Ардагерлер алдыңғы қатардан табылады

Жыл сайын қазан айының басында атап өтілетін халықаралық қарттар күні мерекесінің орны ерекше. Адам баласы дүниеге келеді, балалық, жастық дәуренді бастан өткереді. Есейеді. Қартаяды. Қартая білу – ең үлкен қасиет. Иманды адам, жан-жүрегінде нұры мол кісі қартаюды намыс көрмейді. «Құдайға шүкір, қариялыққа да аман-есен жеттік, тәуба» деп шүкіршілік етеді.
Пейілі кең, еңбекпен есейген, адалдықты ту еткен, «Жаным – арымның садағасы» дейтін қасиеті биік қариялар киелі Түркістан өңірінде де аз емес. Қазақта «Қариясын ардақтаған ел азбайды» деген қанатты сөз бар. Үлкенді сыйлау, қартын құрметтеу – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Ол дінімізбен, ділімізбен, салт-дәстүрімізбен үйлесіп, үндесіп жатады.
Тәуелсіз еліміз аға буынға, ардагер ағалар мен апаларға, барша қарттарға қолдан келгенше қамқорлық жасап келеді. Өздеріңізге белгілі, зейнетақы жыл сайын қосылып жатыр. Мемлекеттік жәрдемақы молайды. Өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа дейін ұлғайды. Халқымыздың саны 20 миллионға жетті.
Облыстық ардагерлер кеңесін 17 аудан-қалалық ардагерлер кеңесіне біріктірілген 619 бастауыш (ауылдық) ардагерлер ұйымы құрайды. Қарияларымыздың арасында 11 ҰОС ардагері, 3522 тыл ардагері бар. Ардагерлер саны 2023 жылмен салыстырғанда 11733 адамға, 4%-ға өсті. Бастауыш ардагерлер ұйымы 536-дан 619-ға жетіп, яғни 83 ұйымға көбейді. Бастауыш ардагерлер ұйымдарының рөлін арттыру, жас ұрпақ тәрбиесіне және ардагерлер қозғалысының дамуына игілікті үлес қосып жүрген аудан-қалалардағы азаматтарымызға айтар алғысымыз мол.
Әсіресе, Қазығұрт, Келес, Жетісай, Түлкібас, Созақ аудандық және Арыс қалалық ардагерлер кеңесі төрағаларының нәтижелі жұмыстарын атап өткен жөн.
Қарияларға қамқорлық жасау ешқашан ұмыт қалған емес. Мысалы, Жеңіс мерекесі қарсаңында ҰОС ардагерлеріне бюджет есебінен
22,5 млн. теңге, тыл еңбеккерлеріне 142,2 млн. теңге көмек берілді. Тағдырдың жазуымен қартайған шағында жалғыз қалған қарияларымыз да мемлекет қамқорлығында. Атап айтқанда, 80 жастан асқан жалғызілікті 1605 қарияның зейнетақысына қосымша бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде көмек көрсетіліп, 235 ардагерді газет-журналдарға жеңілдікпен, ал, 4365-ін тегін жаздырдық. Санаториялық-курорттық емделуге 8427 ардагер жіберіліп, денсаулықтарын түзеді.
Өткен жылы «Әжелер алқасының» құрылғанына 10 жыл толуына орай барлық аудан, қалаларда және 528 елді мекенде іс-шаралар ұйымдастырылып, Түркістан қаласында «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» атты облыстық «Аялы әже» форумы өтті. Бұл құрылымның жұмысына облыста 75326-ға жуық белсенді, өнерлі, сан-саладағы еңбегімен елге сыйлы болған, өрелі ұл-қыз өсіріп, үлкен әулеттің киесіне айналып отырған абзал ана-әжелер қатысты. Олар жас ұрпаққа, қоғамға өмір сабағын үйретуде десек болады.
Бүгінгі таңда жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды, ата-ананың бала тәрбиесіндегі, отбасыдағы міндеті мен жауапкершілігін қалыптастыру маңызды. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, суицидтің азаюына ықпал ету ісінде де облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әкелер мектебі» маңызды рөл атқаруда. Барлық 17 аудан, қала, сондай-ақ, 902 білім ошағындағы аталған құрылым тәрбие жұмыстарын нәтижелі жүргізуде. Мектеп оқушыларының жас ерекшеліктері ескеріліп, «Тәрбие талбесіктен басталады» атты әдістемелік нұсқаулық дайындалып, таратылды.
Облыстық ардагерлер кеңесі Мемлекет басшысы қолдауын басшылыққа ала отырып, Созақ, Ордабасы, Келес, Жетісай аудандарында «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» тақырыбында облыстық көшпелі семинар ұйымдастырды. Осы орайда «Ананың туған күні», «Жарық дүниеде жалғызбын», «Жақсылық жасасаң...», «Ұрпақ тәрбиесінің тірегі – отбасы» тақырыптарында сахналық қойылымдар көрсетілді. Оны көпшілік зор ықыласпен қабылдады.
Ендігі міндет «Әкелер мектебі» мен «Әжелер алқасының» ұрпақ тәрбиесіндегі жұмыстарын бір арнаға тоғыстырып, «Ата – әулеттің тірегі, әже – ұрпақтың жүрегі» бағдарламасы аясында танымдық-тәрбиелік бағыттағы жұмыс жандандырылуы тиіс.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда тұрақтылықтың, бірлік пен татулықтың сақталып, нығаюына ардагерлердің қосқан үлесі аз емес. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деді.
Ардагерлер де осынау саптың алдыңғы қатарынан табылып, ұрпағымызды Қазақ елінің Мәңгілік ел болуы жолында еңбектенуіне аянбай атсалысады. Сіздердің әрқайсысыңыздың осындай ел ағасы, ел анасы, абыз қариясы бола алатындарыңызға біз сенеміз.
Ж.МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.