«Жайлы мектеп» қандай мектеп?

Ерлан ҚУАНДЫҚ, «Оңтүстік Қазақстан».
Президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Ол туралы алғаш екі жыл бұрын Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылды. Мұндағы «Жайлы мектеп» деген қандай мектеп? Оның қазіргі қолданыстағы білім ордаларынан қандай айырмашылығы бар? Пайдасы неде? Әлде оқу бағдарламасы бөлек пе? Бұл бағдарлама да отыз екі жылда он сегіз министрі ауысқан білім саласында бұған дейін қабылданған сүреңсіз реформалардың күйін кешпесіне кім кепіл? Ендеше, өзекті тақырып төңірегіндегі осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қазір 7859 мектеп бар. Онда 3,9 млн. бала оқиды. Ал, 360 мың оқушы биыл бірінші сыныпқа барды. Республика бойынша 270 мың балаға мектепте орын жетіспейді. Мектеп тапшылығы, әсіресе, Алматы, Түркістан облысында, одан кейін Астана, Шымкент, Алматы қалаларында қатты сезіледі. Сала мамандары 2026 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 млн. 100 мыңға жетуі мүмкін дейді. Демек, Ұлттық жоба аясында салынатын 369 мектеп те мәселені түбегейлі шешпейді деген сөз. Ал, Қазақстанда соңғы 30 жылда 1600 мектеп жабылған...
Мойындау керек, кезінде еліміздегі демографиялық ахуал дұрыс зерттелмеді. Ауылдан қалаға қоныс аударушылардың беталысы жіті зерттелмеуі үш ауысымды мектептер мәселесін ушықтырды. Ол туралы Мемлекет басшысы: «Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс» деді.
Кейінгі 10 жылда мектеп оқушыларының контингенті 1 млн. балаға өскен. Оған урбанизация, көші-қон, мектеп ғимараттарының тозуын қосыңыз. Әсіресе, қалаларда қосымша орын қажеттілігі қатты сезіледі.
Ұлттық жоба еліміздегі оқушы орындары тапшылығын шешуге, апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін жоюға бағытталған. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылмақ. Бұл ретте 163 мектеп ауылдық жерлерде салынады. Осыны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн. теңге бөлу көзделген. Оның ішінде былтыр «Samruk-Kazyna Construction» компаниясына тиісті көлемде қаржы аударылды.
«Жайлы мектеп» жобасы бойынша ең көп мектеп Түркістан облысында салынады.
Пилоттық жоба аясында облыста 2023-2025 жылдары сыйымдылығы 49 мың орынды 63 заманауи мектеп құрылысын салу жоспарланған. 2024-2025 жылдары пайдалануға берілетін
29 жайлы мектепке (22900 орынды) 21071 оқушы қабылданбақ. Осы 29 мектептің 22-сі жаңадан ашылады. Олардың 7-уі апаттық, ескі қолданыстағы мектептің орнына салынады. Онда 2505 педагог жұмыс істейді.
Қолданыстағы нормаларға сәйкес 4 жайлы мектептің директоры тағайындалған. Оның 3-еуі Президенттік жастар кадрлық резервінен алынған. Жайлы мектептер педагогтарының біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісімшарт негізінде қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде. Жалпы, 1904 педагогты оқыту бойынша келісімшарт жасалыпты. Сондай-ақ, «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» 160 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтіп жатыр.
Мамандар не дейді?
«Жайлы мектеп» сіздің түсінігіңізде қандай болмақ? Оның қатардағы мектептерден айырмашылығы неде? Оқушыларға не береді, пайдасы қайсы? Білікті мамандар табылады деп ойлайсыз ба? Жалпы, бір мектепке ерекше статус беру, жағдай жасау, дәрежесін көтеру басқа мектептерді шеттету болып көрінбей ме деген сауалды саладағы білікті мамандардың өздеріне қойдық.
Жандос Маханбетұлы, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Бұл – ерекше жоба. Бағыт – айқын. Заманауи мектептердің құрылысын барынша тездету үшін жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс. Бұл жоба білім сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жайлы мектептерде балаларға барынша қолайлы жағдай жасалады. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан сапалы білім беретін оқу орындарының санын арттыру аса маңызды. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптар үшін жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру. «Жайлы мектептердің» директорынан бастап, мұғалімдеріне дейін арнайы тәртіппен қабылданады. Олар тиісті оқудан өтеді. Сондай- ақ берілетін білім сапасын бақылауға қатысты үлкен жұмыс жүргіземіз. Мектеп білімінің мазмұны жасақталған және мұғалім оны бағалайды. Оның ішінде формативтік, суммативтік бағалау түрлері бар. Одан бөлек, мектепішілік бақылау жүргізіледі. «Жайлы мектептерде» сыртқы бағалау жүйесі де енгізіледі. Қазақстанда ұлттық бағалау жүйесі құрылғанын білеміз. Сыртқы бағалау арқылы білім беру деңгейін зерттеп, зерделеп отырамыз. Сонда оқушының білім сапасы тек мұғалім қойған бағамен ғана емес, сыртқы бағалау арқылы да анықталады.
Алайда, бұған кереғар пікірдегілер де жоқ емес.
Темірхан Әбдіков, ардагер ұстаз, ҚР Оқу ісінің үздігі, Арыс қаласының құрметті азаматы:
– Жалпы, осындай ерекше мектептер жайлы әңгіме қозғалғанда, алдымен ол білім ордасының қатардағы мектептерден айырмашылығына үңілу керек. «Жайлы мектептерді іске қосу арқылы облыстағы апаттық және үш ауысымды мектептерді жою жүзеге асырылады» деп айтылуда. Жағымды естіледі. Алғашқы жайлы мектеп Астанада 7,5 млрд. теңгеге салынғанын білеміз. Ол қаржыға қатардағы 2 мектеп салуға болады. Тіпті, ақша артылып қалады. Үш ауысым мәселесі қайсысында көп шешіледі сонда, қатардағы екі мектепте емес пе? Президент 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз деді. Тым болмағанда осыншасы зәулім, заманауи әрі жайлы ғимаратта оқыса деген ізгі ниет шығар. Бірақ, олай болса, оқу бағдарламасында да өзгеріс болғаны дұрыс емес пе? Мәселен, дарынды балаларды оқыту немесе инклюзивті оқыту дегендей. «Жайлы мектептердің» директорынан бастап, мұғалімдеріне дейін арнайы тәртіппен қабылданады, олар тиісті оқудан өтеді дегенді естіп қалдық. Бұл талап қатардағы мектептерге де тиесілі норма ғой.
Негізінен, мемлекет кез келген мектепті жайлы, заманауи етіп салуға міндетті. Қазіргі жайлы мектептер үшін деп бөле-жара айтылып отырған қауіпсіздік мәселесі қатардағы кез келген мектепте болуға тиіс талап. Өкінішке қарай, мектептерді түгел жайлыға көшіру әзірге мүмкін болмай тұр. Бюджет әлеуеті, шамасы дегенге тіреледі. Жалпы, бір мектепке ерекше статус беру, өзгеше жағдайын жасау, дәрежесін көтеру қатардағы басқа мектеп оқушылары мен ұстаздарының көңіліне қаяу түсіреді, белгілі бір дәрежеде шеттету көрінісі деп ойлаймын.
«Жайлы мектептің» артықшылығы неде?
Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдары болады. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау орнату көзделген. Ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылығы мен демалуына жағдай жасалады. Мектептерде физика, химия, биология және робототехника пәндерінен заманауи кабинеттер ашылады. Оларға touch-экрандар орнатылып, жылдамдығы жоғары интернетке қосылады. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады. Қазір 1200 орынды мектептерде тек бір ғана спорт залы болса, жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдары болады. Мұғалімдерге де жағдай жасалмақ. Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Бұрын мектепті қаржыландыруға байланысты аудандық, облыстық бюджетте проблемалар туындаса, қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, құрылыс бақыланып, дирекцияның үйлестіруі арқылы салынбақ. Төртіншіден, іштен бөлек, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын-ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешіледі. Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталады. Елдің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалайды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.
ТҮЙІН. Аталмыш жобаға ұлттық қорға қол салып, триллиондар алынатыны айтылды. Жобаның түпкі мақсаты, идеясы, әрине, жақсы. Тек, бағасы тым қымбат емес пе дейсің. Кейбір мамандар айтқандай, бір жайлы мектептің орнына екі жай мектеп салған жөн бе еді? Асығыстыққа бой ұрмасақ деген ниет қана біздікі. Осындай бағада бізге жайлы мектеп қажет пе деген сұрақ сараланып, «иә» мен «жоқ» томыртқаланып шешім шыққанда дұрыс болмас па еді? Осы біз «жеті рет өлшеп, бір рет кестік пе?». Сіз қалай ойлайсыз?