Бізге керегі – бесаспап маман

Аман Жайымбетов,
«Оңтүстік Қазақстан».
Көршіміз үйін үлкейтетін болды да, ерте көктемде шатырын жел ұшырғандай ашып тастады. Содан ала жаздай ашық тұрған үй таяуда, онда да бір-екі рет жаңбыр сіркірегеннен кейін барып әрең жабылды. Сөйтсек, шатыр жабатын ұстаның қызметіне күнілгеріден жазылып қоймасаң, күнің қараң болатын көрінеді.
Сонда қалай, еркек атаулыдан екінің бірі меңгеруі тиіс кәсіпті, шын мәнінде де, бүгінгі еркеккіндіктілер ұмыта бастағаны ма? Әлде, балға ұстап, шеге қағу соншалықты қиын болып па? Бұрындары есік алдындағы ұсақ-түйек жұмыстар сол үйдегі бақабастылардан-ақ артылмайтын еді. Қазір ақсаусақ еркектердің көбейгені сонша, тіпті, есіктің топсасын ауыстыру үшін де ақша шығындап, ұста іздеп әлекке түсетін болдық. Жарайды, кейінгі жастардың жұмысқа икемсіздігін айтып, жамандай бергеннен ешкім де жақсысын бере қоймас, бірақ біздің елде ағаш ұстасын дайындайтын арнайы оқу орындарын жылда сан мыңдаған маман бітіріп шығады емес пе, олар не бітіріп жүр деген сауал туады. Осы ретте осыдан біраз жыл бұрын колледжге оқуға түскен жамағайынның баласы есімізге түсіп, соны сұрастыра бастадық. Обалы нешік, оқуын ойдағыдай бітіріп, «ағаш ұстасы» деген диплом алған танысымызды оңай таптық. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде мүлдем басқа салада жұмыс істейді екен. «Жиһаз цехында жұмыс істеп көрдім, айлығы тым аз болған соң лаваш орталығына ауысып кеттім. Күндігіне сегіз мың теңге төлейді, айлыққа шаққанда екі жүз елу мыңдай аламын. Ал, цехтағы айлығым мұның жартысына да жетпейтін еді». Бұл – бір ғана маманның пікірі. Үш-төрт жыл бір саланы оқып, бірақ «бақытын» басқа саладан тапқан мұндай мамандар біздің елде көптеп саналса керек. Осыны білмек болып, кейіпкерімізді тағы да сөзге тарттық. «Әу баста біздің группада он алты бала оқыдық. Бірақ, соның сегізі ғана бітіріп шықтық. Сол сегіздің екеуі осы салада жұмыс істеп жүр. Қалғаны болашағын басқа саламен байланыстырып кетті». Міне, осыдан-ақ дипломды мамандардың қайда жүргенін бағамдай беруге болады.
Жалпы, кейінгі кезде орта арнаулы мамандарға сұраныс арта бастағаны рас. Кеңес өкіметі кезінде әр баланың қарым-қабілетіне қарай мамандық таңдауына мүмкіндік жасалатын. Қазір қалайда жоғары оқу орнын бітіру керек деген көзқарас қалыптасты. Елімізде жыл сайын жүз мыңдаған түлек мектеп бітіріп шықса, соның сексен пайызы жоғары оқу орындарын таңдап, қалған жиырма пайызға жетер-жетпесі ғана кәсіптік білім алады екен. Осылайша бүгінгі қоғам санаға сіңіретін «жоғары білімді маман болу» қағидаты көп жастардың өзінің оң жамбасына келетін мамандықты таңдауына кедергі болып отыр. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрмыстық қызмет көрсету саласына оқуға баратындар аз болған соң, елімізде осы сала мамандарына сұраныс көп. Тіпті, олардың айлық жалақысы кейбір вакансиясы көп жоғары білімді мамандардан да артық болып тұр. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуі бойынша, қазіргі жұмыс беру нарығы отыз пайыз жоғары білімді маманды, ал, жетпіс пайыз арнаулы кәсіп иелерін қалайды екен. Біздің еңбек нарығының неден ұтылып жатқанын осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Көбіне біз өзімізге үлгі тұтатын өркениетті елдерде керісінше, сұранысқа қарай орта арнаулы мамандар көптеп даярланады.
Бұрын екінің бірі қол жеткізе алмайтын жоғары оқу орындарына түсу бүгінде қолжетімді болған соң, ата-ана сауаты шамалы болса да өз «жүгермегінің» университет бітіргенін жөн көреді.
Білім беру ақша табудың көзіне айналған заманда амалдап диплом алу да қиын емес шығар, бірақ, білім-білігі төмен мамандарды көбейте бергеннен не ұтамыз? Жасыратыны жоқ, кейбір жоғары оқу орындарының материалдық базасы талапқа сай келмейді. Диплом сату сәнге айналған кезеңде көптеген кәсіптік-техникалық оқу орындары жекеге сатылып, артынша аты дардай оқу орындарына айналып шыға келді. Соны «бітірген» мамандар дипломына сай жұмыс істеуге қабілеті жетпей, қара жұмыс істеуге жоғары білімді болған соң намысы жібермей, екі ортада дипломды жұмыссыздардың қатарын көбейтіп жүр. Ал, статистикаға сүйенсеңіз, жоғары білім алған жастардың пәлен пайызы жұмыспен қамтылған...
Жоғары оқу орындарының басты міндеті – білім беру ғана емес, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, яғни жұмыс табуына жағдай жасауы тиіс.
Біздегі көптеген оқу орындары түлектер диплом қорғап жатқанда «жұмыс істеймін» деген бір тілім анықтама қағазын алып келуді сұрайды. Студент әлі жұмысқа тұрмаса да әлгі анықтаманы өткізуі керек. Бұл – оқу орнының түлектері сұранысқа ие, жұмыспен толық қамтамасыз етілген деген имидж қалыптастыру үшін қажет. Ал, шын мәнінде өз мамандығы бойынша жұмыс таппаған түлек амалсыз өзге салада еңбектенуге мәжбүр. Осылайша, қатырма қағаз – дипломды қаптатқанмен, кадр тапшылығы шешілмей тұр.
Кезінде жұрттың бәрі «Жоғары білімді» атану үшін университет жағалап кеткен заманда техникалық оқу орындарының алды талан-таражға түсіп, қалғаны ілдебайлап күн көріп жатты. Екі мыңыншы жылдары Шардара ауданындағы №16 колледждің де тағдыры қыл үстінде тұрған. Материалдық базасы тозып, білікті мамандары басқа салаға ауысып жатқан оқу орнының тізгінін Зәкірхан Талбидин қолға алды. Өзінің тракторын колледждің базасына беріп, ондағы студенттердің практикалық тұрғыдан дұрыс дәріс алуына жағдай жасады. Қай салаға қандай мамандық жетіспейтінін зерттеп жүріп, сол олқылықтардың орнын толтыруға күш салды. Көп өтпей-ақ колледж түлектеріне сұраныс арта бастады. Бүгінде облыстағы мақтаулы оқу орындарының біріне айналған колледж өтпелі кезеңнен осылай өтті. Қазір заман талабына сай сенімгерлік басқаруға беріліп, «Хамит» өндірістік кооперативі өздеріне керекті мамандарды осы жерде даярлайды. Ал, алмағайып заманда қарашаңырақ оқу орнын талан-таражға түсуден сақтап қалып, жиырма жылдай басшылық еткен Зәкірхан Талбидин ағамыз бүгінде зейнет демалысында.
Негізі жұмыссыздықты жою мен еңбек нарығындағы тапшылық мәселесін орта арнаулы мамандарды көптеп даярлау арқылы оңтайлы шешуге болатыны анық. Бірақ, ол үшін колледждерде соған лайық база болуы тиіс. Осы ретте біз бір-екі оқу орнына барып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық.
Іргесі осыдан алпыс жыл бұрын кәсіптік-техникалық училище болып қаланған бүгінгі энергетика және байланыс колледжі он төрт біліктілік бойынша маман даярлайды. Атап айтсақ, «Басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету және мұрағаттану. «Офис–менеджер», «Ic қағаз жүргізушісі», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер», «Компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы», «Электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электр слесарі, «Техник- электронщик», «Телекоммуникациялық жабдықтар мен байланыс арналарын электромонтаждаушы-реттеуші», «Пошта байланысының операторы», «Автомобиль жөндеу слесарі», «Электргазымен дәнекерлеуші» және «Слесарь-сантехник».
Колледж директоры Ләззат Асылбекованың айтуынша, түлектер ертеңгі күні жұмыспен қамтылуы үшін тиісті мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істейді. «Біз сексеннен астам өндірістік кәсіпорынмен меморандумдар негізінде тығыз жұмыс істейміз. Олардың ішінде Шымкент қалалық мемлекеттік архиві, «Қазпошта», «Қазақтелеком» акционерлік қоғамдары, «Транстелеком», «Бителеком», «Ай сервис Транс» ЖШС-тері, «Жебе» баспа үйі», «Шымкент механикалық зауыты» және көптеген басқа кәсіпорындар бар» дейді директор.
Аталған колледж еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау мақсатындағы «Жас маман» жобасына қатысушы еліміздегі 180 колледждің бірі болып табылады.
Ал, сексен жылдық тарихы бар индустриалды-техникалық колледжге келсек, мұнда жеті біліктілік бойынша білім беріледі. Бүгінде онда «Бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесарь», «Токарь», «Электргазымен дәнекерлеуші», «Электромонтер», «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» және «Автомобиль жөндеуші слесарь» мамандықтары бойынша екі мыңға жуық студент білім алуда. Оқу орнына басшылық ететін Тілепалды Исахметовтің айтуынша, соңғы кездері арнайы кәсіптік білім алуға ынталы жастардың қатары айтарлықтай өскен. «Жасыратыны жоқ, бұрындары кәсіптік білім алуға қызығатындар көп емес еді. 2015 жылдан бастап білім алушылар саны арта бастады. Оған нақты дәлел, осыдан он жыл бұрын біздің колледжде небәрі 900 студент білім алған болса, биыл көрсеткіш екі есе ұлғайды. Яғни бүгінгі таңда жеті мамандық бойынша 1925 студент білім алып жүр».
...Келесі жыл Президент Жолдауында «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Мұның өзі осы саладағы олқы тұстардың орнын толтырып, кем-кетігін түзететін шығар деген сенім ұялатады. Қалай айтқанда да, бізге жұмысшы мамандар санын арттыру қажет.