Құқықтық ағарту – адам мүддесін қорғаудың кілті

Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау саласының өкілдерімен кездескенде: «Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық қорғау институттарының жұмысы туралы ақпараттандыру мәселесін арттыру қажет. Қазіргі жағдайда құқықтық насихат пен азаматтарды құқықтық тұрғыда тәрбиелеудің маңызы арта түсті. Бұл іске сарапшыларды тарта отырып, барлық құқық қорғау институттарының әлеуетін жұмылдыру қажет. Сіздер үнемі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерулеріңіз керек. Көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс пен масылдыққа құқықтық сауатсыздық себеп болады. Көптеген адам құқықтық тұрғыда өз мүдделерін қорғауды, қолданыстағы заң нормаларына сүйенуді білмейді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көбіне ақпараттық ресурстар мен заң көмегі қолжетімсіз шалғай аймақтарда бұзылады» деп тиісті орындарға халықтың құқықтық сауатын көтеруді міндеттеген болатын. Мемлекет басшысы меңзегендей, құқықтық сауаттылығының төмендігінен халықтың соңғы жылдары алаяқтардың, жемқорлардың және теріс діни ағымдардың құрбаны болып жатқанын жиі байқауға болады. Мәселен, 2023 жылдың 8 айында Түркістан облысы бойынша 988 алаяқтық қылмыс тіркелсе, 2024 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіш соған жетеқабыл. Яғни бұл алаяқтарға алдану фактілері әлі де азаймай тұр деген сөз. Ал, нашақорлыққа қатысты былтыр 296 қылмыс тіркелсе, биыл оның саны 423-ке көбейіп отыр. Жалпы, алаяқтыққа қылмыскер де, жәбірленуші де саналы түрде барады. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылым және білім беру мекемелерінің алаяқтыққа қарсы ескертулеріне қарамастан, азаматтардың көпшілігі мұндай қылмыстарға заңдарды және өз құқықтарын білмеуінен душар болады. Нәтижесінде, бірі алданып, ал, енді бірі олардың сауатсыздығын пайдаланып жатады. 
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Түркістан облысы бойынша өкілдігіне келіп түскен шағымдардың басым көпшілігі заңды күшіне енген соттың шешімдеріне, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне, әлеуметтік және медициналық қызмет сапасына қатысты. Заңды күшіне енген сот шешімдерінің, үкімдер мен өзге де қаулылардың республика көлемінде міндетті күші болады. Оларды тек жоғарғы тұрған сот қана бұзуы мүмкін. Өз құқықтарын білмеу және өз міндеттерін орындамау елдің дамуына кедергі келтіретіні белгілі. Осы ретте құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның дамуы көбінесе құқықтық ағартуды ұйымдастыру деңгейіне, оларды қорғаудың нысандары мен әдістеріне байланысты екенін ұмытпаған жөн.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілдігі құрылғалы бері өңір халқының құқықтық сауатын арттыруға айрықша назар аударылып келеді. Соған орай атқарылған бір-екі шараны тілге тиек ете кетсем. Мемлекет басшысының Адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесу барысында айтылған азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес облыс көлемінде зейнеткерлерге арналған құқықтық марафон өткізілді. Марафон барысында егде жастағы адамдарға құқықтық тұрғыда ақпарат беріп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға атсалыстық. Аталған іс-шараға облыстық әділет департаменті тарапынан адвокаттар, заң кеңесшілері мен сот орындаушылары қатысты.
Бұдан бөлек, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы Конституциялық заң аясында Түркістан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдігі құқықтық ағартудың 2024 жылға арналған медиа-жоспарына сай, Түркістан-Қызылорда облысы бойынша өңіраралық заң консультанттары палатасының, облыстық адвокаттар алқасының, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ заң факультетінің оқытушылары және сот орындаушылармен бірлесіп, облыстағы колледж студенттеріне азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру және қорғау мәселелеріне арналған кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында студенттерге адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында қандай халықаралық және ұлттық стандарттар бар екенін, білім беру мекемелеріне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері туралы, сондай-ақ ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі туралы кеңінен мәлімет берілді. Құқықтық ағарту жұмысын жандандыру барысында өңірлерді аралап, халықпен және белсенді азаматтармен, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесулер өткізді. Ауылдық жерлерде тұратын әйелдер арасында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы, «Қыз алып қашу дәстүр ме, әлде қылмыс па?», «Отбасылық құндылықтар» тақырыбында, ал, жасөспірімдер арасында «Буллинг» тақырыбында семинар-тренингтер ұйымдастырылды.
Уәкіл қызметінің негізгі бағыты – адам құқықтарының бұзылуы жөніндегі шағымдарды қабылдау және оларды қалпына келтіру. Тағы бір функциясы – азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу. Іс жүзінде уәкіл барлық өтініш білдірген азаматтарға көмек көрсетеді. Сонымен қатар, азаматтарға құқықтары мен оны қорғау мүмкіндіктері туралы түсініктеме беруге, өзге де құқықтық ақпаратты түсіндіруге атсалысады. Қысқасы, заңды құқығын білген адамды бес қаруы сай адам деуге болады. Сондықтан бес қаруым сай болсын десеңіз, заңды өзіңіз үшін оқып, оны тиімді пайдалана білгеніңіз абзал. Сонда ғана алаяқтық, жемқорлық сияқты теріс әрекеттерден аулақ жүресіз.

Наталья ҚОЖАБЕКОВА,
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 
Түркістан облысы бойынша өкілі.

Пікір қалдырыңыз