғи-қабақ соғыс» кезінде НАТО бойынша қос серіктесі Грекия мен Түркияның жанжалдасып жатқанын құп көрмеді. Десе де, бұл гректерді тоқтата алған жоқ. 1964 жылы Түркия әскері шоғырланған Коккина қаласы жау снарядтарының астында қалды. Түркия да үнсіз қалған жоқ. Олар Грекия әскері орналасқан нүктелерді атқылады. Араға БҰҰ-ның бітімгершілік әскері түспегенде үлкен соғыстың өрті тұтанайын деп тұрған. БҰҰ әскері кірген соң Кипр аралы біраз уақыт тынышталғандай еді.
1967 жылы Грекияның өзінде әскери төңкеріс орын алып, билік басына полковниктер келді. Билікке қарсы келгендерді тұтқындау, азаптау деген нәрселер Грекияда үйреншікті жағдай болып қалды. Елдегі жоғары оқу орындары ғимараттарының біразы абақтыға айналды. Еуропадағы ең демократиялы ел саналатын Грекия бірер күннің ішінде әскери диктатура орнаған авторитарлы мемлекетке айналып шыға келді. Билік басына келгендердің әскери амбициясы Грекиямен шектеліп қалған жоқ. Олар бұрынғы империялық билікті аңсап, Кипр аралын, Балқан түбегі мен Түркияның біраз бөлігін өздеріне қаратып алуды ойлады.
1974 жылдың жазында Кипрде төңкеріс орын алып, билік басына Никос Сампсон келді. Ол Кипрді Грекияға қосуды армандап жүргендердің көсемі болатын. Сампсонның билікке келуі Түркияны оятты. «Атилла» деп аталатын әскери жоспар құрған Түркия әскері 5 күннің ішінде жолындағының бәрін жайпап өтіп, ел астанасы Никосияға кіріп барды. БҰҰ-ның ескертуіне қарамастан Түркия аралдағы әскери қимылдарын тоқтатқан жоқ. Грекия билігін уысында ұстап отырған генерал Федон Гизикис АҚШ-тан Түркиямен соғыспау туралы тапсырма алған болатын. Соған қарамастан ол өзінің жақтастарын жинап, Түркияға қарсы әскер аттандыру мәселесін талқылаған. Бірақ, оның жақтастары Гизикисті бұл райынан қайтарды. Кейіннен елде мемлекеттік төңкеріс болып, Кипрге мойын бұруға шамалары да келмеді. Грекиядағы «полковниктер режимі» 1974 жылдың күзінде құлады. Сонымен бірге Кипрдегі Сампсон билігі де құлдырап, Түркия аралдың жартысына жуығын басып алды. 1983 жылы Солтүстік Кипрдегі Түркия Республикасы құрылып, тәуелсіздігін жариялады. Бірақ, оны Түркиядан басқа бірде-бір мемлекет мойындаған жоқ.
Күні бүгінге дейін аралды бір мемлекетке біріктіру идеясы жүзеге аспай келеді. Аралдың 37 пайызын Солтүстік Кипрдегі Түркия Республикасы алып жатыр. Қазір мұнда 300 мыңға жуық түрік этносы қоныстанған. Осылайша Грекиядағы «полковниктер режимінің» әскери амбициясы бүтін тұрған аралды екіге бөліп жіберді. Қазір Түркия да кері шегінгісі келмейді. Грекияға сеніп қара басқан Кипрдің де түріктерге қарсы тұрар дәрмені жоқ.