Биыл қандай заңдар қабылданды?

Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».
Заманына қарай заңдар да өзгеріп отырады. Биыл Парламент қабырғасында ел өмірін жақсартуға және мемлекеттің тұрақтылығын сақтауға бағытталған бірқатар заң қабылданды. Атап айтар болсақ, осы жылы Парламент Мәжілісіне түскен 247 заң жобасының 149-ына Президент қол қойса, оның 9-ы Ұлттық құрылтайдың бастамасымен қабылданды. Біз бүгін қабылданған заңдардың ең негізгілеріне тоқталмақпыз.
Өтіп бара жатқан Ұлу жылы еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Биыл экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту және бизнесті қолдау жұмыстарына айрықша мән берілді деуге болады. Соның арқасында әлеуметтік салаға қатысты көптеген мәселелер шешімін таба бастады. Республикамыздың барлық өңірлерінде жаңадан білім ошақтары бой көтеріп, оның ішінде, «жайлы мектептер» салынып жатыр. Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау нысандары көбейді. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер үшін арнайы төлемақылар енгізілді. Табиғатты қорғау қызметкерлеріне, олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге байланысты үстемеақы тағайындалды. Мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтардың, медицина қызметкерлерінің жалақылары көтерілді. Мұның бәріне Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды сәтті жүзеге асыруының арқасында қол жеткізілді.
Президент бастамасымен қолға алынған реформалар ел халқының тұрмысын жақсартуды көздейді. Осы орайда Ата Заңға енгізілген жаңа ережелердің мәні ерекше.
– Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осының арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президентіміз өз Жолдауларында «Жаңа Қазақстан» қоғамының негізгі ұстанымы әділеттілік екенін жиі еске салады.
– Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға тиіс, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен наурыз айында сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңға өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Мұның алдында заңды өзгерту туралы бастама көтерген депутаттар заң жобасы судьяларға тәуелсіз болуға көмектеседі, кассациялық соттардың қайта құрылуы істі толыққанды қарау құзыретін кеңейтеді деп мәлімдеген. Заң жобасының авторлары мұндай құзырет сот қателігін азайтып, сот үкімдерінің сапасын арттырады деп есептейді.
Сондай-ақ, биыл ҚР «Қоғамдық бақылау туралы» Заңына қол қойылды. Президенттің пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқық бұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді. Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заңбұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қорғау туралы заңға қол қойды. Еске сала кетейік, Президент қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында осы мәселені көтеріп, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенше арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалатынын айтқан болатын. Қара жұмыстан қажыған еңбек адамы үшін бұл да үлкен демеу болары анық.
Бейбіт заманда отағасының қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың тағдыры қалың бұқараны бей-жай қалдырмады. Бірақ, бұл кеше ғана пайда бола салған проблема емес. Қазақстанда туған-туыстарынан, өз отбасынан жапа шегіп жүрген жандар жоқ емес. Қасым-
Жомарт Тоқаев осы проблемаға байланысты екі рет – алдымен 2022 жылғы наурыздағы Жолдауында, содан кейін 2023 жылғы қыркүйектегі Жолдауында жауапкершілікті күшейтуді, заңды қатаңдатуды тапсырған болатын. Соған орай биыл әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын екі заңға қол қойылды. Заңнамаға енгізілген түзетулер Ұлттық Құрылтайдың, Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның, үкіметтік емес ұйымдардың, омбуд-смендердің және басқа да ведомстволардың талқылауынан кейін қабылданды.
Заң жобасында әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілікті күшейтетін, отбасы институтын нығайтатын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін арттыратын нормалар енгізілді. Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Сол сияқты 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және бас бостандығынан заңсыз айырғаны үшін де жаза айтарлықтай қатаңдатылды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды жәбірлегені үшін алғаш рет әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Енді білім беру ұйымдары кәмелетке толмаған жасөспірімдерге немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы алдымен құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Қоғамдық көлікте 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Сондай-ақ, заңда отбасылық құндылықтарды құрметтеу арқылы балалардың адамгершілік, рухани тұрғыда тәрбие алуына мүмкіндіктер қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш заң әлеуметтік әділеттілік пен әйелдер мен балаларды қорғауға маңызды қадам жасалғанын білдіреді.
Президент маусым айында «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Бұл заңды журналистер мен қоғам белсенділері екі жыл бойы талқылады. Жалпы, жаңа заң «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның негізгі ережелері бойынша дайындалған. Заңда мемлекеттік ақпаратты жүзеге асыратын бірыңғай медиа платформа құру көзделген. Сонымен қатар жаңа құжатта мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу талаптары қарастырылған. Заңда журналистердің қызметіне қатысты бұдан өзге де жаңашылдықтар аз емес. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа заңның журналистерді құқықтық жағынан қорғауға септігі мол болмақ.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының пәрменімен Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңға сәйкес, енді ауылға жұмыс істеу үшін баратын медицина қызметкерлеріне ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бір реттік ақшалай төлем беріледі. Бұл 8,5 миллион теңге. Айта кетерлігі, биылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды. Бұл шалғай елді мекендерге барып, жұмыс істеймін деген жандар үшін үлкен материалдық қолдау екені даусыз. Сондай-ақ, мұны сапалы медициналық қызметтерге зәру ауыл халқына әрі жас мамандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық десе болады.
Әрине, заңды қабылдау мен оны орындау – екі бөлек мәселе. Шерхан Мұртаза ағамызша айтсақ, заң –мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты. Заң қабылданды деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, ертең оны қалай жүзеге асырамыз? Әлбетте, заңды қатаңдатқанмен, проблема түбегейлі жойылып кетпейтіні белгілі. Сондықтан заң түпкілікті орындалуы үшін тұрғындар ең алдымен оны құрметтеп, тәртіпке бағынуы тиіс. Әрі өздерінің құқықтық мәдениетін көтеріп, заңға сай өмір сүруді үйренуі қажет.