СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ЖАЛҒАСАДЫ

Тоқсан сайын облыс, аудан әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссияларының отырыстары өткізіліп келеді.

Қоғамның дамуын тежейтін, ел сеніміне селкеу түсіретін үлкен дерт – сыбайлас жемқорлық. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Жемқорлықпен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артты. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, жалғаса береді. Сонда ғана біз осы індеттен таза қоғам құрамыз. Бұл – менің стратегиялық мақсатым» деген болатын.

Түркістан облысында да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жеке бақылауыма алынған. Өңірде білім және өзге де салалар бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, көптеген дерек анықталды. Оны көзіқарақты оқырман біледі.

Облысымызда «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағыты іске асырылуда. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жобасына сәйкес, облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінде 2024 жылдың 5 сәуір - 21 мамыр аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының нәтижесінде 180 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бағытына сәйкес, облыс аумағындағы 108 квазимемлекеттік сектор ұйымдары аталған жобаны іске асыруда. Квазимемлекеттік ұйымдардың 81-і  облыстық басқармаларға, 27-сі аудан, қала әкімдіктеріне бағынысты. Квазимемлекеттік сектор ұйымдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет туралы ережені, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі нұсқаулықтарын бекітті. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын сақтау мәселелері бойынша тоқсан сайынғы түсіндіру және оқыту іс-шараларын өткізуде.

Облыстағы 108 квазимемлекеттік сектор ұйымында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары биыл 17 мамыр - 28 маусым аралығында жүргізіліп, ішкі талдау жұмыстарының нәтижесінде  547 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды.

Жалпы, анықталған 727 сыбайлас жемқорлық тәуекелін жою бойынша іс-шара жоспарларлы бекітіліп, тиісті жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар өңірде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау үшін ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 31 желтоқсандағы №1147 қаулысымен 2026 жылға дейінгі әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған ақпараттық жұмыс жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда.

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру шеңберінде биыл 200-ге жуық мемлекеттік қызметші оқуға  жіберілді. Облыстағы әдеп жөніндегі уәкілдердің қатысуымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілермен жүйелі алдын алу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Тоқсан сайын облыс, аудан әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссияларының отырыстары өткізіліп келеді. Облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссияның 3-ші тоқсандағы отырысы қыркүйек айында өткізілді. Комиссия отырыстарына күрделі мәселелер қаралады. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген ұзаққа созылған құрылыс нысандары және инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, жылу электр станциялары мен жылыту қазандықтары бойынша өзекті мәселелер, апатты жағдайлардың алдын-алу жұмыстары, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жер сілкінісіне төзімділік бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланады. Сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы есеп-қисаптағы сыбайластықты жою бойынша бірыңғай цифрлық есептеу жүйесін автоматтандыру, дене шынықтыру және спорт саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, су тасқынын алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да қаралады.

Аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың ғимараттарында азаматтардың арыз-шағымдары мен өтініштерін жинақтау жәшігі, ақпарат бұрышында «1424» сенім телефоны орнатылған.

Мемлекетті, аймақты дамыту үшін әрбір басшы, мемлекеттік қызметші өз міндетін адал әрі таза атқаруы тиіс. Әділдік пен адалдық – мемлекет тұрақтылығының, дамуының кепілі.

 

Дархан САТЫБАЛДЫ,

Түркістан облысының әкімі.

Пікір қалдырыңыз