Димаш атаға өз қолыммен дәм ұсындым
Келін болып ақ босаға аттаған күннен бастап ата-енем жылышырай танытып, отбасының берекесі мен ынтымағы, сыйластықта екендігін өздерінің көркем мінездерімен ұғындыра бастады. Ол кезде қайын атам Ә.Тілеубердиев Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ кеңшарының директоры, ал, енем үйдің тіршілігін дөңгелетіп отырған абзал ана болатын. Үйден қонақ үзілмейтін.
Мен келін болып түскен күннен бастап енемнен өнеге алдым. Қазақтың бар салт-дәстүрін бойыма сіңіріп, үлкен шаңырақтың ұйытқысы болғым келді. Осы ниетімді аңғарды білем, таңғы шай үстінде атам:
– Балам, бүгін Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы, елдің қадірлі азаматы Димекең біздің кеңшарға ат басын тірейді. Мұндай күн қайталанбайды. Қазақтың бар жоралғысымен, салт-дәстүрімен жақсылап қарсы алайық. Арнайы ақ боз үй тіктірдік. Оның ендігі жасауы өздеріңнің қолдарыңда. Димекең ауылға, көңілі дархан елге келгенін сезінсін. Қымыз-қымыранды жігіттерге тапсырдым, – деді.
Дайындық басталып кетті. Енем ақ боз үйге көздің жауын алатын барқыт көрпешелер мен кілемдерді апарып, жарқыратып, жайнатып төсеп тастады. Дастарқанға қазы-қарта, жал-жая, бауырсақ, таба нан, құрт, май, жент, майсөк секілді ұлттық тағамдардың түр-түрі қойылды. Ғанижамал есімді жас келіншек екеуміз қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, қызмет көрсетуге әзір тұрдық. Тұңғышымды дүниеге әкелген шағым. Ғанижамал екеуміз ақбоз үйдің екі босағасында тұрып, Димаш атаны сәлем салып қарсы алдық. «Рахмет, айналайындар! Көп жасаңдар! Бақытты болыңдар!» деп батасын берді.
Димаш ата кең иықты, сұңғақ бойлы, бұйра шашты, жүзі мейірімді жан екен. Маңғаз жүріс-тұрысы, киім киісі өзіне керемет жарасқан үлкен кісі ақ үйдің есігінен ішке енді.
Ғанижамал екеуміз кісілерге шай, қымыз құйып беріп қызмет жасадық. Маңдайы ашық, жаны жайсаң, сөзі жұмсақ Димаш ата дастарқанда да өзін қарапайым ұстады. Қонақкәде жасалғанда жан-жағына күлімсіреп қарап, бастың бір құлағын кесіп алды да Сайрам аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Субботинге «жақсы хабар естіп жүр» деп ұсынды. Халық депутаттары облыстық атқару комитетінің төрағасы Шаймерденовке бастың көзін беріп «жақсылықтарды көріп жүр» деді.
Салқындап, сусындап, біраз тыныстаған соң Димаш ата егін алқабына барып, комбайншылармен, механизаторлармен, мамандармен дидарласып, ұзақ әңгімелесті. Содан кейін қаз-қатар тізілген техникалардың жағдайын бақылап, еңбек адамдарына табыс, өмірде бақыт тіледі. Естелікке суретке түсті. Жолдасым Әбибулла Әбутәліпұлы кейін сол кездесу сәтінен түсірілген суретті үлкейтіп, Дінмұхамед Қонаев атындағы мұражайға тапсырды.
Осы кездесу, Димаш атаның күлімсіреген келбеті әліге дейін менің көз алдымда. Тарихи тұлға атанған қоғам қайраткерлерінің ел басқару тәжірибесі, халықпен қарым-қатынасы, сөйлесе білу этикасы қашан да жастарға үлгі-өнеге болып қала бермек. «Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер» дегендей, мен отбасында да, еңбек жолымда да жақсы жетістіктерге жеттім. Жолдасым Әбибулла Тілеубердиев әке жолын қуып Бәйдібек ауданында «Бөген» кеңшарының директоры болды. Мен балабақша мен мектепте еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қостым. Дүниеге әкелген ұлдарымыздан жиырмадан астам немере сүйдік. Керегемізді алтын еткен келіндеріме мен де ризашылығымды білдіріп, ақ батамды беріп отырамын. Әуелі Алланың, сосын қайын атамның арқасында Димаш атаға өз қолыммен дәм ұсынып, ол кісінің ақ батасын алдым. Осындай күнді көрсеткен Жаратқанға мың да бір шүкіршілік етемін.
Фатима СМАНҚЫЗЫ,
ұстаз зейнеткер.
Еліңе еңбегіңмен бағалысың
Ағажан, өзің едің асылымыз,
Аталып өтіп жатыр «ғасырыңыз».
Кетейін атыңызды әнге қосып,
Өйткені өлең сөздің машығымыз.
Дәріптеп атағыңды өрлетейін,
Қалайша есіме алмай мен кетейін.
Аталып өтіп жатса туған күнің,
Әніммен туған жерді тербетейін.
Еліңе еңбегіңмен бағалысың,
Ел үшін өмір сүрдің, қоғам үшін.
Бұл халқың аямайды алғыстарын,
Кемеңгер өзіңіздей ағам үшін.
Ескерткіш келіп тұрмыз тұрағыңа,
Көкейден жатыр мына жыр ағыла.
Айтылған ән-жырменен жақсы сөздер,
Айналды ғибраттың бұлағына.
Жеткенше қызыл тілім мадақтайын,
Қалмайын өнерімді аяп дәйім.
Сіңірген еліңізге еңбегіңді,
Бұл халқың есіне алар сағат сайын.
Басшы деп халқың ерді көшіңізге,
Әр сөзің қуат берді осы бізге.
Баяғы көш бастаған Ұлы тұлғаң,
Қалады мәңгі біздің есімізде.
Майтжан ЖҰМАБАЕВ,
ҚР мәдениет саласының үздігі,
өнер қайраткері.
Аширбаев Мұхтар Айтмырзаұлы
Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады дегендей Сіз де Әбибулла көкем де текті жерден шыққан керемет жансыздар. Адам ұрпағымен мың жасайды.
Боранкүл Жантасова
Фатима СМАНҚЫЗЫөте әсерлі жазба .Қазақтың маңдайы на біткеннің біртуар Ұ Л Ы Т Ұ Л Ғ А. Д. ҚОНАЕВТЫ жүзбе - жүж көріп батасын.алу , екінің біріне бұйырамын БАҚ.Бақытты жансыз.АЛЛА ұлдарыңызға сондай даралықты жұғысты етсін
Сауранбаев Сапарғали Жакиұлы
Фатима Сманқызы ұстаздық жолында қызмет кеткен ардагер ұстаз. Жастарға үлгі боларлықтай ғибратты естеліктер жазыпсыз. Жазарыңыз көп болсын. Д. Қонаев атамыздың бойындағы қасиеті ұлдарыңызға дарысын, әруағы қолдасын.
Омаров Болатбек
Өте әсерлі әңгіме екен. Шын мәнінде әр-бір күн қайталанбайды ғой.
Омаров Болатбек
????????????
Ешимбетов Бекжан
Керемет????????????????????????????????????????