«Алақандағы құндылық»
«Құндылық» сөзін
әр адам әр түрлі түсінеді. Әлемде қанша адам болса, сонша түсінік болуы мүмкін.
Құндылық – баға
жетпес асыл ұлттық мұраны, халық
қазынасын, ана тілін, ел тарихы мен дәстүрін, туған жер топырағын деп айтуға
болады. Бұл құндылықтарымызды аялау әр адамның адами борышы. Осындай
асылдарымызды жаҺандану жолында жоғалтып
алмау бізге сын. Баға жетпес құндылықтарымыздың бағасын теңгемен өлшеп,
арзандатып алмау басты парызымыз. Асыл құндылықтарымызды алақандағыдай аялау міндетіміз
деп түсінемін. Уақыт өте келе, әр заманның өзіндік талабына байланысты,
ұлттық дәстүрмен бірге құндылықтар
туралы жалпы түсініктің де өзгеруі
мүмкін. Ж.Кустоның «Нарықтық
экономикада барлық нәрсенің құны бар, бірақ ешқайсысының құндылығы жоқ» дегеніндей, әлемдегі жүріп жатқан жаһандану үрдісіне
ілесеміз деп, құндылықтарымыздың көршілес алпауыт мемлекеттерге
жұтылып кету қаупі де ұлғая
түскендей. Бірақ ана
тілі, туған жер, ұлттық
дәстүр, ел тарихы сияқты құндылықтарға ешқашан нұқсан
тимеуі керек. Көзіміздің
қарашығындай қорғай білгенде
ғана ол құндылық болатыны анық. Сонда ғана
ұлтымыз ғасырлар бойы,
Жер бетінде құндылықтарынан күш
алып, мәңгілік
ұлт болып жасай бермек!
Ертеде бір ғұламаның шәкірті ұстазын
жаңылдырмақшы болыпты. Сөйтіп, бір көбелек ұстап алып, ұстазынан сұрапты:
"Көбелек тірі ме, әлде өлі ме?- " деп. Егер ұстазы "тірі"-
десе, көбелекті қысып өлтіріп, "жоқ, көбелек өлі"-деп, ал ұстазы "өлі" десе, "көбелек
тірі" деп, көбелекті көрсетпекші болыпты. Сонда ғұлама шәкіртінің сұрағына
«өлі не тірі болуы саған байланысты,
себебі көбелек сенің алақаныңда» депті. Ұстазын
шалындыра алмайтынына көзі жеткен шәкірті көбелекті қоя беріпті. Асыл
құндылықтарымыз да сол көбелек іспеттес тағдыры алақанымызда
тұр. Сондықтан қадіріне жетіп, аялай білейік! Оны келер ұрпаққа аманат ету
ұлттық борышымыз деп ойлаймын.
Жансая МАХАНБЕТ,
А. Макаренко атындағы №41
мектеп-лицейінің 8 «А» сынып оқушысы,
Шымкент қаласы.