Маңдайына мөр басылған шайырмын...

Бақытжан АЛДИЯР – оқырман жүрегін сыршыл, лирикасымен баураған ақын. Оның жырларына жасанды патетика, әсіре патриотизм жат. Ол нені жырласа да, жүрекпен жырлайды, өмірде өзі қандай шынайы болса, өлеңдері де сондай шынайы. Бұл туралы жазушы Мархабат Байғұт: «Бақытжан – бәріміздің үнемі бір бүйіріміз бұрып тұратын кәдімгі нағыз қазақы ауылдың жыршысы. Оның ауылға деген сағынышы, махаббаты, балғын балалығына деген аңсары «Ауылға жазған арзулар» топтамасындағы жырларының әрбір шумағынан айқын сезіліп тұрады» деген екен. 1974 жылы Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында дүниеге келген ақын бүгінде ердің жасы елуге толып отыр.
Айта кетейік, Бақытжан Алдияр Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетін бітірген. Шығармалары төрт ұжымдық жинақта жарияланған. 1998 жылы «Жібек жолы» баспасынан «Көзайым» атты жеке жыр жинағы жарық көрді. Ақын көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері, республикалық М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың және республикалық «Серпер» жастар сыйлығының иегері.
Пейіштегі періште
Тумай жатып пейіште едім,
Туылған күн періштеге айналдым.
Пенделердің кей істерін
Зерделеумен көңіліме қайғы алдым.
Тәнді ысытқан сағыныштың
Тамызығын үрлеген күн тамыз кеп,
Бағытымнан жаңылыстым
Бармақтай-ақ Бақыт іздеп, Бақ іздеп.
Жамап жүрген мұңды мұңға
Мұңлығыңыз енді ұғынды қатесін.
Бақыт деген шындығында –
Мағынасы ауыспалы зат есім.
Салмағы ауыр қорғасыннан,
Мен өлсем де өлмейтұғын обалы,
Маңдайыма мөр басылған
Мағынасы Бақыттан да жоғары.
Ойға бөлеп таң атарда,
Оятатын жүрегімді шымшылап,
Алла мені жаратарда
Маңдайыма өлең жазған бір шумақ.
Жер бетінен жеміс терген,
Жәндіктердің жоқ ішінде ешкімім.
...Кеше мені періштемнен
Бақтың өзі іздеп жүр деп естідім!
Өмірбаян
«Өтемістен туған он едік...»
(Махамбет)
Атадан туған алты едік,
Алты бөлек жалқы едік.
Кілең шеккі жеп өстік,
Бір емшекті тарта еміп.
Алты бірдей жетімек,
Апыл-тапыл жетіп ек.
Қақты бізді әруақ,
Бақты бізді өкімет.
Жерді еңкейіп емгенбіз,
Елге ербиіп ергенбіз.
Дәрменсіздік дәнінің
Дәмін татып көргенбіз.
Құлатпадық күйді епті,
Ұнатпадық күйректі.
Аңшы әкеміз адымды
Аңдап басуды үйретті.
Дәмін сездік аш тілдің,
Бәрін кездік тас, қырдың.
Қабыланмен қағысып,
Қанын жұттық қасқырдың.
Иен дала, ерен дүз,
Иесі біз дегенбіз.
Алан сүтін ішкенбіз,
Аю өтін жегенбіз.
Әкеден ап үлгіні,
Тұтынғанбыз пірді ұлы.
...Қансонардан сол әке
Қайтпай қалды бір күні.
Тезге салып төте сын,
Түзетті өмір қатесін.
Әл-дәруан көргенбіз
Әкеміздің әкесін.
Көндіге алмай ізге бір,
Күреңіткен күз-көңіл.
Пісте сатты шешеміз...
Пісірді ғой бізді өмір.
Дара қондық әлемге,
Бала болдық бар елге.
Жан емеспіз деуші едік,
Жатыры бір, жаны өңге.
Жас еді деп тым әлі,
Жұрт өтірік жылады.
...Бейіш жақтан боп шықты,
Бесінші ұлдың тұрағы.
Алтау едік, бес қалдық,
Алла барын еске алдық.
Көп жерлеген Кеңестен
Көрген жоқпыз еш тарлық.
Көлге көзде жас тұнбай,
Кеудені езге бастырмай,
Жанымыздың жарасын
Жалап жаздық қасқырдай.
Тон ішінде жетіліп,
Көп ішінде бекідік.
«Жетім қозы – тасбауыр...»
Дегеніңіз өтірік!
Тоқтамайтын көші ұдай,
Тағдыр ғой бұл, досым-ай.
Менің өмірбаяным
Өрім-терім осылай.
Жаныма ұйып мұң ұяң,
Жылағым кеп... жымиям.
...Жібісеңші сен де енді,
Зарды ойламай зымиян,
Ей, тасбауыр Дүниям!
Қабірдегі бесік
Халі айналып мүшкілге,
Сырдағынан сыр көшіп,
Жас қабірдің үстінде
Тербеліп тұр бір бесік.
Тербетілген өзі ме,
Тербеп тұрған жел ме екен?
Мұң құйылды көзіме,
Дейді жүрек бол бекем.
Бар ма екен бір керегі,
Қойды ма әлде ырымға?
Өн бойынан келеді
Жөргек иісі мұрынға.
Қараң қалып жатыр-ау,
Бар деуші еді киесі.
Қайда кеткен апырау,
Құйтақандай иесі?
Күз аспаны күрсінді,
Мұздай жасы тоң тесіп.
Жасырады бір сырды
Кіп-кішкентай төмпешік.
Жабырқайды жарым Ай,
Басқа бедер, белгі өшіп.
Тал бесіктен, Тәңір-ай,
Жайлы ма екен Жер-бесік?
Бесігінің тұмары
Тырнағы екен бөрінің.
... Сынып түсті сыңары,
Жамандыққа жорыдым.
Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Қуыршағы – күнқақты.
Енді қайта туылмас
Тағдырды ұғып құр қапты.
Сыңғырлағы сыңғырлап,
Сағынады ойнауды.
Бұйырмастан мың бір бақ,
Бесігіне байлаулы.
Бар тіршілік тұр аяп,
Көзін салып қабірге.
Оқиыншы бір аят,
Жетер ме екен Тәңірге?!
Өксіп жатыр өліара,
Қысқа өмірі жақпаған.
Күбірлейді Жер-Ана –
«Әлди, әлди, ақ балам...»
Теліп тұрмын қайғыға,
Жер-Ананың мұңды үнін.
Жер-бесігің жайлы ма,
Ұйықтай қойшы, құлдығым...
Әй-й-й, ұйқылы-ояу тірлігім...
Тастағы өлең
Тас көшелер. Тас тұлғалар. Тас үйлер.
Тас үйлерге тағдырларын тасиды ел.
Тас қаланың тасасында қап қойған
Тастай берік қайран көндім, жаси бер.
Тас қаланың төріндегі тас қамал,
Тас қамалда отырады қасқалар.
Тас тұлғаға толы сол бір қамалды
Тастай қашқам қалмаған соң басқа
амал.
Тас-талқан ғып мақсатын һәм
мұратын,
Тас қалада теңселіп жүр бір ақын.
Тәспісінен жаңылысқан дүние
Тастан жұмыр жырына елтіп
тұратын.
Тас тағдырын талақ еткен жас арай,
Тас бағанды құшақтайды мас ағай.
Тасқа сен де таңыларсың дегендей
Тас тұғырдан телміреді тас Абай.
Тасқа айналу шығар бәлкім сыбағам,
Тасқа айнала алмай-ақ жүр бір ағам.
Тасқа соққан маңдайды аяп сонан соң
Тастай суық сіміремін сырадан.
Тасқа тастап мінезімді шынылау,
Тасып-толып мәз болады қу мынау.
Тас бағанды құшақтайды мас ағай,
Ол да маған қарағанда ұлылау...
Беу...
Тасты жарып өскен гүлдей жырым-ау...
Орыс тілі апай
(баллада)
Тумай жатып бәрін білген бәленің,
Бәтеңкесін теріс киген бала едім.
Өзіме тән бар болатын дүнием,
Өзіме тән бар болатын әлемім.
Тіршіліктің тауып жүрген есебін,
Тірі жанның бәрімен де дос едім.
Шаңын қағып жүретінмін көшенің,
Көршіміздің ұрлап мініп есегін.
Ұқсамаса ұқсамасын жорғаға,
Екеумізді шақыратын жол ғана.
Есениннің жатқа оқитын өлеңін,
Есегіне теріс мінген сол бала.
... Қара шашы секілденген қара түн,
Былайғы жұрт біле бермес көп атын,
Сол ауылда әрі әдемі, әрі жас
«Орыс тілі» апайымыз болатын.
Жүрегіне қадалғандай сан ине,
Мұңлы көзбен қарайтын ол фәниге.
Өзіне сай бар еді ішкі есебі,
Өсегі де таусылмайтын, әрине.
«Аңғал қыз-ай, алданған ғой»
десе ауыл,
Сол кездегі аңқау бала, асау ұл,
«Кім алдайды, неге алдайды, неге?»
деп,
Ойға батып кететінмін неше ауыр.
Сүйенгендер тілі менен жағына,
Мұң салуға құмар еді жанына.
Оны көрсе сыбырласа қалатын,
Тіпті ауылдың кемпірі мен шалы да.
Бала қыздай кей мінезі күлкілі,
Иіссудың бар еді онда түр-түрі.
Көп ойланып апайыма содан мен
«Ғашықпын» деп өлең жаздым бір күні.
Алшысынан түсті деп ем асығым,
Ертеңіне сабақтан соң жасырын,
Іштен жауып мұғалімдер бөлмесін,
Мені оңаша алып қалды «ғашығым».
Сосын...
Сосын көзбен қарап сәл мәнсіз,
Бауырына басып мені қорғансыз,
«Баласың ғой, не білесің?» деді де,
Ағыл-тегіл жылады-ай бір армансыз.
Жылады-ай бір, жылады-ай
бар жанымен,
Жүрегінен жас боп аққан қанымен.
Сондағыдай мұңға толы қарасты
Ешкімнен де көргенім жоқ әлі мен.
Жан-жағымнан соққандай-ақ сан
дауыл,
Бәрінен де осы қарас болды ауыр.
Содан кейін ешкім көрген жоқ оны,
«Орыс тілі» апайынсыз қалды ауыл.
Мен білмеймін қайда екенін, мекенін,
Оны ойласам мұңға батып кетемін.
Бір он жасқа есейдім мен сол күні,
Сонда ұқтым мен ғашықтықтың
не екенін.
Солай, досым, кімге ұстатсын
қасқа-арман?
Әр тағдырда бар құпия астар, мән.
Осылайша менің алғаш өлеңім
Махаббаттан соққы жеуден
басталған.
Сағындым бәрін...
Ауылды аңсадым, тәкаппар тауымды
аңсадым,
Арқалап жүрмін қазір мен ауыр қапша
мұң.
Ауасы тарлау қаладан ауаным жеріп,
Ауыр бір дертпен бұл менің ауырған
шағым.
Сағындым бәрін, өлердей сағындым
бәрін,
Сағым-қырларым, құмдарым-қалың
мұңдарым.
Сұрай да алмай қалдым-ау, сабырын
тауысып,
Сарғайып жатып көз жұмған
шалымның халын.
Анаммен қатар өсіп ем бұлағыңды
еміп,
Аңсадым суын, барады шыдамым
кеміп.
Ақ самал келсе тұрады сұрағым келіп,
Ақсақал көрсем тұрады жылағым
келіп.
Тауларым менің, құлақ тұр тілекке
керім,
Түңілу үшін сен мені түлетпеп едің.
Түнерген мынау тірлікке түкірем-дағы,
Ысталып біткен тазарып жүректе
өлеңім,
Ысмайыл атам басына түнеп
келемін....
Бізді ешкім жұбатпайды...
Біз ертең қоштасамыз,
Тілеп алып Тәңірден басқаша әр із.
Екеумізді енді ешкім өсек қылып,
Екеумізді енді ешбір тоспас аңыз.
Біз ертең қоштасамыз...
Қоштасамыз күлмей де, жыламай да,
Ұмытуға табармын бір-ақ айла –
Шарап ішіп теңселсем құрбы қызың,
Не болған деп таңырқар мына ағайға.
Іреңіңнен сездірмей жылап қайғы,
Жүрегімнен жүрегің жырақтайды.
Өкінбейміз өткінші бұла шаққа,
Жыласақ та бізді ешкім жұбатпайды.
Сезім көзін тығындап, шындап тығыз,
Махаббатта қалдырдық жұмбақ бір із.
Күлер енді...
Сен жайлы жыр оқысам
Сырт айналып кететін сымбатты
қыз.
Ұмыта алмай өзіңді жиі налып,
Бара жатса күйдіріп күйік анық,
Сыра әперіп, бәріне мұң шағармын,
Қаңғыбасын қаланың жиып алып.
Көкірегімді көл тектес мұңым шіреп,
Көз алдымнан жоғалып шырын сурет,
Қоштасар ек от сезім өшіп қалып,
Есік қағып тұрдың сен күлімсіреп.