Соқпақбаевтың соны соқпақтары

Бердібек Соқпақбаев әдебиетке келген алғашқы қадамынан бастап-ақ өзінің талантымен  оқырман назарына ілікті. Өмір шындығы мен жазушылық суреткерлікті сәтті ұштастыра білген қаламгердің бас кейіпкерлері, балалар мен жасөсіпірімдер. Оларда қамтылатын көркем уақыт – отызыншы-алпысыншы жылдардағы қазақ ауылы мен қаласындағы реалистік өмір суреттері. Жазушы қаламына ілінген тақырыптар – отызыншы жылдардағы, Ұлы Отан соғысы уақытындағы қиыншылықтар, одан кейінгі кезеңдегі ауыл өмірінің тіршілік-тынысы және жастар махаббаты.  

Бердібек шығармашылығы – өзіндік сырлы бояуы айқын, көркемдігі басым шыншыл шығармашылық. Балаларға арнап жазып, балалар жазушысы атанғанымен, оның әңгіме-повестерін  жас пен кәрінің бәрі бірдей сүйіп оқиды. Осының өзі-ақ   Б.Соқпақбаевтың қалың оқырманның махаббатына бөленген халықтық жазушы екендігінің дәлелі. Қазақ балаларының арасында Бердібек Соқпақбаевтай кең танылған жазушы сирек. Тіліндегі ойнақылық, езу жиғызбас юмор, кейіпкерінің ұшқыр қиялшылдығы, тапқырлығы мен тентектігі, ең бастысы, автордың да, кейіпкердің де адамға деген шексіз махаббаты сияқты факторлар – Б.Соқпақбаев шығармашылығының басты қасиеттері. Қай туындысы болса да, оқушысын үнемі еліктіріп, қашан аяғына жеткенше бас көтертпейді. 
Бердібек Соқпақбаев балалық, жастық шақтарында басынан көптеген қиындықтарды өткізгенімен, жазушылық қадамын бірден сәтті бастап, оқырманның сүйіспеншілігін иеленген жазушы деп айтуға болады. Жазушының мөлдір таза әшекейлі тілі шығармадан шығармаға шыңдалып, шымырланып, шеберлене берді. «Алыстағы ауылда», «Он алты жасар чемпион»,  «Менің атым Қожа» повестерінің әрқайсысы кезінде қазақ балалар әдебиетінің көкжиегін кеңейткен, идеялық көркемдік жаңалық әкелген айтулы шығармалар еді. Кеңес әдебиетіндегі жағымды кейіпкер жеңіп, жағымсыз кейіпкер жеңіліп жататын жаттанды схеманы алғаш бұзғандардың бірі де – осы қаламгер. 
  Бір назар аударатын нәрсе – Б.Соқпақбаевтың балаларға арнап жазған шығармаларының өзін ересек оқырмандар да қызыға оқиды. Мысалы, оның «Балалық шаққа саяхат» повесі жас оқырмандарға арналып жазылғанымен, оның бойынан оқырмандардың барлық санаты таба алатын көркемдік қасиеттер  молынан кездеседі. Жазушы балалық шағына ойша саяхат жасай отырып, өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары қазақ ауылында орын алған  оқиғаларды әр қырынан алып суреттейді. 
Бұл кезеңнің отырықшыландыру, байлардың мал-мүлкін тәркілеу, колхоздастыру және осындай саяси-экономикалық асыра сілтеудің  салдарынан орын алған ашаршылық жылдары екендігі белгілі. Кеңес әдебиетінде бұл тақырып  сексенінші жылдардың ортасына дейін жабық тақырып ретінде айтылмай келді. Соған қарамастан, сол кезеңнің қазақ халқына әкелген қасіретін Б.Соқпақбаев өзінің осы туындысында жекелеген эпизодтар мен штрихтар арқылы сездіріп өтеді. Жаңа өмір, социализм орнатамыз деген жалаң ұранмен қазақ ауылдарын ашаршылыққа, күйсіздікке ұшырағанын жазушы нақты өмір детальдары арқылы қисынды жеткізген.  «... Бір күні оқудан тағы да ішім-ішіме қабысып, әрең келдім. Ауырып жатқан шешеме өлімсірей қарадым. Шешем үнсіз. Пәлен жерде мен үшін сақталып қойылған бір уыс бидай барын айтпады. Үйде ауызға салар түк қалмағанын бірден білдім». 
Бұл – бірінші кездесіп отырған жағдай емес». 
Бұл – отызыншы жылдардағы ашаршылық жайлаған ауыл адамдарының  ауыр тұрмысы. Атақты деген қаламгерлердің өздері бұл тақырыпты аттап өтіп жатқанда, өзінің басынан кешкен қатыгез өмірдің шындығы арқылы жазушы оқушының көз алдына ашаршылық жылдарындағы қазақ ауылының жанды суретін әкеледі.  
Жазушының  қай шығармасында да бас кейіпкерді былай қойғанда, екінші қатарда аталып өтетін жанама кейіпкерлердің өздері оқырман есінде қалатын деңгейде. Оқиғаның дамуына қарай бірі көбірек, бірі азырақ көрінгенімен, әрқайсысы бір көркемдік жүк арқалайды. Осы шығармадағы бас кейіпкердің әкесі мен шешесі, ағалары, інісі әрқайсысы өз қалпымен еш боямасыз, әсірелеусіз, өмірде қандай болса, сол күйлерімен кітап бетіне көше салған. «...Мен әкеме риза едім... жасы бұл кезде отызды орталап қалған. Соған қарамастан, жүріс-тұрысы қарт адамдікі тәрізді. Ырғалып-жырғалып, ол қозғалып болғанша, өмір керуені біраз жерге барып та үлгереді...».
Міне, шымшыма әзілмен  айтылған осы жолдардағы кейіпкер портреті тасқа қашалып жазылғандай айқын. 
Б.Соқпақбаев шығармашылығының бір артықшылығы да осындай орынды айтылған таусылмас юморында.  
Б.Соқпақбаев қаламынан туған Қожа, Сұлтан, Жанар, Жантас («Менің атым Қожа»), Еркін, Ғалия («Өлгендер қайтып келмейді»), Бердібек, Сағатбай мұғалім, Жылқыбай, Қадиша («Балалық шаққа саяхат»), Аяжан, Нұрдәулет, Ораз («Аяжан»), Гауһар («Қайдасың, Гауһар?») және басқа да көптеген кейіпкерлер образдарының айқындылығымен есте қалады. Мейлі Қожа, мейлі Еркін, мейлі Жәнібек, мейлі Бердібек болсын, қай-қайсысы да – ой-қиялдары өте ұшқыр, өмірге деген құштарлығынан, сенімінен, оптимизмнен айрылмайтын, жолда кездескен қиыншылықтардың бәріне күліп қарайтын қайсар жандар. Олар бастарынан кешкен қандай қысталаң, бұралаң сәттерінде де мойымайды, таяқ жеп, қысастық көріп жүрсе де налымайды, әділеттілік үшін күресе біледі. 
 Өз заманында қазақ туындыларының ішіндегі ең көп оқылған шығарманың бірі – «Менің атым Қожа» повесі. Повестің жарыққа шыққан бетінде-ақ ондаған шет тілдерге аударылуы, қазақтың талантты кинорежиссері Абдолла Қарсақбаевтың осы повесть бойынша тамаша көркем фильм түсіріп, ол фильмнің халықаралық Канн кинофестивалінде жүлделі орын алуы кездейсоқ болмаса керек.
  «Менің атым Қожа» повесі оқиғасының қызықтылығымен, жас кейіпкерлерінің образдарының айқын бейнеленуімен тартымды. Әр нәрсеге ұрынып жүретін Қожа айналадағы жұрттың ренішін де, күлкісін де келтіріп отырады. Көңілі таза жас бала өзінің  кластас қызы Жанарды жанындай жақсы көреді, бірақ, ол сезімін білдіру тәсілдері күлкілі. Бұл қыздың қасынан көбінесе табылатын – бастықтың баласы Жантас. Қызды өзіне қарата алмаған Қожаның Сұлтан сияқты ерігіп бос жүрген ересек жеткіншекке үйір болуы, сөйтіп жүріп тағы да ұятты жағдайларға ұшырауы бір жағы кейіпкерге деген аяныш сезімін туғызады.
Повесть оқиғасының бірінші жақтан баяндалуы кейіпкердің жан  дүниесін ашуға өзінше тыныс береді. Адамның өзін-өзі бағындыра алмауы, әсіресе енді қалыптасу жолына бет алған жас баланың психологиясы айнымалы болуы да өмірде кездесетін жағдай. Оған мына үзіндіде Қожаның өзі туралы айтқаны соған дәлел: «Бұл менің түзелемін деп, өзіме-өзім бірінші рет уәде беруім емес. Талай рет уәде бердім, шындап бердім. Бірақ, қанша тыныш жүрейін деп тырыссам да, олай болмай шығады». Қожаның бұл арада ағынан жарылып отырғанына оқырман сенеді. 
Жазушының «Бурыл ат», «Қолғабыс», «Жол», «Мен қалай үйлендім», «Көйлек мәселесі», «Жалғыз бильярдшы», «Әріпбай немесе көкжал қасқыр» тәрізді тамаша әңгімелері – хас шебердің қолымен жазылған көркемдік дәрежелері өте жоғары дүниелер. «Ағаштар неге ашуланды?» тәрізді шағын шығармаларымен қаламгер ертегі жанрының дамуына да өз үлесін қосты. Бұл шығармаларда өз заманындағы өмір шындығы жас кейіпкерлердің көзімен беріліп отырады. 
Б.Соқпақбаев – аз сөзге көп мағына сыйғыза білетін шебер қаламгер. Оның шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – таза ұлттық бедермен жазылуында, кейіпкерлер бойындағы ұлттық мінез-құлық пен дүниетаным үнемі дерлік айқын көрініп отырады.

Нұрдәулет АҚЫШ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және  
өнер институтының бас ғылыми 
қызметкері, филология ғылымдарының доценті.


Пікір қалдырыңыз