Қарттарым – асыл қазынам!

Түркістанда 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі аталып өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңадан бой көтерген «Достық үйі» ғимаратында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек сіңірген ардагерлермен жүздесіп, еркін пікір алмасты. Өңірді дамыту жұмыстары мен көрсеткіштерге тоқталып, бұл игі жетістіктерде қазыналы қарттарымыздың да үлесі мол екенін атап өтті. 

– Сіздерді бүгінгі Халықаралық қарттар күнімен, мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құтттықтаймын! Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ежелден келе жатқан салтымыз. Сіздер отаншыл болмыстарыңызбен, аталы сөздеріңізбен ел бірлігін сақтауға үлес қосып жүрсіздер. Аға буынның мемлекетіміздің қалыптасуына, елдің барлық бағытта тұрақты дамуына, қоғамдағы ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі зор. Әсіресе, қайта жаңғырған Түркістан облысының жаңа тарихында есімдеріңіз құрметпен аталары анық. Өткен аптада Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақтағы жұмыстарды жоғары бағалады. Аға буынмен, зиялы қауыммен жүздесіп, ауызбіршілікті сақтап келе жатқан ардагерлерге алғыс білдіріп, еңбекқорлықты насихаттауға шақырды. Сіздер осы ұстанымға сай болып, еліміздің, облысымыздың дамуына үлес қосып келесіздер. Осы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін! – деді облыс әкімі.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына ұсынылды. Аталған заң, Түркістанның тарихи келбетін, Яссауи кесенесін сақтау, қаланың рухани бағытта өркендеуінің кепілі болмақ. Осы игі бастамаларды жүзеге асыруда ардагерлердің ақыл-кеңесі мен тәжірибесі назарға алынатынын атап өткен Дархан Сатыбалды бір топ ардагерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. 
Салтанатты жиында «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Түркістан облысының Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, Түлкібас аудандық әжелер алқасының төрайымы Күлбибі Ешенқұлова, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Төлеби аудандық филиалының төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевтар бәтуалы ойлар айтып, өңірді дамыту, ел бірлігін сақтау, руханият, ардагерлерге қолдау көрсету бағытындағы пікірлерін білдірді. 
Кездесу салтанатты іс-шараға ұласып, қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді. Мерекелік дастарқан басында концерт тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбегі еленген ардагерлерге алғыс хат табыстады. Жиын барысында бірқатар ардагер облыстық мәслихат пен «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының атынан марапатталды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ізгі лебізін білдіріп, төсбелгілер тапсырды. Облыстың 150-ден астам зейнеткері мен ардагер қатысқан мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. 
Түркістан өңірінде мерекеге орай 17-ші «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды. Екі жыл бұрын облыс орталығында дәл осындай алғашқы нысан пайдалануға берілген болатын. Орталықтың қызметіне зейнеткерлердің арасында сұраныс жоғары болуына байланысты биыл сәуір айында қаладағы «Бекзат» тұрғын алқабынан №1 филиалы ашылса, бүгін «Отырар» тұрғын алқабынан №2 филиалы қызмет көрсетуге дайын. Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды ардагерлерді қуанышты сәтпен құттықтады. 
Орталықтың ашылу салтанатында шаһардың ақсақалдары ақ батасын беріп, мемлекеттік қолдауға ризашылықтарын білдірді. Өңір басшысы ардагерлермен кездесіп, пікірлерін тыңдады. Орталықты аралап көріп, жұмысына сәттілік тіледі. 
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 22.02.2021 жылғы «Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» №47 бұйрығына сәйкес өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарын ашу тапсырылған. Негізгі мақсаты – ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту, зейнет жасындағы адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Орталықтарда күнделікті 60-70 зейнеткер, ал айына 120-150 адам тиісті қызметтерді пайдаланады. Жыл басында 3480 адамға қызмет көрсету жоспарланса, қазіргі таңда оған 2240 зейнеткер қамтылған. Орталықта қарияларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық және өзге де көмектер көрсетіледі. Қарттардың алаңсыз тынығып, салауатты өмір салтымен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.
 
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз