Трендте – жылтыр көйлек

Сымбат Марат,
«Оңтүстік Қазақстан».
«Адам көркі – шүберек» дейді халқымыз. Киім әр адамның өмірінде маңызды орын алатын дүниелердің бірі. Ол үстімізде қонымдылығымен ғана емес, жарасымдылығымен, жайлылығымен, үйлесімділігімен ерекшеленеді. Киім үлгісі адамның сыртқы келбетін айқындап қана қоймай, оның мінезінен де хабар береді.
Жыл сайын тігіншілер мен дизайнерлер әртүрлі киім үлгілерін ойлап шығаруда. Әр адам өзіне сай келетін стильді таңдап ала алады. Әр жылда киімдердің түсі де, үлгісі де өзгереді. Мәселен, 2024 жылы ақ, қара, cұр түсті киімдер трендке айналды. Сонымен қатар, былғарыдан тігілген ішік пен баскиімдер де сән болды. Келе жатқан 2025 жылы жасыл, сұр жасыл, шие қызыл түстер трендке айналады деп күтілуде.
Отандық дизайнер Аида Қауменованың айтуынша, әр адамның өзіне тән стилі бар, өзіне не жарасатынын өзі жақсы біледі. Биыл мына киім сәнде, келесі жылы басқа киім сәнге айналады деп киінуге болмайды. Өйткені, әр жылдың тренді болғанымен, адам өзіне не жарасымды екенін жақсы білуі керек. Менің ойымша, сән деген ұғым тренд немесе бренд киімдерді киюде ғана емес, талғаммен киіне білуде. Егер сәнді боп киінгіңіз келсе, жарасымды киіне біліңіз дейді.
Қазақстан нарығында Түркия, Қытай, Ресей елдерінің киімдері басым. Бағалары да әртүрлі болып келеді. Тұтынушылар көбінесе киімдерге тапсырысты онлайн дүкендер арқылы береді.
Қыз-келіншектер үшін жылтыр көйлектердің алатын орны ерекше. Түрлі мерекелік кештер мен той-думандарда кез келген қыз-келіншек, әдемі, ерекше киінгісі келетіні анық. Көз жауын алатын көйлектер мен белдемшелер сәнге айналғалы отыр. Жылан жылы тап осындай жылтыр көйлектер сәнге айналады дейді дизайнерлер.
Киім сататын Елшат Cадықованың айтуынша, жыл сайын әртүрлі үлгідегі көйлектер сұранысқа ие болып жатады. Көйлектер жылтырлығымен, матаның сапалылығымен, орнатылған әшекейлерімен ерекшеленеді. «Жаңа жылдық мерекелік кештерге орай, еуропалық, испандық үлгідегі көйлектер мен белдемшелер көбірек импортталуда» дейді Елшат.
Жалпы, адамдардың талғамдары әртүрлі. Әр адам өзі ұнатқан киімін таңдап, ол өзіне қуаныш сыйласа, ол адамның көңіл-күйіне де оң әсер етеді.