«Оңтүстік» – таланттар мекені

Талай-талай таланттарға тұғыр болған, ұлтымыздың ұстынына айналған небір ұлыларға ұя болған қарашаңырақ, уығын Сұлтанбек Қожанов секілді ұлт қайраткері қадаған басылым, міне, ғасыр тойын тойлап отыр. 100 жыл! Қойнына қатпар-қатпар сырды құндақтаған кәрі тарих үшін бұл  жұлдыз ағып өткендей ғана уақыт болар бәлкім. Бірақ, бір басылымның жүріп өткен жолымен безбендесек, әрине, аз кезең емес. Бір ғасырдың шежірелі беттерінде қоғамдық құрылыстың қилы-қилы өзгерістері мен өткелдері, қоғам мен сананың  жаңғырықтары жатыр. Осы уақыттың уысында қаншама адамдардың өмірі мен тағдырының бедерлі бөлшегі қалды. Бұл, әсіресе, қалам ұстаған жандардың жаны мен жадында жатталған аяулы сәттер екені даусыз. Сол аяулы сәттер мен басылым бетінде өшпес белгі болып қалған олардың қаламының ізі бізді еріксіз өткен жылдардың естелігіне жетелейді.
Әңгімені әріден бастасақ, тамырын «Ақ жолдан» тартатын газеттің сол кезеңдердегі сандарында Алаш ардақтыларының қанына сия тамызып жазған көптеген шығармалары жарық көрген екен. Басылым тарихы айғақтағандай, Мағжанның, Бейімбеттің, Жүсіпбектің, Міржақыптың, басқа да тау таланттардың төл туындыларын, ұлттың рухани көсемдерінің түрлі бүркеншік атпен жазған дүниелерін табуға болады. 
1924-26 жылдары «Ақ жол» газетінде бөлім бастығы міндетін атқарған Жүсіпбек Аймауытовтың «Елеусіз ерлер» атты әңгімесі 1924 жылғы қараша айында «Ақ жолдың»  қосымшасы – «Сәуле» әдеби журналының 6-санында жарық көрген екен. Жалпы, оңтүстік – Аймауытов өмірінің бір бөлшегіне айналған өңір. Ол  1926-29 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының оқытушысы әрі директоры болған. 
 Біз әңгімеміздің әлқиссасын тереңнен қопарып отырғанымыз жайдан-жай емес. Өйткені, сол асылдардың қаламының қуаты, сөзінің мияты қалған басылым тарих сабақтастығын үзбей,  содан бері де талай-талай тұлғалы таланттардың томағасын сыпырды, талай-талай алыптардың басын қасиетті қарашаңыраққа игізді, табанын табалдырығына, қаламын қағазына тигізді. 
Оңтүстіктің топырағына үш рет табан тіреген Мұхтар Әуезов бұл өлке халқының тұрмыс-тіршілігі жайлы, сапардан алған әсерлері жайлы ойларын кестелеп кеткенін білеміз. Жазушының «Өскен өңір» романы 1959, 1960 және 1961 жылдары біздің өңірді аралап, жинақтаған зерттеулерінің негізінде дүниеге келді.  Туындының жалғасына құнды деректер тауып, шығармасына өзек еткен сөз зергерінің қазыналы теріскейдегі Созақта шертпе күйдің шебері Сүгірмен кездесіп,  «Созаққа барсаң, күйшімін деме» деп аталы сөз қалдырғаны да белгілі. Осы сапарларында өңіріміздің көптеген аудан, қалаларын аралап, ел мен жер, тау мен дала тіршілігін зерттеп жазған «Оңтүстік сапарынан» атты көлемді очерктері «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде жарияланыпты. Жазушының қасында сол кездері бірге жүрген газеттің тілшісі, кейіннен үлкен жазушыға айналған Еркінбек Тұрысов ағамыз да осы бір ұмытылмас күндер жайлы әсерлі әңгімелеп отырушы еді. М.Әуезовтің «Түркістан солай туған» атты  очеркі де өскен өлкенің тарихынан сыр шертетін ғажап дүние. Шежірелі өңірден шығармаларына шабыт тапқан заңғар жазушы оңтүстікке келген сайын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына бас сұқпай кетпейді екен.
Міне, алыптардың ұясы болған басылымның құдіреті жайлы бір мысқал мысал осы. 
Иә, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет істеу қай кезеңде де, қайсы ұрпақтың болмасын ардақты арманы болғаны анық. Қазақ руханиятының рухты талай азаматы, әдебиет әлемінде өзіндік биігі айқындалған, қаламы қуатты, таланты тас жарған қабырғалы қаншама ақын-жазушы жазу өнеріндегі соқталы соқпағының бастапқы баспалдақтарын осы басылымнан бастағанын мақтанышпен айтады. Солардың бірі – Қазақстанның халық жазушысы, арқалы ақын Мұхтар Шаханов. 
Мұхтар Әуезов Оңтүстікке келген сапарының бірінде Шымкент пединститутында сырттай оқып жүрген Шахановқа осы оқу орнында оқытушылармен және студенттермен өткізген кездесуден соң  «Бала Мұхтарға – ата Мұхтардан» деп қолтаңба жазып берген екен. Ұлы жазушыдан алған сол қолтаңба оның болашақ шығармашылық жолына берілген бата секілді болыпты. Қала маңындағы «Жұлдыз» ұжымшарында тракторшы болып істеп жүрген өлеңге ғашық жігітті «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жетелеп әкелген де сол бір ауыз сөздің қасиеті болды ма екен, кім білсін?! Мұхтар Шаханов өзінің тырнақалды туындыларын осы басылымда жүріп жарыққа шығара бастады. Қарашаңырақта 1960-1965 жылдары корректор болып жұмыс істеген ол шығармашылық жолына журналистік ортадан арна тауып, «Лениншіл жас» газетінен бастап, республикалық басылымдарда қызметін жалғастырды. Бүгінде жырлары дүние жүзінің 60-тан астам тіліне аударылып, түркі әлемінің тұғырлы ақынына айналса да, Шаханов өзі алғаш табалдырығын жүрексіне аттаған шығармашылық шаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетін, одан алған тәлімін әр кез құрметпен еске алады.
«Оңтүстіктен» түлеп ұшқан таланттардың қатарында «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын, драматург, аудармашы, сазгер Исраил Сапарбай да бар. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін бітірген соң «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген И.Сапарбайдың үлкен әдеби ортаға жолдама алуына жол ашқан да осы қарашаңырақ болған екен. « ...Облыстық газетте жүрген кезім. Бірде Алматыны аңсап жүргенімнен хабардар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Әмірсейіт Әлиев «партия мектебіне барасың ба?» деді. Арманым қалайда Алматыға жету еді ғой, бірден келісе кеттім. Содан партия мектебіне түсіп, 1973-1975 жылдары білім алып шықтым» дейді Исраил ақын өзінің сұхбаттарының бірінде. 
Ақынның ару астанадан болашақ биігіне жол тауып, поэзия әлеміне құлаш сермеуіне қанат бітірген Әмірсейіт ағаның қамқорлығын ол ешқашан ұмытқан емес. Арман қала Алматымен өмірін жалғастырған қаламгер қазір қазақ деген халықтың  тарлан таланттарының қатарында.
Әңгімеміздің басында қарашаңырақ пен қалам қаһармандарының әлемін Әуезовпен сабақтастыра сипаттағанбыз. Сол заңғар қаламгердің қасында отыздан енді асқан шағында шарболаттай шыр айналып, ұлы суреткердің сөзін де, жазу өрнегін де, жүріс-тұрысын да, маңғаз, бипаздығын да бойына сіңіріп қалуға тырысқан Еркінбек Тұрысов ағамыз сол кезде «Оңтүстіктің»  оттай лапылдаған тілшісі еді. Өзін «Әуезовтің шекпенінен шыққан», оның шарапаты мен шапағаты тиген жазушы санап,  қалам-қағазына қылау түсірмей өткен Еркінбек ағамыз 93-тің төріне шыққан жасына дейін қарашаңырақ басылымнан қол үзіп кеткен жоқ. «Менің қаламгерлік өмірімнің алғашқы мектебі – осы газет» деп табалдырығына басын иіп кіретін жазушы ағамыз облыстық басылымда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, меншікті тілші болып қызмет атқарғанын ерекше тебіреніспен еске алушы еді. Әдебиет әлемінде «Шаянның Шолоховы», Мархабат ағамыздың мақамында «Қаратаудың қоңыр құлжасы» атанған белгілі тарихшы, жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрысовтың құлжадай құйғыған шабысы мен шабыты том-том шығармаларымен қазақ прозасында өзінің лайықты биігін алды. Жүз жылдық тарихы бар газет таланттарының шоғырындағы құлжасы да, олжасы да болған осындай жандардың көзін көріп, сөзін естігеніміздің өзі бізге мақтаныш сезіледі қазір.
Тұрысов ағамызбен жасы тұрғылас болмаса да, таланты теңдес, шоқтығы шендес, мақамы бөлек, жазуы ерек, зергер жазушы Мархабат Байғұттың шыққан ұясы да – осы «Оңтүстік». «Пістеліден» қатынап қызмет етсе де, әйел, бала-шаға, ошағынан оқшаулау жүрсе де журналистік жұмыстың жүгін жазушылықпен  ұштастырып, әдебиеттің әйдік бәйтерегіне айналған дара дарын болды. Қарашаңырақтың қабырғасында 1974 жылдан 1984 жылға дейін табаны күректей он жыл абыройлы қызмет істеп, журналистік қым-қуыт тіршілікпен жағаласа жүріп, жазушылық жолға түсті. Қандай қиындық, кедергі болса да, талант тас жаратыны белгілі. Мархабат Байғұттың алғашқы «Шілде» кітабы, одан кейін «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы» повестері де редакцияда қызмет істеп жүргенінде жарық көрген. 

«Бүгінгінің Бейімбеті», Майлинмен мақамдас, Бернард Шоудай юмор мен сарказмге сарайы ашық, әңгіме жанрының жампозы, эстет-эссеист Мархабат Байғұттай баяны бай жазушы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің мектебінен түлеп ұшып, қазақ әдебиетінде Оңтүстіктің мектебін қалыптастырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, шығармалары жеті том болып жинақталған, туындылары бірнеше тілге аударылған қаламгер қарашаңырақтың төл перзенті.
Иә, «Қазақ әдебиетінде оңтүстіктің мектебін қалыптастырды» дегеннен шығады, М.Байғұттың әңгіме-повестерін прозаның байлығы санап, өзіне ұстаз тұтқан қаламы бипаз, тілі шұрайлы жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нұрғали Ораздың өмір жолы мен шығармашылық қызметі де бүгінгі ғасыр тойын тойлап отырған ұжыммен ұштасып жатыр. Ол осы газетте 1998-1999  жылдары бас редактор қызметін атқарып, басылым бетіне әдеби леп пен рең әкелген жазушы ретінде есте қалды.
Ал, Махаңның «Жылы жақтағы жалғызым» деп жақын тартқан, біздің өңірдегі 45-ші жылы туған жалғыз төл құрдасы, феномені бөлектеу жазушы Жәлел Кеттебекпен «Оңтүстікте» қызметтес болдық. Білімі терең, білігі ерен қаламгер журналистік зерттеу мақалалар жазуда алдына жан салмайтын. Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген, сол жерде Мұқағали Мақатаевпен бірге оқыған Жәлел аға газетке нақтылық пен шарттылықты, тілдің шұрайы мен сөздің құнарын қатар енгізген ұста қаламгерлігімен есте қалды, ешкімге ұқсамады. Жәлел Кеттебек деген атының өзі облыстағы бас басылымның беделіндей естілетін. Оның ақындығы да болатын. Алайда,  жазушылығымен бірге журналистикаға да адал қызмет етті.
«Оңтүстік Қазақстаннан» шыққан шайыр қыз Тұрсынай Оразбаева да қанатын кеңге жайған талант еді. Өлеңдеріне кезінде Фариза Оңғарсынова биік баға берген ақын қыздың қарашаңырақ басылым беттерінде жырлары ғана емес, көркем тілді керемет мақала, очерктері де жиі жарияланған. 1970-1980  жылдар аралығында осы газетте әдеби қызметкер болып істеген Тұрсынай 1997 жылдан өмірінің соңына дейін Мәскеудегі халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші қызметін атқарды. Елге келгенде Тұрсынайдың бірінші бас сұғатын шаңырағы –«Оңтүстік Қазақстан» еді. «Менің туған үйім ғой» дейтін. «Оңтүстіктен» түлеп ұшқан ақын ару да әдебиетте өз әлемін тапты. Ол А.Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың, халық-аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Саха-Якутия республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын иеленген мықты дарын иесі еді.
Әрине, жүз жылдық тарихы бар газетте айдарынан жел ескен айтулы талай тарландар қызмет жасады. Олардың бәріне жеке-дара тоқталып, жіліктеп әңгіме айтуға болар еді, бірақ сол тұлғалардың әрбірінің есім сойларының өзі бір-бір шежіре. Сондықтан бұл шаңыраққа маңдайының тері, еңбегінің селі аққан, тұғыры ерек, тұлғасы бөлек талантты қаламгерлердің есімін құрметпен атап өтсек, бұл да қарашаңырақтың беделі мен қадірін арттыра түсетін сипат болар. Уақыттың кезең-кезеңдерінде ақындар Нәмет Сүлейменов, Омарбай Малқаров, Жолдас Ақбердиев, сатирик Садықбек Адамбеков, жазушылар Зейілбек Өмірбеков, Зейнеп Рысбекова, Амантұр Мұсаев, Байдулла Қонысбек секілді керемет жандардың «Оңтүстікті» ордалы мекенге айналдырып, айбынын асқақтатқаны белгілі.
Өмір жалғасып, буын алмасып, біз де қатарлас жүрген қаншама мықтылардың қадамы мен қаламына куә болдық. Кешегі сиясынан сиқыр төгілген Төрехан Рәмберді мен Төрегелді Байтас, Мұратбек Дүйсенбеков пен Есжан Айнабеков қандай еді шіркін?! Ақындық пен жазушылықты қатар ұстанып кеткен, жазса, сырлы сөзге көмілдіре, сөйлесе, шешендігімен төгілдіре жөнелетін Әмзе Қалмырзаев пен қара сөзде қайырымы өзгеше Қайырғали Медеттің де «Оңтүстікте» сағынышты ізі 
қалды. 
Қатарымызда сергек кейіппен келе жатқан жазушы, Төле биді «тірілткен», детектив жанрының шебері Шойбек Орынбай мен кезінде «Оңтүстіктің» «Қақпанына» талай «тентекті» түсіріп, «жынын» қаққан белгілі сатирик Мұхтар Шерім де қарашаңырақтың  қарлығаштары.
Бұл басылымда бас редакторлық қызмет атқарып, соған қоса жазушылығы мен ақындығын қоса өрген Иса Омардың редакция тарихында беделді орны бар. Ол ұжымға басшылық жасаған 2003-2006 жылдары газет нарықтық экономиканың мектебін меңгерді. Газеттің идеялық мазмұндық сипатына жаңалық енді. Ұйымдастырушылық қабілеті зор менеджер басшы ретінде ол өз мектебін қалыптастыра білген тұлға. Бұған қоса әдебиет қорына 10-нан аса кітабын қосқан қаламгердің  прозалық, поэзиялық, публицистикалық шығармалары орыс, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Иса Омар сонымен қатар сазгерлігімен де танылып жүр. 200-ден астам әннің авторы. Ең бастысы, ол да  қарашаңырақтың қазанында қайнаған қаламгер.
Бақытжан Алдияр. «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері,  көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралардың, «Сорос-Қазақстан» халықаралық қоры әдеби сыйлығының жүлдегері, республикалық М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың, ҚР Президенті тағайындаған арнайы стипендияның екі дүркін иегері. Сондай-ақ, «Сорос» қорының, Түркістан, «Серпер» жастар сыйлықтарының жүлдегері.  21 жасында поэзия өлкесінде жұлдыздай жарқ етіп көрінген, бүгінде айтулы ақынға айналған Бақытжан Алдияр «Оңтүстікте» редактордың орынбасары қызметін атқарды. Жас та болса, ақындық қуатымен абыройы асқақтаған таланттың төл газетіміздің тарихында қаламының ізі жатыр.
 Солай... бұл газет дарынды жастарды бауырына басса, олар өз кезегінде басылымның беделін арттырды. Тілшіліктен жауапты хатшылыққа дейін көтеріліп, қаламының майын тамызған Оралхан Дәуіттің юмор мен жұмыр әңгімені қайнатқан «Ақ самаурыны» да осы қасиетті қарашаңырақтың қара қазанында әбден пісіп-жетілген  еңбегінің жемісі десек артық айтпаспыз.
Аймаққа аты таныс ақындар Атанбек Наурыз бен Нұрғиса Төремұратов та «Оңтүстік Қазақ-станмен» тамырлас таланттар. 
Бүгінде Түркістан облысындағы дүйім қаламгер ақын-жазушыларға бас болып отырған ақын Айдар Сейдәзім мен бір газетті бір өзі шығара беретін журналист-жазушы Жәмила Мамырәлінің қанаттанып ұшқан ұясы да – «Оңтүстік»!
Ата-анасы, туыс-бауыры Қытайда қалса да атажұртқа туымды тігемін, қаламыммен осы елде көктеймін деп аспан асты елінен арманын арқалап келген уыздай жас бала Нұршат Төкенді есейтіп, ерге қондырған, ақындық арынына қанат бітірген орда міне, тап осы шаңырақ. Шығармашылық шабыты мен ақындық шабысын журналистік жолмен жұптастыра өрген бұл өрен  «Егемен Қазақ-станға» өрлеп, бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің аппаратында қызмет істеп жүр. «Бұл – біздің бала!» деп мақтануға тұратын азамат болды.
Иә, ғасыр жасына жеткен қарашаңырақпен өмірі өзектесе өрілген тұғырлы тұлғалар, таланттар мен танымал есімдер аз емес. Мүмкін біздің қаламымыздан қағыс қалып кеткен ардақтылар да бар болар, ондай ағаттық өтсе, кешірім өтінеміз. Дегенмен, біздің айтпағымыз – қарашаңырақ «Оңтүстік Қазақстанның» қабырғасында есімдері ескірмейтін талай-талай ғаламат тұлғалардың өскендігін өнеге ету. Бұл сабақтастық әлі жалғасып келеді, жалғаса беретіні де ақиқат.  Оған дәлел ретінде журналистік саналы ғұмырын өңірдің бас газетімен байланыстырып, отыз жылға жуық уақыттан бері табан аудармай осы басылымда қызмет етіп келе жатқан Сабырбек Олжабайды айтсақ жеткілікті. Қазақ сатирасына қомақты  олжа салып жүрген Олжабайдың Сабырбегімен бірге бұл газетте қазір жас жазушы Бақтыгүл Ауданова еңбек етеді.
Біз оңтүстіктің бас басылымымен өмірбаяны біте қайнасқан қаламгерлер қауымы жайлы сөз қозғадық. Ал, бұл газетпен шығармашылық шырайы жарасып, жазған-сызғандарын оқырманға осы басылым арқылы ұсынып, есімдері елге танылған таланттар шоғыры туралы әңгіме тіпті бөлек. 100-ге толып отырған газеттің жүзінде қазақ әдебиетінің оңтүстіктен шыққан қара нарлары, кешегі Тәкен Әлімқұлов, Тоқаш Бердияров, Төлеген Айбергенов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Асқар Сүлейменов, Қарауылбек Қазиев, Тұтқабай Иманбеков, Қаныбек Сарыбаев, Нәсіреддин Серәлиев,  Немат Келімбетов, Камардин Бектұрсынұлы, Әселхан Қалыбекова, Әдіһам Шілтерханов, Әбілда Аймақ, Ерсін Қойбағаров, Кендебай Ахат, Шалқар Әбіш, Сәрсенбек Сахабаттан бастап, бүгінгі абыз Мекемтас Мырзахметов, Дулат Исабеков, Нармахан Бегалыұлы, Ханбибі Есенқарақызы, Сатыбалды Дулати, Есқара Тоқтасынов, Қабылбек Төретай,  Серік Жанәбіл, Захардин Қыстаубайұлы, Сарманбай Исақ, Құлбек Ергөбек, Баян  Тіленшина, Ақмарал Леубаева, Бекарыс Шойбеков,  Момбек Әбді-әкім, Әбдіғаным Көшер, Бөрібай Оразымбет, Анар Жаппарқұлова, Сабырбек Нұрман, Құрал Көмек, Зияда Исатайқызы, Сая Қасымбек, Дәркен Танабаев, Дәурен Айманбет, тағы басқа ақын-жазушылардың қаламының ізі жатыр.
Кезінде поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынова: «Оңтүстік өңірі десе, жүрегім елжіреп, ерекше күй кешемін. 
Оңтүстік –  қазақ жерінің мөлтек көрінісі секілді, Қазақстан деген байтақ елдің кішірейтілген картасы іспетті» деп еді.  Осынау мөлтек көріністі кішірейтілген картаның ішінде 100 жылдық тарихы бар «Оңтүстік Қазақстан» деген қасиетті қарашаңырақ өмір сүріп келеді. Ал, оның қаншама таланттарды толғатып, тұсауын кескенін, томағасын сыпырып, тұғырға қондырғанын аз-кем толғадық. Бұл шежірелі шаңырақтың толғауы тоқсан тарихының бір парасы ғана.
                                                                                         
Асхан Майлыбаева,
«Оңтүстік Қазақстан» 
газетінің ардагері, 
Қазақстанның құрметті журналисі. 

Пікір қалдырыңыз