Саяси реформалар мәслихаттардың құзыретін кеңейтті
Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру.
Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елордада мәслихат депутаттарының ІІ
республикалық форумында сөйлеген сөзін ықыласпен тыңдадық. Президент 2022 жылы референдум арқылы
Конституцияға енгізілген ауқымды өзгерістердің нәтижесі туралы баяндады.
«2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды
өзгерістер енгіздік. Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейттік. Жалпы, билік
тармақтарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдадық. Онда жергілікті
өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы
аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен
сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді
деп сеніммен айта аламыз» деді Мемлекет басшысы.
Ауқымды
реформаның нәтижесінде елімізде саяси бәсеке жанданды. Алты саяси партияның
өкілдері депутат мандатына ие болды.
«Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық
тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған
азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі таңда
өкілді билікте әйелдердің қатары да көбейе түсті. Нәзік жандардың құқығын
қорғауға баса назар аударылуы да реформаның нақты нәтижесі екені сөзсіз.
Сонымен
бірге, депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы
қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Олар азаматтар көтеретін мәселелерді
бақылауда ұстауы қажет.
Мемлекет
басшысы Қазақстанның болашағы — жастардың қолында екенін тілге тиек етті. Сондықтан
балалардың денсаулығына, олардың білімі мен тәрбиесіне қатысты нақты шаралар
қабылданып, яғни қаражат бөліп, қажетті инфрақұрылым салынуда.
Дегенмен
қазіргідей заманауи технологиялар дамыған кезеңде ата-аналар балаларының
тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы тиістігін, ұл-қыздарына көңіл бөліп, бірге уақыт өткізуі,
оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесуі маңызды екендігіне тоқталды. «Баланың
смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау
қажет» деді Президент.
Мұнан бөлек, мәслихаттардың жергілікті
экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мәселесіне айрықша назар аудару
керек. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін
қайта қарауы тиіс. Бұл тұрғыда жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді
бөлінуі өте маңызды. Президент қазір
республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатқанын атап өтті.
«Мен Жолдауда
Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым.
Себебі, бұл — жалпыұлттық міндет. Оған барлық деңгейдегі билік тармақтары күш
жұмылдыруға тиіс» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бүгінде
ауыл әкімін тікелей сайлау тәсілі қолданылып жатқаны жасырын емес. Сондай-ақ
аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилоттық жоба
ретінде сынау да қолға алынды. Осылайша, елімізде басты билік тармақтары түгел
сайлау жүйесіне көшті. Жалпы, әкімдерді тікелей сайлау жүйесі Қазақстанда жаңа
саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашқаны мәлім. Ендігі жерде мәслихаттар мен
әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек.
Президент:
«Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе.
Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар.
Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке
айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине,
ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді.
Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға
да ортақ міндет. Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы
пікір алмаса білуі керек. Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға
жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауға тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі
популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Қоғамның сынынан және батыл
шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті
мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет.
Тағы да қайталап айтамын. Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік
саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру. Мәслихат
депутаттарының жұмысындағы басым бағыттарға қатысты менің пайымым осындай»
деді.
Шынында кейбір блогерлердің өрескел әрекетіне
көз жұма қарау дұрыс емес. Бәрі де заң шеңберінен аспауы керек. Мұны кәсіби
журналистер жақсы түсінгенімен, блогерлер көп жағдайда өзімбілермендікке
салынатынын көзіміз көріп келеді.
Қазіргі таңда елімізде түрлі реформалар болып
жатыр. Сол реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша екендігіне тоқталған Президент: «Мәслихаттардың
мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өздері
түрлі бастама көтеруі маңызды» деді.
Сонымен қатар
Мемлекет басшысы Amanat партиясының қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге
бағытталған жобаларын ерекше атады. Үкіметке «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл
аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейтуге көмектесуді тапсырғаны форум
барысында белгілі болды.
Келесі жылды
Президент Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялайтынын мәлімдеді. Адал еңбекпен
күнін көріп жүрген адамдар үшін бұл бір жағымды жаңалық болғаны анық. Қ.Тоқаев
осы арқылы қоғамда еңбек құндылығы мен кәсіби біліктіліктің орнығуына ықпал етуге
болатынына сенім білдірді.
Ал, АЭС
құрылысы туралы жалпыұлттық референдум Қазақстанда соңғы бес жылда болған
ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының
жарқын көрінісі. Президент әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін азаматтар қолдап
дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі
жобаға айналатынын айтты. Дегенмен, атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді
жоба. Президент атап өткендей, демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен
болашақ ұрпақ көреді.
Сөз соңында
Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамда тазалық мәдениеті орнығуы қажет екенін атап өтті.
Осыған орай, биыл елімізде «Таза Қазақстан» жобасы қолға алынды. Бұл – өте
маңызды бастама. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы
жалғасуға тиіс екенін айтты.
О.САЛИБЕКОВ,
облыстық білім
басқармасының «№ 11 санаториялық мектеп-интернаты» КММ директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары,