Отырарда өнім көлемі ұлғайды

Биылғы жылдың 10 айында Отырар ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 66,4 млрд. теңгені құрапты. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 300 млн. теңгеге артық. Оның ішінде 33,3 млрд. теңгесі ауыл шаруашылығы, 2,8 млрд. теңгесі сауда-саттық, 22 млрд. теңгесі өнеркәсіп, 8,2 млрд. теңгесі құрылыс салаларына тиесілі болса, тартылған инвестиция көлемі – 23,6 млрд. теңге. Бұл жайында облыс орталығында баспасөз жиынын өткізген аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мәлім етті. 

Биыл Отырар ауданында 35 000 гектарға егін егіліп, егістік алқабынан 395 993 тонна өнім жиналған. Одан бөлек ауданда 2024 жылдың ІІ тоқсанында бірнеше инвестициялық жоба іске асырылды. Мәселен, «Баржоу Хинкай Трейд гоу» ЛТД компаниясының қатысуымен 500 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен мақта дақылы егіліп, 1 200 тонна өнім алынған. Сонымен қатар, ауданда сауда саласы бойынша жыл соңына дейін 800 млн. теңгеге екі шағын инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бұдан бөлек 2025 жылы түйе сүтін өңдеп, ұнтақ шығаратын кәсіпорын құру көзделген. Аталған жобаның құны 360 млн. теңгені құрайды. Келер жылы ауданда «Nomad» ЖШС-нің демалыс аймағы да іске қосылады. Ал, 2026 жылы «Жанұя» ЖШС-нің емдік балшық және жылы сумен емдеу орталығын іске қосу көзделген. Бүгінде инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 2025-2030 жылдар аралығында жалпы құны 145 млрд. 625 млн. теңгені құрайтын 157 ірі және шағын инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, 1 790 адам жұмыспен қамтылмақ. 
– Шәуілдір ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орынды мектеп құрылысы жүргізілуде. Нысан 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Аққұм ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы және Шытты ауылында фельдшерлік-акушерлік нысанның құрылысы жүргізілуде. Ғимараттар 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін ел игілігіне беріледі, – деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Аудан басшысының айтуынша, Отырар өлкесіндегі 37 елді мекеннің 35-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қалған екі елді мекенге де жуырда сапалы ауыз су жеткізіледі. Сонымен қатар, 2018-2023 жылдар аралығында 21 елді мекенге «көгілдір отын» беріліп, аудан халқын табиғи газбен қамту көрсеткіші 71,4 пайызға жеткен. 2024 жылдың 10 айында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 13,7 шақырымды құрайтын 7 ішкі көшеге, жергілікті бюджет қаржысы есебінен 34,8 шақырымдық 29 көшеге орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде аудандағы қанағаттанарлық дәрежедегі жолдар үлесі 80,1 пайызды құрап отыр.

Пікір қалдырыңыз