Көліккөрпе жайлы білесіз бе?
Қыс түсіп, күн суытқаннан кейін кейбір автокөлік иелерінің әуре-сарсаңы басталады. Әсіресе, жылы гаражы жоқтарға қиын. Сәл тұрса көліктің суып қалуы, мұз қату қажытатыны рас. Ал, соңғы уақыттарда осы проблемалардың шешімін табуға көмектесетін көптеген пайдалы құрылғылар мен құралдар пайда болуда. Солардың бірі – көлік қозғалтқышын суықтан сақтайтын автокөрпе. Бұл неден жасалады, қандай артықшылығы бар және шынында да пайдалы ма?
Автокөрпенің көпшілігі Ресейден келеді және өзімізде өндірілген түрлері де бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, қазақстандық көрпелер арзанырақ. Ресейлік көрпелер қымбаттау және қолданып көргендер сапасы дұрысырақ екенін айтады. Одан бөлек, белоруссиялық түрі де кездеседі. Бұлар алдыңғы екеуінен ерекше қаптамасымен, жұқа әрі жеңілдігімен, сондай-ақ, қолдану нұсқаулығы және сертификаты болуымен ерекшеленеді.
Жалпы, барлық автокөрпе өндірушілер: «Автокөрпелер өртке қауіпсіз, улы зат бөлмейді, сондай-ақ, автокөлікке қолданылатын барлық сұйықтық түрлеріне шыдамды; қозғалтқыштың жылуын сақтап, оның тез қыздырылуына және баяу сууына ықпал етеді; автокөрпені орнату өте оңай және ешқандай да күтімді қажет етпейді, қосымша жұмыс туындатпайды» деп уәде береді екен.
Енді «автокөрпе қандай материалдан жасалады? Бұрыннан қолданылып келе жатқан киіз жапқыштар неге қолданылмайды?» деген сауалдарға жауап беріп көрелік. Себебі, киіздің көрінісі тартымсыз әрі шаң жинайды және күйекөбелек басады. Одан бөлек, киіз жапқыш немесе ескі көрпемен жабу қауіпсіз емес. Өйткені, қозғалтқыштың кейбір бөліктері жұмыс кезінде 700°C-қа дейін қызатындықтан, кез келген уақытта ұшқын шығып, өртенуі мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда отқа төзімді талшықтан жасалған арнайы автокөлік көрпелері тиімді. Мұндай жапқыштар автомобильдің сорғышын термостың бір түріне айналдырып, қозғалтқыштан жылы ауаны шығармайды. Тиісінше, бұл оның қызуын тездетеді және салқындатуды баяулатады.
Қолданушылардың пікірі мен түрлі өндірушілер берген ақпаратты зерттей келе, автокөлік көрпелерінің бірнеше түрлі жылытқыш материалдардан жасалатыны белгілі болды.
Киіз. Иә, кей өндірушілер көп бас қатырмастан көліккөрпе ішін жануарлар жүнімен толтыруды жөн көріпті. Бұл материалдың басты артықшылығы – жылуды сақтау деңгейі өте жоғары. Ал, кемшін тұсы – 300 градустан жоғары қызуды көтере алмайтыны.
Шыны талшық. Бағасы аса қымбатқа түспейтін, керемет жылуоқшаулағыш қасиетке ие, отқа төзімді материал. 800 градусқа дейінгі қызуды көтере алады.
Муллит-кремлеземисті материал. Атауы қиындау болғанымен, жаттап немесе жазып алып іздеуге тұрарлық. Химиялық және температуралық қорғаныс қабілеті өте күшті. Негізгі құрамдас бөліктері алюминий мен кремний оксиді қосылатын арнайы талшықтардан жасалады. 1300 градусқа дейінгі қызуға шыдас береді.
Қай материалдан болмасын тігілген автокөрпелер ыстыққа төзімділігі бар арнайы қаптамамен қапталып, синтетикалық жіппен тігіледі. Қаптамалар көбіне айна сынды шағылыстырғыш беттен тұрады, сол арқылы қозғалтқыштан шыққан жылуды өзіне қайтарады. Көлігіңізді автокөрпемен қымтағыңыз келсе, осы сипаттамаларға сүйене отырып, өз таңдауыңызды жасай аласыз. Тек өз көлігіңіздегі қозғалтқыштың өлшемін біліп алған артық болмас. Өйткені, көліккөрпелер түрлі марка, түрлі үлгілерге арналып тігіледі.